Кеңес үкіметінің көзін көрген көнекөздер 70 жыл бойына «Құдай» деген бір ауыз қасиетті сөзді емін-еркін айталмай өтті. Аузында кәлимасы, қолына тәспі ұстаған Құдай деген құлдарды, ишан, молда, қалпелерді түрлі жалған жалалармен айыптап құртты. Одан қалғанын қуғынға ұшыратып, Қытай асырды, не Ауған асырды деген – естеліктерді сол кезден қалған көнекөз қарттардан есітіп жатамыз. Кеңес үкіметі орнағанға дейінгі қазақ даласында жұмыс істеп тұрған мешіт, медрселерді қиратып, одан қалғанын компартияның пропагандасын насихаттайтын клуб, қойма, тіпті мал қамайтын атқора жасаған кездері де болған екен. Түгел Түркі жұртына ортақ пір болған қасиетті мекен Түркістанда жатқан Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен ұстазы болған Арыстан бабтың кесенелерін қираудың сәл-ақ алдынан аман алып қалған сол кездегі Мәдениет министрі болған Өзбекәлі Жәнібеков қолға алмаса, бүгінде сол қасиетті орындардың жағдайы бүгінгі күнге жетер жетпесі беймәлім болар еді.
1991 жылы сең бұзылып, ақ түйенің қарны жарылып, жұрттың аузы аққа тиіп, ел бір-бірінен сүйінші сұратқан, бұрыңғы өткендерге арман болған Тәуелсіздік қолға тиді. Егемендіктің келуімен діни ұстанымы әлмисақтан мұсылманмын деп келген қазақ қоғамы шүкір деп мешітке барып, жұмадан қалмай, бес уақытын түгелдейтіндей күнге жетті. Бірақ таудан аққан селдей құлап ел ішіне небір теріс діни бағытты ұстанған діни топтар кіріп келді. Тыңдап көрсең айтып тұрған құдайы бір, құраны бір, пайғамбары бір не болса да осылардың жолы дұрыс шығар деген оймен көптеген жасы бар, жасамысы бар, қариясына дейін сол теріс жолдарға жіпсіз байланғандар болды. Бұлардың қатарында елімізде заңмен тыйым салынған «Хизб ут-Тахрир», «Таблиғи Жамағат», «Ат-Такфир уәл-хижра» секілді діни экстремистік ұйымдар болды. Бұндай теріс діни бағыттардың ел ішін алатайдай бүлдіруіне 70 жыл бойына дінсіз қоғамды бастан өткерген кейінгі бос вакум қалыптасуы себеп болды. Ол уақыттарда діни салада маман жетіспеушілігі тағы бар еді. Сол уақыттарда дінді ұстанушы адамдарда діни иммунитеттің қалыптаспауы да жоғарыдағы жағымсыз жайларға себеп болды. Ащы да болса шындық неге өмірге қазақ болып келдім, араб болып келгенім де ғой дейтін азаматтар да болып жатты. Яғни дінді ұстануда сау ақылға салып, сыни пікір қалыптастырудың орнына сырты жылтырағанды алтын деуден танбады. Дінге тек сыртқы мағынамен қарап, діннің ішкі мазмұнын, идеясын тастап қоюда. Алла Елшісіне (с.а.с.) бір күні бір кісі келіп «Мұсылман деген кім?»,-деп сұрақ қойған екен. Сонда Алла Елшісі (с.а.с.): «Өзге адамға тілімен де ісімен де зиян тигізбеген адам»,-деп жауап берген екен. Шәкәрім қажы өз өлең жолдарында мұсылман деген кім? деген сауалға былайша жауап беріпті:
Хақ мұсылман кім болар –
Айтса сөзі шын болар.
Рахым, ұят, ар, ынсап –
Төртеуі болса дін болар
Жоғарыда келтірген араб болып тууды армандаған азаматтар мына нәрсені білгені дұрыс. Дін сау ақылға құрылады. Осыған байланысты Пайғамбар хадистері де, әуелі Құран аяты мен ақылға және өзге хадис шәріптерге қарсы келмеуі керек. Бұл кезінде хадис ғалымдарының Пайғамбар сөзіне анықтылықпен қарау мақсатымен пайда болған критикалық жүйесі болатын. Себебі Пайғамбар дүниеден өте салысымен-ақ жалған пайғамбарлар мен жалған хадис тарататындар белең ала бастаған болатын. Кейбір әсіре ұлтшылдық әрекеттерге байланысты, өзге ұлт өкілдеріне жеккөрінушілікті қоздыру мақсатында: «Жаннаттың тілі – парсы тілі», ал парсыларға жек көрінушілікті қоздыру үшін: «Алланың алдындағы ең жеккөрінішті тіл – парсы тілі» деген секілді жалған, шындыққа негізделмеген хадистерді ойлап таба берді. Ал араб ұлтының өзге ұлттардан жоғары екендігін насихаттау үшін «Анбәзә ибн Абдуррахман атты жеткізушісі бар хадисте: «Адамдардың жақсысы – арабтар, арабтардың жақсысы – құрайыш, құрайыштың жақсысы – һашим ұлдары....»,-деген жалған хадис болатын. Өйткені Анзәбә ибн Абдуррахман тарихта жалған хадисші деп айыпталған және Бұхари болса бұл кісіден хадис алынбайтындығын кесіп айтқан болатын. Осы сияқты тағы бір жалған хадисте: «Иахия ибн Азиб тізбегі Ибн Аббастан жеткен: «Арабтарды мына үш нәрсесі үшін жақсы көріңдер: Мен арабпын, Құран араб тілінде, жаннаттың тілі араб тілі» деген секілді жалған хадистер ел ішінде біраз адасушылыққа алып келген болатын. Себебі Алла Елшісі (с.а.с.) «Арабтың араб еместен ешқандай да айырмашылығы жоқ»,-деген сенімді сөзі жоғарыдағы түйін мәселенің шешімі болмақ. Құран Кәрімде Алла Тағала: «Мен сендерді түрлі ұлтпен ұлысқа жараттым. Бір-бірлеріңді тануларың үшін»,-деуі арқылы да әрбір ұлттың өзіндік дәстүрін, тілін бөлек жаратқанын айтып тұр емес пе? Демек мұсылман болу өзге ұлтқа еліктеу емес деген сөз.
Шәкәрім қажы бір өлеңінде: «Дін тазасын діннен ізде, дін шатағын сынға ал» деген екен. Сол себепті діни мәтіндерге келгенде аса сақтықпен қарап, тереңнен үңілмесек өзге біреудің сойылын соғарымыз нақ анық.
Қ.Қосмаханов
Түркістан облысы дін істері басқармасының
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің
теолог маманы
Дінді ұстанудағы сыни пайым