Дін және қоғам
Дін және қоғам
09.11.2020
10537
0

Қайбір дін болмасын қоғам мен адам өмірінде алар орны ерекше. Дін адам мен адамды, қоғамды біріктіруші күш десек қателеспейміз. Ғасырлар бойы әртүрлі этностар мен конфессия өкілдері тату-тәтті өмір сүріп, бір-бірін мәдени тұрғыдан толықтыра отырып, Қазақстан халқының мәдениеті және дәстүрлі рухани құндылықтарын қалыптастырды. Еліміздің Конституциясына сәйкес тілі мен дінге көзқарасына қарамастан барлық азаматтардың заң алдында тең құқықтарына және әрбір азаматтың жеке наным-сеніміне құрметпен қарауға негізделген мемлекеттік-конфессиялық қатынастардың зайырлы моделі жасалды.

Елімізде тұрақтылық пен келісімді сақтауда, адамзаттық құндылықтардың жалпы ұлттық бірлігін нығайтуда діннің маңызды рөл атқаратынын, түрлі діндер мен конфессиялардың бірге өмір сүре алатынын және дін өкілдері арасында өзара түсіністік пен сыйластық негізінде үйлесімді дами алатынын әлемге үлгі етіп келеді. Сонымен қатар әр үш жыл сайын елімізде әлемдік және дәстүрлі діндер съезі ұйымдастырылатын айта өтсек болады.

Бүгінгі таңда елімізде 18 конфессия өкілдері өмір сүруде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Қазақ халқының мемлекет құраушы ұлт ретіндегі рөлін бекемдеп, этносаралық татулық пен дінаралық түсіністікті қалыптастыра беруіміз қажет», - деп атап өткен болатын. Осы бағытта атқарушы билік жоспарлы түрде жұмыстар атқарылуда.

Қазіргі таңда ресми тіркелген 18 конфессияның 3796 діни бірлестік пен филиалдарының қызметін қамтамасыз ету үшін қажетті жағдай жасалған. Осы орайда айта кетерлік жайт, былтырғы жылмен салыстырғанда ислам бағытындағы мешіт-филиалдар саны көбейген. Яғни, бұдан тұрғындардың діни-рухани құндылықтарға бет бұрғандығын байқауымызға болады.

Егер дін қоғамда өзінің функциясын дұрыс атқарса, онда ол елде тыныштық, бейбітшілік орнайды. Алайда, қазіргі таңда елімізде түрлі теріс бағыттағы діни ағымдар баршылық. Бұлардың негізгі мақсаты халықтың ынтымағын бұзу. Діни шиеленіс қоғам үшін қауіп төндіретін, азаматтардың денсаулығына, психикалық және әлеуметтік жағдайына нұқсан келтіретін, өздерінің діни қалауы мен көзқарасын мемлекеттің зайырлылық қағидаттарына және дәстүрлі рухани құндылықтарға қарсы қоятын, Қазақстан үшін жат құндылықтарды таратушы деструктивті діни ағымдарды ұстанушыларға тән.                                                                                       

Жалпы алғанда жастардың санасы теріс ағымды ұстанушылардың насихатымен уланбауы тиіс десек, оларды бала күнінен қадағалағанымыз дұрыс. Бұл қоғамның басты міндетіне айналғаны жөн деп білемін. Өйткені бүгінгідей ғаламтор дамыған заманда ата-ана, үлкендер жағы балалардың немен айналысып жүргенін назардан шығармай, бақылауда ұстағаны мақұл. Әлеуметтік желілер арқылы қорғаныс иммунитеті әлсіз адамдарға олар шабуыл жасауларын тоқтатпайды. Интернет беттерінен теріс діни ақпараттар алу арқылы бір отбасы мүшелері бір-біріне қарсы шығады. Одан кейін қоғамда түрлі қарама-қайшылықтар пайда болып, жік-жікке бөлініп, еліміздің діни тұрақтылығына әсер етелді. Әрине,  құзырлы органдар тарапынан көптеген күдікті сілтемелер бұғатталып жатыр. Алайда, соған қарамастан ата-аналар да өздерінің жауапкершіліктерін сезініп, балаларын бақылауда ұстаған дұрыс.

Жастар – біздің болашағымыз, ол бізден күнделікті қамқорлық пен тынымсыз ілтипатты қажет етеді. Жастарымыздың адамзаттық болмыстағы, әсіресе,  дін саласы сияқты нәзік саладағы құнды бағдарларын білу өте маңызды. Діни тәрбиені отбасыдан беру керек. Себебі, «ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген сөз бар.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, тәуелсіздіктің нығаюы үшін  этносаралық кикілжіңдерді болдырмай, дінаралық татулықты сақтау бағытында көптеген шаралар ұйымдастырылуда. Соның ішінде аталған мақсатқа қол жеткізу үшін облыстағы дін саласындағы ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері жоспарға сай жұмыстар жүргізіп келеді.  

Елімізде мемлекеттің дін саласына қатысты қабылданған бірнеше құжаттар бар. Аталған құжаттардың барлығы мемлекеттік-конфессиялық және конфессияаралық қатынастарды жетілдіруге, мемлекеттің зайырлылық қағидаттарын нығайтуға бағытталған дін саласындағы мемлекеттік саясаттың тиімділігін арттыру және дінді деструктивтік мақсатта пайдалануға жол бермеу бағытында қызмет етуде. Біріге көтерген жүк жеңіл демекші қоғамның діни тұрақтылығын сақтау мақсатында халық болып бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара отырып жұмыс жасауымыз қажет.

 

«Ақпараттық түсіндіру жұмыстарын

ұйымдастыру және үйлестіру» бөлімінің маманы 

А.Сейдрахман   

0 пікір