Дін және әлемдік ашылулар
Дін және әлемдік ашылулар
02.09.2020
844
0

Адамзат баласы әрқашанда өзінің өмір-табиғатын зерттеуге, танып-білуге тырысады. Яғни әр бір адам ойында жүрген сұрақтарға жауап алғысы келеді. Әсіресе мына сұрақтар: «Жер қайдан жаралған және пішіні қандай?», «Адамдар неге ұлт пен ұлыстарға бөлінеді?» және тағы басқасы. Адамзат даму кезеңдерін қарасақ, ғылым мен білім дамудың бір сатысы іспетті. Заман өркениеттінің негізгі құндылығы саналған,  сан алуан сұрақтардың талас-тартысын, күмәндісін шешетін және үлкен мәні бар теориялар қалыптастырып, ұрпақтан ұрпаққа жеткізу жолын қарастырған қоғамның асыл құралы, ғалымдардың қаруы. «Ғылым» – сөзінің этимологиясы латынның «scientia» білім  деген  мағынаны беретін сөзі ғылымтанушылардың назарын аудырған. Ал кез келген білімнің ғылым емес екендігі белгілі. Білім – адамзаттың әр қилы тіршілік ету сферасынан: қарапайым өмірден, саясаттан, экономикадан, өнердегі тағы басқа жағдайлардан алынады. Ал енді ғылымға анықтама берсек, ғылым – тәжірбие жүзінде анықталған нақты дәлелдемелер мен логикалық заңдарға сүйенетін қорытындылардың негізінде білім әлемін жасайды. Сөз жоқ, ғылым адамзат мәдениетінің орасан зор жетістігі болып саналады. Ол адамзат өмірін ұрпақтан-ұрпаққа жеңілдетіп, тәуелсіз етеді және материалдық, рухани байлықтың негізіне айналды.

«Дін» сөзінің араб тіліндегі мағынасы – сыйлық, үкім, есеп, жаза, мойынсұну, бағыну, құлшылық, шариғат, заң, жол, тіпті, кейбір жағдайларда ұлт деген ұғымды да қамтиды. Ал, дін ұғымы батыс әлемінде «аса құрметті, мән берілген, тағзым етілген нәрсе» мағынасындағы латынның «religio» сөзін қолданады. Дін негізінен адамзатқа пайғамбарларға уахи ету арқылы Жаратушыға деген құлшылық, әлем сыры және заңдар мен тәртіптер деп түсінуге болады. Айтылғандардан анықтама қорытып шығарсақ, дін – әр бір ақыл иесін, өз қалауымен дүние және ақиретте бақытқа жеткізетін иләһи жүйе. Адам атадан бастап, бізге дейін бірнеше дін уахи болған және олардың арасында соңғысы, ол – Ислам.

Ал енді Ислам дінінің қасиетті кітабы саналатын Құран Кәрімнің кейінгі ғасырларда ғана ашылып жатқан көптеген ғылыми жетістіктерді осыдан он төрт ғасыр бұрын айтып кетуі көптеген батыс, шығыс ғалымдарын таңғалдырған. Мысал ретінде бірнеше аятты келтірелік:

Қасиетті кітаптың «Зүмәр» сүресі, 5-аятында: «Түнді күндіздің үстіне, күндізді түннің үстіне орайды», - деген аяты жердің шар тәріздес екендігін меңзейді. Араб тілінде «такуир» сөзі домалақ нәрсенің сыртына бір нәрсені орау, байлау деген мағынаны білдіреді. Демек, жер шар тәріздес болғандықтан күн мен түн үшін «орайды» сөзі қолданылып отыр. Күн мен түннің тәулік бойы өзара алма-кезек ауысып отыруы – Жер шары домалақ пішінде болған жағдайда ғана жүзеге асады. Міне, Құран осылайша «такуир» сөзі арқылы Жердің шар тәріздес екендігін білдіруде. «Назиғат» сүресінің 30-аяты жер пішінінің аздап сопақтау екендігін: «Содан кейін жерді түйе құсының жұмыртқасы пішініне келтірді», - деп айқын білдіреді. Батыс әлемі XVI ғасырдың өзінде жердің домалақ екендігін дәлелдемек болған ғалымдарын инквизиция сотында қаралап, отқа жағу жазасымен қорқытқаны тарихтан белгілі. Батыс әлемі жердің домалақтығын әрі өз осьін және күнді айналып тұрғандығын тек он алтыншы ғасырда таласып-тартысып жатқан кезде Ислам әлемі оны ғылыми тұрғыда он бірінші ғасырларда дәлелдеген.

Ең жақын бес-алты галактикадан басқа барлық галактикалар бізден өз қашықтықтарына сай жылдамдықпен тоқтамастан ұзақтап жатқанын 1922 жылы астроном Хабл (HubbIe) зерттеп тапқан болатын. Оның айтуына қарағанда, жарық жылдамдығымен есептегенде, бізден миллион жылдай қашықтықта орналасқан бір жұлдыз бізден жылына 168 км жылдамдықпен, екі миллион жыл ұзақтағы жұлдыз екі есе жылдамдықпен, үш миллион жыл ұзақтықтағы үш есе жылдамдықпен тоқтамастан алыстауда. Иә, 1922 жылы ғана зерттеп білінген «Bigbang» (үлкен жарылыс) заңын астрономия ғылымының дамымаған, телескоп сияқты құралдардан мақұрым ғасырда «Зарият» сүресі, 47-аятында: «Аспанды құдіретімізбен біз жараттық және оларды үнемі кеңейтудеміз», - деп анық айтып кеткен.

Зерттеушілердің теңіз суының ерекше қасиетіне байланысты соңғы ғасырда ашқан жаңалықтарының бірі Құранның «Рахман» сүресінде былайша баяндалады: «Алла Тағала екі теңізді ағызды, олар бір-бірімен қабысады, бірақ араларында перде болғандықтан бір-бірімен араласпайды». Иә, бір-бірімен қабысып жатса да, сулары араласпайтын теңіздердің жоғарғы аятта айтылған ерекшелігі мұхит зерттеушілері тарапынан Жерорта теңізі мен Атлант мұхитының қабысқан жерінен табылған.

«Хижр» сүресінің 26-аятында: «Расында адамды бейнелеген қара балшықтың сыңғырлап құрғағанынан жараттық». Бүгінгі күні адам денесінің 70-90 пайыздан артығы судан,  қалғаны жер жынысының құрамындағы элементтерден тұратындығы дәленденді. Яғни, Құран кәрімнің «Таһа» сүресінің 55-аятында: «Одан (топырақтан) сендерді жараттық, оған қайтарамыз да, екінші рет содан шығарамыз» аятының мән-мағынасы адамзат баласының санасына енді ғана жетіп, оны өз мәнінде түсініп түйсінді. Батыстық ғалымдар Құрандағы «Расында адамды бейнелеген қара балшықтың  сыңғырлап құрғағанынан жараттық» - деген аятты мойындауға мәжбүр болды. Соңғы жылдары геология және  биология ғалымдарының жетекші мамандары үздіксіз зерттеулер жүргізіп осындай қорытындаға келген. Зертеу жұмысымен «Массачусетс технология» институтының ғалымы Хайман Хартман Калифорния университетінен Лейл М. Койн, Бельгияның «Liege» университетінен Пьер Лазио және «Glasgow» университетінен Грахман К. Смит айналысқан. Бұлардың бәрі әлемге есімі танымал атақты ғалымдар және өз мамандықтарының хас шеберлері. Доктор Лейл М. Койн зерттей келе «Саз-сәуленің қайнар көзі екенін, кристалдық элементтерден тұратынын, кристал молекулалары бір-біріне байланысқан жапырақ тәріздес екеніне және сыртқы әсерден кристалды иондық тізбек бұзылғанымен, уақыт өте оның қайта алғашқы қалпына келетіндігіне көз жеткізген. Ал бұл өз кезегінде иондық байланыс тізбегін, ал иондар бекітілген бағдарлама бойынша қозғалатынын, ультракүлгін сәулелер шығаратынын анықтаған. Саздың бұл қасиеті тірі жасушаның қасиетіне ие деген сөз. Иондық байланыстың қозғалуы электр қуатының пайда болуына әкеледі. Қуаттан күш алған ол өмірдің қарапайым қозғалысын еске салады. Бұл адамның денесінің топырақтан жаратылғанына дәлел» - дей   келе доктор Лейл М. Койн «бірақ зертханада адамның өмірін жарата алмаймыз. Бұған Ұлы жаратушының ғана құдіреті жетеді»,- деп мойындаған.

Адам баласы  ұрпағының өсуін қасиетті Құран Кәрімде «Ниса»  сүресі, 1-аятында: «Ей, адам баласы! Сендерді бір кісіден (Адам атадан) жаратқан және одан оның жұбайын (Хауа ана) жаратып, ол екеуінен көптеген ер, әйелді таратқан Раббаларыңнан қорқыңдар …..». Қазіргі ғылым мен білімнің, техниканың дамуының арқасында ғалымдар дүние жүзін мекендейтін адамдар, мейлі ол қара, қызыл, ақ нәсілді болсын бәріне ортақ бір жасуша (клетка) бар екендігін анықтап, соның арқасында бүкіл адамзат  ұрпақтарының бір Адам ата мен Хауа анадан туғандығын мойындайды. Енді адам баласының түрі, түсі, тілі, көз жанарының  әр  түрлі  болуын  қасиетті  Құран Кәрімнің «Хужурат»  сүресінің 13-аятында былай деп ұғындырады: «Әй, адам баласы! Шүбәсіз сендерді бір ер, бір әйелден (Адам, Хауадан) жараттық. Сондай-ақ бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық ….».

Құран Кәрімнің «Қиямет» сүресінің 3-4 аяттарында: «Адам баласы біз сүйектерді жинай алмайды деп ойлай ма? Әрине, оны саусақтарының үшіне дейін қайта жасай аламыз». Қолдың  саусақтарының  басындағы бедерлері  адамдардың  әрқайсысында  әртүрлі екендігі бүгінгі таңда бәрімізге белгілі. Бірақ, бүгінгі барша әлемге белгілі шындықты адам баласы тек өз ақыл-ойымен XIX ғасырдың басында ғана еуропалық бір полицейдің қылмыскерлерді іздеп, оның қылмыстық істерін мойындату үшін жасаған ізденістерінің нәтижесінде анықтағанын біреу білсе, біреу білмейді. Сол сияқты, қазіргі  ғалымдар адамның сегізкөзінде әрбір адамда өзіне ғана тән болатын, басқа адамдарда еш қайталанбайтын бір жасуша (клетка) бар екендігін және оның ешқандай жағдайда да бұзылмайтындығын анықтап отыр. Яғни, Құран Кәрімнің «Мумин» сүресінің 15-16 аяттарында: «Бұдан кейін сендер өлесіңдер, сонсоң сендер қиямет күні күдіксіз тірілесіңдер» деген аятын қазіргі заман ғалымдарының енді ғана түсінуі, былайша айтқанда, Құрандағы ғылыми тұжырымдамаларға және болашақтағы адамзаттың өмірден кейінгі жағдайына енді-енді ғана қол жеткізіп келе жатқандығының айғағы.

Құран Кәрім тек үгіт-насихат, шариғат, экономика, тәрбие кітабы емес. Құран Кәрім жер бетіндегі барлық жаратылыстың мәселесіне қатысты тақырыптарды  түгелімен қамтыған Ұлы Кітап. «Жүсіп» сүресі 111-аятында: «Ол (Құран) ойдан шығарылған әңгіме емес, алайда өзінен бұрынғыны (Кітаптарды) растаушы, әрбір нәрсенің түсіндірушісі, иман келтіргендер үшін тура жолбасшы һәм мейірім». Ардақты сахаба Абдулла ибн Аббас (р.а.): «Тіпті менің түйемнің жүгені жоғалса да оны Алла Тағаланың Кітабынан табатынмын», - деген. Ал Имам Шафиғи: «Дін жайындағы қандай да бір мәселе болмасын, одан шығар жолға Алланың Кітабынан дәлел бар», - деген. Ал атақты батыс-шығыс ғалымдарының Құранға таңғалып, оның Иләһи кітап екендігін мойындап, растауы ойланғанға – ғибрат.

Осы зерттеулерді түйіндей келе. Адамзат өзінің даму тарихы барысында қоршаған әлемді танып білуге және игеруге ұмтылып келеді. Адам баласы даму тарихының белгілі бір кезеңінде ғалымдар ғылымға, ал енді бір кезеңінде дінге сүйенді. Олар бірін-бірі алмастыра келіп, бізге үлкен мұра ретінде жетті. Екеуінің бір атаның баласындай екені айдан анық көрінеді. Біреуі тәжірбие арқылы табиғаттың тылсымын түсіндірсе, екіншісі жазылғанға сенуді, табиғаттың тылсымын ұғынуға уағыздайды. Екеуі де әлемдік өркениеттен ойып тұрып орын алады және дүниетанымның негізгі категориялары болып табылады.

 

 

 Түркістан облысы

 «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

теолог маманы                                                                                             Ш.Досанбаева

 

0 пікір