Дін және Заң
Дін және Заң
17.07.2023
2019
0

Дін мен мемлекет арасындағы зайырлылық ұстанымының аясы мен қызметтері, тарихи, болмыстық қатынасы, қолдану тетіктері ғылыми теориялық, практикалық жағынан көрініс табуы үшін Қазақстан Республикасы өзіндік зайырлылық концепциясы мен діни білім беру жүйесін жаңғыртып қайта қалыптастыруды орындады.                                                 

Ислам діні аясында да зайырлылыққа тән құндылықтар көрініс тапқаны мәлім. Оның ең маңыздысы – діни сенім бостандығы қағидасы. Ислам ілімін ең кемел, ең ақиқат сенім деп білу, өзге дінді ұстанушыларға шек қоймайды, зәбір көрсетпейді, қамқорлықсыз қалдырмайды. «Дінде зорлық жоқ» деген қағида  Құран аяттарынан бастау алып, Мұхаммед пайғамбардың өнегесіне негізделіп, өзге дін өкілдеріне деген құрметке, исламның рухани-адамгершілік ұстанымдарына негіз болған.

Ал заң жүзінде Қазақстан  Республикасының Конституциясының 1-бабы, 1-тармағында: «Қазақстан Республикасы өзiн демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары»,-делінген.  Мемлекетіміздің басты қазынасы – адам және адамның өмірі, оның құқықтары мен бостандықтары болғандықтан азаматтарымыздың өзі қалаған дінге сенуі конституциялық құқықтарының қатарынан табылады. Ата заңымызға сәйкес азаматтарымызды тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тіліне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне байланысты, сондай-ақ басқа да жағдаяттар бойынша кемсiтуге тыйым салынған. Ата Заңымыздағы осы айтылған қағидалар мемлекетіміздің зайырлы сипатта екендігінің басты нышандары. Зайырлы мемлекет ұғымының түп-тамыры діни құқық тұрғысынан адамсүйгіштік құқығын басшылыққа алуда жатыр. Адам және адамның өмірінің құндылығы ғасырлар тереңінен зайырлы және құқықтық мемлекет құруға деген талпынысты туындатты. Зайырлы мемлекет діни наным-сенімді адам болмысына тән қажеттіліктердің бірі ретінде қарастырып, құқықтық нормаларды басшылыққа алады. Зайырлы мемлекетте діни құқық емес, адамның дінге деген құқығы әлеуметтік заңдылықтар шеңберінде қарастырылып қорғалады. Дін мемлекеттен бейтарап саналғанымен, дін мемлекеттің маңызының бірі – рухани тірегі болып табылады. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер» туралы заңының 3-бабының 5-тармағында: «Азаматтардың дінге көзқарасына байланысты олардың азаматтық құқықтарының бұзылуына, діни қызметіне заңсыз кедергі келтіруге немесе олардың діни сезімдерін қорлауға, қандай да бір ұстанушылар қадiр тұтатын заттарды, құрылыстар мен орындарды қорлауға жол берілмейді»,- деп атап көрсетілген. Қазақстан Республикасының азаматтары дiнге деген көзқарастарына тәуелсіз экономикалық, саяси, әлеуметтiк және мәдени өмiрдiң барлық салаларында өзара тең. Азаматтарды дiнге көзқарасына шектеу немесе ұстанатын дініне қарай қандай да бiр артықшылықтар беру, азаматтардың діни сезiмдерiн жәбiрлеу, сондай-ақ дiндi ұстанушылар қадiр тұтатын заттарды, құрылыстар мен орындарды қорлау Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауапкершiлiкке тартылады. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының азаматтары дiнге деген көзқарасына қарамастан заң алдында бiрдей жауапты. Заңнамада көзделген жағдайларды қоспағанда, ешкiмнiң де өз діни сенiмдерiн себеп етiп азаматтық мiндеттерiн атқарудан бас тартуға қақысы жоқ. Дiни наным себебiмен атқарылуға тиiс бiр мiндеттi екiншiсiмен алмастыруға тек қана Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жол берiледi. Өз кезегінде дiни сенiм бостандығының сақталуын бақылауды және қадағалауды Қазақстан Республикасының атқарушы билік органдары, прокуратура және басқа да құқық қорғау органдары ел заңнамаларында белгiленген өз құзыреттерiне сәйкес жүзеге асырады.                           

Қоғамның тұрақтылық сипаты мен деңгейі және оның саяси жүйесі құндылық билігін қабылдау мен үйренуге негізделеді. Егер қоғам олардан бас тартса, онда қоғамның саяси жүйесі тұрақсызданады. Сондықтан саяси тұрақтылықтың бірі – діни толеранттылық. Плюрализм, азаматтық қоғам, ар-ождан еркіндігі, ғибадат еркіндігі, төзімділік – кемелденген демократияның негізгі атрибуттары. Демократиялық қоғамдағы мемлекет пен діннің қарым-қатынас принциптері әр адамның құлшылық ету еркіндік құқығы мен оларға құрметпен қарауға міндеттеледі. Төзімшілдіксіз, дінге еріктіліксіз демократия ғана емес, қоғамның өркениетті азаматы да бола алмайды. Мемлекет пен дін қарым-қатынасы туралы мәселе күрделі әрі жан-жақты. Адамзаттың барлық саяси тарихы, біріншіден, дін мен мемлекет арасындағы билік үшін күрес ретінде көрінсе, екінші жағынан, мемлекет пен дін арасындағы өзара тиімділік ынтымақтастығымен көрінеді. Адамзат өркениеті тарихында түрлі мемлекеттік билікті қажет ететін одақтастықтар бар. Қорыта айтқанда, дін мен мемлекет байланыстары адам құқықтарын, соның ішінде ар-ождан бостандығы мен діни сенім еркіндігін құрметтеу және қорғау аясындағы мемлекет пен діннің өзара ықпалдасуы деуге болады. Демек, біздің қоғамымыз үшін адамның діни сенімі мен құқығын қорғауға және сақтауға жауап бере алатын дін мен мемлекеттік заң қарым-қатынасын нығайтуға оң ықпал ету басты міндет болып табылады.

 

Е. Ештай

Теолог маман

0 пікір