Дін саласын реттейтін құқықтық-нормативтік актілер
Дін саласын реттейтін құқықтық-нормативтік актілер
22.06.2021
875
0

КСРО ыдырап, Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алғаннан кейін 1992 жылы ҚР «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» Заңы қабылданды. Заңда көрсетілген талаптар мен көзделген мақсаттар сол кезеңдегі Қазақстан қоғамының нақты ахуалына негізделген болатын.

Мемлекеттің басты қазынасы – адам және адамның өмірі, оның құқықтары мен бостандықтары болғандықтан, азаматтардың діни сенім бостандығы конституциялық құқықтарының қатарынан орын алды. 1995 жылдың 30 тамызында қабылданған ҚР Конституциясына сәйкес азаматтарды тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тіліне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне байланысты, сондай-ақ басқа да жағдайларға қарап кемсiтуге тыйым салынды.

ҚР Конституциясы 1-бабының 1-тармағында «Қазақстан Республикасы өзiн демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырады» деп атап көрсетілді.

Конституциялық негіздегі «зайырлылық» ұғымы мемлекеттің барлық салаларда, соның ішінде дін саласында да ашық, айқын саясат ұстанатынын, азаматтардың ар-ождан бостандығын қамтамасыз ететінін, дін мен мемлекеттік саясатты араластырмайтынын білдіреді. Яғни зайырлылық – дінсіздік немесе дінді терістеушілік емес, ол – мемлекеттің діни емес, құқықтық қағидаттармен басқарылуы.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев: «Зайырлы мемлекет пен қоғам бұл – біздің тарихи таңдауымыз. Зайырлы атеистік дегенді білдірмейді. Зайырлы дегеніміз бұл – озық, толерантты, ашық қоғам. Біз дәстүрлі діндерге қолдау көрсетіп, кез келген экстремизм түрін үзілді-кесілді мойындамаймыз. Жастарды радикалды діни ағымдардан қорғауымыз қажеттігіне сенімдімін. Сондықтан, Қазақстанның діни қайраткерлері бұл жолда жұмыс атқарады деп ойлаймын» деп атап көрсетті.

Зайырлы мемлекетте діннің өзіндік орны бар. Дін мемлекеттен бөлінгенімен, халықтың болмысынан, тұрмыс-тіршілігінен бөліне алмайды. «Зайырлылық» ұғымы мемлекеттің дінге деген ұстанымының демократиялық сипатта екенін, діни сенім бостандығының қамтамасыз етілетінін танытады. Мемлекет пен діннің арақатынасындағы жанды байланыстар зайырлы және рухани-діни құндылықтардың арақатынасы негізінде орныққан.

Ата Заңымыздың 22-бабында былай делінген:

1. Әркімнің ар-ождан бостандығына құқығы бар.

2. Ар-ождан бостандығы құқығын жүзеге асыру жалпы адамдық және азаматтық құқықтар мен мемлекет алдындағы міндеттерге байланысты болмауға немесе оларды шектемеуге тиіс.

Сондай-ақ Конституцияда төмендегідей құқықтар көрсетілген:

- тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды (14-бап);

- әркім өзінің қай ұлтқа, қай партияға және қай дінге жататынын өзі анықтауға және оны көрсету-көрсетпеуге хақылы (19-бап);

- бұзуды, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіруді, соғысты, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық астамшылықты, сондай-ақ қатыгездік пен зорлық-зомбылыққа бас ұруды насихаттауға немесе үгіттеуге жол берілмейді (20-бап).

Тәуелсіздіктің алғашқы онжылдықтары ішінде еліміздің рухани-діни келбеті елеулі өзгеріске ұшырады. Діни қызмет белсенділігі күшейіп, діни бірлестіктер саны еселеп артты, теріс пиғылды діни іс-әрекеттер де бой көрсете бастады. Сондықтан заңдық нормаларды заманауи ахуалға сәйкестендіру мақсатында ҚР «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» Заңына 1994, 1997, 2004, 2005 жылдары бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

2011 жылдың 18 мамырында дін саласындағы дербес уәкілетті орган – Қазақстан Республикасының Дін істері агенттігі құрылды. Агенттік тарапынан мемлекеттің дін саласындағы стратегиялық бағытын айқындаған Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңы әзірленіп, ол 2011 жылдың 11 қазанында қабылданды.

Заңның преамбуласында халықтың мәдениетінің дамуы мен рухани өмірінде ханафи бағытындағы исламның және православтық христиандықтың тарихи рөлі танылатыны атап көрсетілген. Бұл қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуына негіз болған, оның рухани-мәдени құндылықтарын қалыптастырған қазақ ұлтының және Қазақстан жеріндегі көптеген этностардың ата діні болып табылатын исламның, сонымен қатар соңғы үш ғасырлық тарихы Қазақстанмен ортақ христиан дініндегі бірқатар этностардың сенімдік бағыты – православиенің ел халқының өміріндегі рухани-мәдени маңызын айғақтайды.

Аталмыш заңда мемлекеттік-діни қатынастардың негізгі қағидаттары көрініс тапты. Заңның 3-бабында төмендегі нормалар қамтылған:

1.     Мемлекет дін мен діни бірлестіктерден бөлінген.

2. Діни бірлестіктер және Қазақстан Республикасының азаматтары, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар дінге көзқарасына қарамастан заң алдында тең.

3. Ешбiр дiн мемлекеттік немесе міндетті дін ретінде белгіленбейді.

Осы нормалар аясында мемлекеттердің діни бірлестіктерге бейтараптығы (нейтралитет), діни бірлестіктердің заң алдында теңдігі (паритет), ешбір дінге басымдылық берілмеуі арқылы барлық діндерге бірдей қатынас пен көзқарастың орнықтырылуы (толеранттылық) қағидаттары қамтылған.

Мемлекет пен діни құрылымдардың қоғамның әртүрлі салаларында жеке тұлғалардың тепе-теңдігін қамтамасыз етуі – зайырлы Қазақстан үшін стратегиялық маңызы бар мәселе. Егер заңда басқаша қарастырылмаса, жеке тұлғалар сенім бостандығын желеу етіп мемлекет алдындағы азаматтық міндеттерін атқарудан бас тарта алмайды.

 

Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын

ұйымдастыру және үйлестіру

бөлімінің басшысы     Қ.Салықбаев

0 пікір