Дін бірлігі мемлекет тұтастығы
Дін бірлігі мемлекет тұтастығы
05.05.2020
1136
0

«Бірлік бар жерде – тірлік бар» - дейді біздің халық. Дана жұрт мұны тегіннен-тегін айтпағаны анық. Ауызбіршілік пен түсіністік, қарапайым сыйластық үстемдік құрған жерлерге қашан да нәтижелі істердің үйір болатыны белгілі. Біздің елімізде қалыптасқан ұлттар тұтастығы мен халықтар достығының арқасында бүгінде мемлекетіміз өркендеп, ілгері басып келеді. «Халық айтса, қалып айтпайды» - дегендей, дана халқымыз бүкіл тіршіліктің, адамзат жаратылысының бүкіл мәнісін «Бірлік түбі – тірлік» деген екі ауыз сөзбен түйіндеуінің өзі ауызбірліксіз ешкімнің де, ешбір елдің де, ешқашан асығы алшысынан түспеген. Қазақтың тағы бір қасиеті, ешкімнің ала жібін аттамауға, көрші, ағайын-жұртпен, алыс-жақынмен тату-тәтті, сыйлас болуға үгіттеген.

Діни конфессиялардың әлемдік көшбасшыларының басын бір мақсат жолына тоғыстырып, ортақ адамзаттық имандылық идеяларына жүгіндіруі, ғаламдық масс-медианың жыл сайын басын қосып, сол бүкіл әлемнің дүбірлі аймақтары мен жаһандық терроризмнің алдын алуға белсене атсалысуы. Киелі қазақ шаңырағына уық болып қадалған өзге этнос өкілдері «Қазақстан – достық пен татулықтың шынайы мекені» - дегенді ұранға айналдырған. Ұлтаралық татулықты нығайтуға Қазақстанда тұрып жатқан әр ұлттың өкілі келешек ұрпағымыз үшін этносаралық достықтың, конфессияаралық түсіністіктің қаймағы бұзылмауына еңбек етіп атсалысады. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев 2012 жылғы 14 ақпанда Қазақстан халқына жолдаған жолдауында: «Жаһандану дәуірі көп ұлтты мемлкеттер дәуірі. Бұл –әлемдік үрдіс. Еліміздің дамуына барша ұлт бірге үлес қосты. Ендеше, Тәуелсіз қазақ елінің азаматтарын алалауға, бауырластығын бұзуға ешкімнің хақысы жоқ. Барлық ұлт өкілдерімен тіл табысып, тату-тәтті бейбітшілік пен келісімде өмір сүру-барша қазақтың басты қағидасы болуы шарт» - деп айтып кеткен.

Қазіргі таңда елімізде қазақ ұлтымен қатар түрлі этнос өкілдері де өмір сүруде. Тарих көшінің белгілі бір кезеңінде тағдыр тауқыметін арқалап, солақай саясаттың құрбанына айналып, елімізге келіп қоныстанған этностар үшін қазақ жері киелі алтын бесікке айналды. Ынтымақ, бірлік, келісім – ең басты байлық ел үшін. Еліміз сыртқы елдермен де, шекаралас көршілерімен де келісімде, бітімде болуға тырысады. Яғни, қазақ халқы атам заманнан бейбітшілік пен тұрақтылыққа ұмтылған ұлт ретінде әлі күнге дейін сарабдал, мәмілегерлік саясат ұстануды құп санайды. Өйткені қазақ халқы бірлік пен ынтымақтастық, татулық пен ауыз біршілікті бәрінен де жоғары қойған, ел болудың алғышарты, мемлекет болудың негізі ретінде қабылдаған.

Халқымыз өзінің ынтымақтастықты барлығынан жоғары қоя білгендігінің арқасында ғана үлкен жеңістерге жеткенін ұмытпағанымыз жөн. Осындай ірі тарихи оқиғалар, яғни, ауызбіршіліктің арқасында жеңіске жетуі тәрізді халық басынан өткен тарихи мысалдар қазақ халқының жадында үлкен құбылыс болып қалды. Ал бұл өз кезегінде халық танымында «ауызбіршілікке жетсең ғана жауыңды жеңіп, бейбіт өмірге қол жеткізе аласың» деген  тарихи сана қалыптасып, ұлттың сананың өшпес жадына айналған. Сондықтан ел арасында «Ынтымақ түбі – береке», «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» - деп өсиет еткен.

Абай атамыздың 6-қара сөзінде былай деген: «Қазақтың бір мақалы: «Өнер алды – бірлік, ырыс алды – тірлік» - дейді. Бірлік қандай елде болады, қайтсе тату болады - білмейді. Қазақ ойлайды: бірлік - ат ортақ, ас ортақ, киім ортақ, дәулет ортақ болса екен дейді. Олай болғанда байлықтан не пайда, кедейліктен не залал? Ағайын құрымай мал іздеп не керек? Жоқ, бірлік - ақылға бірлік, малға бірлік емес. Малыңды беріп отырсаң, атасы басқа, діні басқа, күні басқалар да жалданып бірлік қылады! Бірлік малға сатылса, антұрғандықтың басы осы. Ағайын алмай бірлік қылса керек, сонда әркім несібесін құдайдан тілейді, әйтпесе құдайдан тілемейді, шаруа іздемейді. Әуелі біріне-бірі пәле іздейді. Не түсін, не ажарын, не өкпесін бұлдап, ол болмаса, бір пәле салып, қорғалатып, әйтеуір бірін-бірі алдаудың амалын іздеседі. Мұның қай жерінен бірлік шықты?

«Ырыс алды - тірлік» дейді, ол қай тірлік? Ол осы жан кеудеден шықпағандық па? Жоқ, ондай тірлік итте де бар. Ондай тірлікті қымбат көріп, бұлдаған адам өлімді жау көріп, ахиретке дұшпан болады. Жанын қорғалатып, жаудан қашып, қорқақ атанып, еңбек қылудан, қызмет қылудан қашып, еріншек атанып, ез атанып, дүниеде әлгі айтылған ырысқа дұшпан болады. Ол айтқан тірлік олар емес. Көкірегі, көңілі тірі болса, соны айтады. Өзің тірі болсаң да, көкірегің өлі болса, ақыл табуға сөз ұға алмайсың. Адал еңбекпен ерінбей жүріп мал табуға жігер қыла алмайсың.

Кеселді жалқау, қылжақбас,

Әзір тамақ, әзір ас,

Сыртың - пысық, ішің - нас,

Артын ойлап ұялмас, -

болып жүріп, тірімін деме, онан да Алла жіберген ақ бұйрықты өлімнің өзі артық» - деп қорытындылайды.

Бірлік пен ынтымақтағы қоғам көбейген сайын мейірім де арта береді. Бір хадис шәрифте: «Екі кісі бір кісіден, ал үш кісі екі кісіден қайырлы. Олай болса, бірге болыңдар!» делінген.

Қыл өтпестей татулықты бір ашуға сатпас болар – деп бекер айтпаған шығар М.Әуезов?!

 «Кім екеніміз емес, кіммен бірге екеніміз маңызды» делінген. Яғни өзіміз өте нашар адам болсақ та, жақсылардың арасына қосылуымыз керек. Бізге келетін бәле-жаладан олардың арасында болсақ құтыламыз.

Дана халқымыз  бірлік пен ынтымақ жайлы керемет нақыл сөздер айтып кеткен.

Өзіңнен үлкенді, өзіңнен кішіні сыйлау бір жағына құдай жолы, екінші жағынан ата-баба ұстанымы, үшінші жағынан адамдық қасиет, осы үш жолды адалдықпен жүріп тіршілік етсең, еш кемшілік көрмейсің. Бірін орындап, бірін бұзсаң тіршілігіңде береке болмайды.

Қорытындылай келе «Ел бірлігі – ең асыл қасиет. Бірлік, ынтымақ, сабырлылық пен парасаттылық, ең алдымен өзімізге – қазақтарға керек» - деп көрегенділікпен Елбасымыз айтқандай, біз сияқты көп ұлтты мемлекеттің даму болашағының бір көзі – Қазақстан халықтарының бірлігі екендігін ұмытпайық.

 

 «Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру

және үйлестіру» бөлімінің басшысы                                              Қ.Салықбаев

0 пікір