Дін мен мәдениет арақатынасы
Дін мен мәдениет арақатынасы
27.05.2021
4340
0

Дін сөзінің араб тіліндегі мағынасы – сыйлық, үкім, есеп, жаза, мойынсұну, бағыну, құлшылық, шариғат, заң, жол, тіпті, кейбір жағдайларда ұлт деген ұғымды да қамтиды.[1] Ал «діннің» термин ретіндегі мағынасын,  Алла Тағала тарапынан жіберілген адамзаттың өмір сүруін ретке келтіретін, адамның аса күрделі жан-дүниесіне рухани тірек болатын заңдылықттарды, ақыретте Алланың разылығына кенелумен уәде етілген мәңгілік жәннәттағы қуаныш пен бақытқа жетелейтін жолдарды көрсетеді деп түсіндіруге болады.

Мәдениет – адамның өз қолымен, ақыл-ойымен жасағандары және жасап жатқандарының бәрін түгел қамтиды. Жай ғана сауат ашудан және тазалық ережелерін сақтаудан бастап, өмірдің асқан үлгілі шығармаларын жасағанға дейінгі ұғымды қамтып жатқан – мәдениет саласының өрісі кең.

Мәдениет – тарихи құбылыс. Оның дәрежесі мен сипаты қоғамдық өмірдің жағдайларына байланысты өзгеріп отырады. Тарихи дәуірлердің алмасуы мәдениеттің мазмұны мен формаларына сөзсіз терең өзгерістер енгізеді.[2]

Баршамызға белгілі, бүгін дүр сілкініп, рухани жаңғыратын уақыт келді. Мұхаммед (с.а.с.) Пайғамбарымыз – «Отанды сүю имандылықтан басталады» - деп, өсиет етсе, дана қазақ халқы «Иманды елді жау алмас» - дейді. Олай болса, ата-бабаларымыз ғасырлар бойы ұстанып келген имандылықты неге ту етіп көтермеске. Себебі, қазіргі таңда дінді зерттеушілердің көпшілігі өз ізденістерінде ең алдымен нақтылы діни сыртқы мәдени және рухани мұраларын игеруге күш салуда. Атап айтқанда, олар көп жағдайда діни рәсімдерді, намаз оқу түрлерін, діни билерді, медитациялық тәсілдерді, діни мәдениеттегі архитектуралық үлгілер – храмдар, шіркеулер, мешіттердің мәдени құрал-жабдықтарын, салтанатты рәсімдік әуендерді, діни мерекелер мен мейрамдарды, рәміздік көркем сурет туындыларын, құдайлардың атауларына қатысты этимологиялық тамырларын, пайғамбарлардың өмірбаяндарын, қасиетті жазбалардың құрлымын, діни қауымдастықтардың құрамын, аңыздық мәтіндерді салыстыру, діндердің географиялық шекараларын анықтау, діннің таралуы мен қалыптасу кезеңдерін нақтылау, діни-рухани басқарудың ішкі қайшылықтарын ашу, сенімнің психологиялық негізін аңдау, олардың сандарының өсіп-азаюы мен жыныстық құрамын, саяси белсенділігін зерделеп саралауға ғана ден қояды. Ал, бұл дегеніңіз дін мен мәдениеттің тығыз сабақтастығын діннің мәдениет феномені ретінде және мәдениетті дін феномені арқылы бағалауға болатынын анықтайтын пайым.[3]

Қорыта келе, кез-келген бір елдің өзіндік діни ұстанымы мен мәдениеті бар екендігі ақиқат. Мәдениет сөзін Жоржи Зейдан «Ислам мәдениеті тарихы» атты еңбегінде былайша сипаттаған: «Мәдениет дегеніміз бір қоғамды қоғам, жамиғатты жамиғат, ұлтты ұлт жасайтын, оны өзге ұлттардан ажырататын өмірлік көріністердің топтамасы. Осы өмірлік көріністер әр ұлттың өзіне тән болып келеді». Қысқаша қайырып айтқанда мәдениет «әр ұлттың өзіне тән ойлау және өмір сүру салтының жүйесі» болып табылады деген. Демек, кез-келген ұлттың яки елдің өзіндік мәдениеті болады. Қазіргі заманда бізге түскені тек ата-баба жолымен келген дін мен мәдениетті алып, осы бағытта жол қалыптастырып, сол жолмен жүру ғана. Біздің ұлтқа басқа елдің мәдениеті мен діни бағытын ұстанудың қажеті жоқ. Ақиқатында тарих беттеріне қарасақ ұлтымыздың қалыптасқан діни жолы мен мәдениеті бар. Осы мәдениет пен діни жолды ары қарай дамытып толық қалыптастыру қажет. Дін мен мәдениет біріккен кезде ғана бір ұлттың толық өзіндік ұстанымы болары анық. Сол ұстанымды қалыптастыру үшін әр-біріміз осы жолда еңбек етуіміз қажет деп есептеймін.

 

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы»

КММ-нің теолог маманы         Н.Әмзеев  



[1] Günay Tümer. Abdurrahman Küçük. Dinler Tarihi. – Анкара, 1997. 4 –бет.

[2] https://kk.wikipedia.org/wiki

[3] Дін тазалығы-ел, қоғам, ұлт, тұтастығының кепілі. Шымкен, «Асқаралы» баспасы, 2014 ж. - 244 бет, -136 б.

0 пікір