Бүлік шығару – дінде үлкен қасірет
Бүлік шығару – дінде үлкен қасірет
19.01.2021
986
0

Қазіргі кезде еліміз дүниежүзіне ынтымақты, бейбітшілікті ту еткен бірден бір мемлекет ретінде танылып отыр. Діндераралық татулық, этносаралық келісім – қашанда еліміздегі басты ұстанымдардың қатарында тұрады. Сондықтан да барша азаматтарды сабырлылыққа, төзімділікке шақыру, тұрақты түрде өркениетті жолды қарастыру – еліміз үшін аса маңызды.

Тәуелсіздік алғалы руханиятқа шөліркеген еліміздің күн санап имандылыққа бет бұруы көкірекке қуаныш ұялатады. Алайда, баз біреулердің үй ішінен үй тігіп, ынтымағы мен бірлігі жарасқан мұсылмандардың арасына ірткі салып жүргені, Ислам атын жамылған діни ағымдардың шолақ белсенділікке салынып, Қасиетті Құран мен хадистерге қайшы ic-әрекеттері арқылы хақ дін ислам мен оның асыл құндылықтарына зиянын тигізуде.

Мұсылман кісі өзгелерге тіл тигізіп сауап таппайды, керісінше исламнан алшақтап күнә табады. Олай болса, мұсылманның міндеті – өзара ұрыс-керіс жасап өзгелерді діннен үркіту емес, керісінше, бірлік-ынтымақты дамыту арқылы өз дінін кемшіліксіз түрде жеткізе білу. Сонымен қатар исламда зорлық жоқ.

Құран Кәрімде: «Дінде зорлық жоқ», – деп Алла тағала анық түрде баян етті, сондықтан әрбір мұсылман пенде өз дінін бойына сіңірген көркем мінез арқылы насихаттап, қоғамдағы бейбітшілікті орнатуға талпынуы керек.

Қоғам ішінде бүлікшілік пен алауыздықты тоқтату – әрбір мұсылманның міндеті. Құран аяттары мен Пайғамбар Мұхаммед (с.а.с) хадистері біздерге осыны бұйырады. Қоғамның бірлігі мен ынтымағы үшін жеке мүддеден бас тарта білу иманның кемелдігіне жатады.

 Ардақты пайғамбар (с.а.с.) қоғамның ынтымағы мен бірлігін сақтау жолында үлкен қажыр-қайрат жұмсап, екерше сабырлықпен әрекет етті. Ол Мәдина халқы арасында іріткі салушы мұнафықтарды, бастарында кімдердің жүргенін өте жақсы білетін. Соған қарамастан қоғамның ынтымағы үшін оны ешқашан елге паш етпеген. Паш ету былай тұрсын, олармен мұсылмандар секілді қарым-қатынас жасайтын. Мұнафықтардың көсемі Абдуллаһ ибн Убәй ибн Сәлулдің адам айтқысыз қиянаттарына төзіп, оны жазаламауы бірлік көксеудің айқын дәлелі. Омар (р.а.) қанша рет мұнафықтың көзін құртуға рұқсат сұрағанымен, Пайғамбар Мұхаммед Мұстафа (с.а.с.) мәселені Аллаға тапсырып, дін исламға, қоғамға зиян тигізуші екі жүзділерді өлтіртпеді. Тіпті мұнафықтардың көсемі Абдуллаһ ибн Убәй ибн Сәлул қайтыс болмай тұрып баласын Пайғамбарға жіберіп, үстіндегі көйлегін (ниеті кебін ету) сұратқанда, Екі дүние сардары, Адамзаттың ардақтысы (с.а.с.) көйлегін береді. Міне, осындай ғибратты оқиғаларды Пайғамбар мен одан тәлім алған сахабалардың ғұмыр тарихынан көптеп келтіруге болады.

Әлемдік діндердің ешбірі қоғам тыныштығын бұзуға рұқсат бермейді. Сол секілді ислам дінінің де ең басты ерекшелігі қоғамды басқарушы әміршіге әрбір мұсылманның бағынуын, тыңдауын талап ететіндігінде. Осыған қатысты Құранда: «Ей иман келтіргендер! Аллаға, пайғамбарға және өз араларыңдағы әмір иелеріне бойұсыныңдар», – делінсе, Пайғамбар Мұхаммед Мұстафа (с.а.с.) бұл жайында: «Кім маған бағынса, Аллаға бойұсынған болады. Кім маған қарсы шықса, Аллаға қарсы шыққан болады. Кім әміршіге бағынса, маған бағынғаны. Кім әміршіге қарсы келсе, маған қарсы келгені», – деген.

Ал қоғамның тыныштығын бұзатын бүлік пен іріткі салушылыққа Алла тағала қатаң түрде тыйым салады. Қасиетті Құранда бұл мәселе жайында мынадай аят келтірілген:

«Бүлік шығару адам өлтіруден де ауыр (күнә)».

Ислам қоғамдағы тыныштық пен ынтымақты сақтау үшін мына негізгі қағидаларды талап етеді: «Өзгенің құқығына қол сұқпау, әділ қарым-қатынас жасау, көркем мінезділік, сенім еркіндігі, мейірімділік пен кешірімділік».

Негізгі әрбіріміздің білуіміз керек нәрсе, ата-бабамыздан келе жатқан дәстүрлі Ислам бізден үй ішінен үй тігіуді немесе түрлі ағымға бөлініп, кейбір діни-саяси топтың қолшоқпары болып, бүлік шығаруды емес, керісінше қоғамдағы ынтымақ пен бірлікті ұстануды бұйырады. Ислам адам баласын бейбітшілік пен Отан сүйгіштікке тәрбиелейді. Сол себепті бізге берілген осындай ұлан-байтақ даланың еркіндігімен тыныштығын сақтайық. 

 

Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

Мақтаарал ауданындағы дінтанушы маман      Д.Аманов

0 пікір