Дін – қоғам мен мемлекетті, ұлттар мен ұлыстарды ортақ идеялар мен құндылықтар төңірегіне топтастыратын сенім болумен қатар, бір мезгілде әлеуметтік алауыздықтар мен айырмашылықтарға түрткі беретін нәзік орта. Ондай алауыздықтардың орын алу себебінің бірі діни сауатсыздықтан туындайтыны баршамызға мәлім. Сондықтан мемлекет пен қоғамға жүктелген міндеттердің бірі дінге қызығушылық танытқан топтың басым бөлігі болып табылатын жастардың бойында ұлттық сана мен діни дүниетанымдық позицясын қалыптастыру.
Бүгінде әлем елдерінде дін мен оның құндылықтарының халық пен қоғам өміріндегі орнының маңызы артып отырғанын көріп отырмыз. Дін мемлекеттің негізін құраушы ең маңызды фактордың бірі болғандықтан, ішкі тұрақтылықтың да кепілі.
Біздің Қазақстан қоғамы руханилыққа ерекше жақын, ол халықтың дінге деген ықыласынан да көрінеді. Еліміздегі мемлекет құраушы қазақ халқының ата діні ислам екені баршаға белгілі. Мемлекет азаматтары болып табылатын еліміздегі өзге ұлт өкілдерінің де басым көпшілігі ислам дінін ұстанады. Сондықтан халық үшін маңызды болған нәрсе мемлекет үшін де маңызды.
Халқымыз ғасырлар бойы дінді руханилықтың негізі санап келді. Ұлттың рухани құндылықтары дін қағидаларымен үндесіп жатты. Ата дініміз – исламдағы адамгершілік, сыйластық, өзара құрмет, келісім, имандылық, білімге құштарлық, еңбекқорлық, отансүйгіштік, т.б. көптеген құндылықтар мен қасиеттер ұлтымыздың болмысында бұрыннан бар мінездермен астасып, рухани құндылықтардың қайталанбас кешенін құраған болатын. Яғни, дін руханияты дәстүрлі құндылықтарға негіз болып қаланды.
Қазіргі уақытта еліміздегі дін мәселесінің күн тәртібінде тұруына бір ғана себеп бар. Ол сенім мен танымға байланысты. Сенім Исламда бір, ол барлық әлемдегі мұсылмандарға ортақ. Яғни, Алла - бір, құран - шын, пайғамбар - хақ. Ал, танымға келсек әрбір мұсылман адам өзінің ұлттық дүниетанымдық көзқарастарымен таниды. Біздің ата-бабаларымыз да осы әдістерді қолданған. «Өкінішке қарай, қазіргі таңда Ислам дінін, құндылықтарын насихаттауда көптеген методологиялық қайшылықтар болғандықтан көпшілік арасында дінді түсіну қиынға соғуда. Әсіресе жастар арасында дәстүрлі діни танымынан ауытқып, дінді дәстүрден алшақтап, өз тарихы мен мәдениетін терістеу «бидғат», «ширк» деген сөздерді жиі естиміз. Діни танымды анықтайтын – өзіміз. Адамдар дінге бет бұрып жатса, онда алдымен діни сауатын арттыру қажет деп ойлаймыз».
Дін жалпы адам баласына жаман нәрсені үйреткен емес, дәстүрлі, ата дініміз ислам адамды қайрымдылыққа, мейрімділікке, кішіпейілдікке, құрметтеуге, адалдыққа, ешкімге зиян тигізбеуге, оқуға, білім алуға, жақсылыққа үйретеді.
Мысалы: Пайғамбармыздан (с.а.с.) жеткен хадисте: «Білім Қытайда болсада алыңдар» - деген, бұл жерде білімнің маңыздылығын айтып отыр.
Ал, кейінгі бір хадисінде Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Отанды сүю – иманнан» - деген, бұл хадистен отанды қорғау, отанға деген сүйіспеншілік, елге адал қызмет ету жүректен екенін діннің өзі құптап тұр.
Ендігі бір хадисінде Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Алланың разылығы – ата-ананың разылығында» - деген, осы хадисті анау бізді туып, осы күнге жеткізген әке-шешемізді ол жақсы-жаман болсын, мұсылман-христиан болсын солардың қызметінде, солардың ыстық-суығына, бар ауыртпалығына шыдау әрбір Алладан үміті бар адамға парыз екені тайға таңба басқандай көрсетіліп тұр.
Тағы бір хадисінде Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Бүлік шығару – өлімнен де ауыр күнә» - деп, татулықты, ауызбіршілікті, тыныштықты бұзудың дінде ең жаман істердің бірі екенін көрсетіп тұр.
Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаев: «Біз тегіміз – түрік, дініміз – ислам екенін ұмытпауымыз керек, ол үшін қасиетті кітап – Құран кәрімді насихаттауды естен шығармауымыз керек» - деген болатын. Патриоттық имандылық тәрбие алғандар адасудан бойын аулақ салатыны сөзсіз.
Н.Ә Назарбаев: «Ислам – дін ғана емес, ол – бізідің мәдениетіміз» - деген ойлы сөзін ескерсек, Ислам дінін рухани мәдениеттің де ошағы деп санауға мүмкіндік береді.
Халықтың әдет-ғұрып, салт-дәстүрінің өзі де, қай-қайсысы да Исламға негізделеді. «Әдеп», «мәдениет» сөздерінің өзі араб сөздері екенін көп жайыттан сыр ұқтырады. Қазақ тәрбиесіндегі әдептілік қағидалары Құран мен хадистерден алынып отыр. Хадис пен сүннет мұсылман қоғамының іргетасын қалап, бұл өмірде бағыт-бағдар көрсетуде темір қазық рөлін атқарды. Халық хадистердің мазмұнын мақалға айналдырып дәріптеді. Айталық, «өтіріктен сақтан, себебі өтірік пен иман бір жерде болмайды» - деген хадисті, «өтірікшіде иман жоқ» - деген мақалға айналдырып, өскелең ұрпаққа өтіріктен бойын аулақ ұстауды үйреткен.
Мейірім мен рақым-жалпы жаратылыстың түп негізі. Абай атамыз айтқандай «махабатпен жаратқан адамзатты» Алла тағала аса мейірімді және тым рақымды. Құрандағы барша сүре «Бисмиллаһир-рахманир-рахим» деп басталуы ең алдымен Ислам дініндегі Алла түсінігінен хабар беріп тұр. Жаратушының Рахман мен Рахим есімі рақымдылыққа тән бүкіл сипаттарды қамтиды. Жер бетіндегі тіршілік атаулының бәрі де Алланың Рахман есімін дәріптейді. Алла тағала осы Рахман есімі арқылы пенделерін мұсылман, кәпір деп бөліп жармай, қаншама күнә жасап, астамшылық танытса да жарылқап, ризық-несібесін беруде. Сондықтан, Құранда Алла тағаланың мейірімділігі мен рақымдылығына байланысты аяттар өте көп.
Сол үшін, нағыз мұсылман осы айтылған қағидаларды бәрінен жоғары қойып, Ислам пайғамбарының мейірімге толы ғұмырын терең біліп, одан үлгі алуы керек. Исламда сенім және ар-ождан бостандығы Ислам дінінің негізгі дәстүрі бойынша дінді зорлықпен қабылдату жоқ. Себебі, әркім иманға өз қалауымен, ықыласпен келуі керек.
Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің
Мақтаарал ауданындағы дінтанушы маманы Д.Аманов
Дін – тәрбиенің рухани тірегі