Қазақ елі – Еуразияның жүрегінде орналасқан, тарихы бай үлкен мемлекет. Қазақ халқы пейілі кең, қонақжай халық екені бүкіл әлем жұртшылығы үшін аян шығар. Барша халыққа тарихымен де, ерлігімен де, мәдениетімен де, салт-дәстүрімен де үлгі болатын тұғыры биік алып мемлекет. Қазақ жерінде туып-өскен әрбір қазақ баласы – біреуде болса біреуде болмайтын үлкен бақыт иесі. Құс ұясыз болмайтын сияқты, адам отансыз болмайды. Каспий теңізінен Алтай өңіріне дейін созылып жатқан қасиетті өлке – қазақ жері. Қазақ елі десе, ең алдымен, бірлігі жарасқан халқы, шалқыған көк теңіздей жайлауы, бағында бұлбұл құсы сайраған, көгінде қыран құсы самғаған, көлінде аққу қоныстанған бақыт мекені елестейді.
Қазақ елі – бүкіл әлемге үлгі болатын мемлекет. Қарап отырсақ, қазақ елінің мәдениеті, салт-дәстүрі де өзгеше. Адамды адал жолға жетелейтін, ақ пен қараны ажыратуға, қараңғылық уақытта күндей жарқ етіп, үнемі тура жолда жүруімізге басты бағыт-бағдар беретін салт-дәстүріміз – қазақ даласында туған ата-бабаларымыздың бізге ана сүті арқылы берген үлкен тәрбиесі, ата-бабаларымыздан келе жатқан мәдениеті. Келешек қазақ жастары қазақ екенін әрқашан мақтан тұтады. Себебі, біз – тарихы мен тұғыры биік мемлекеттің ұрпағымыз!
Қаншама қиын-қыстау кезеңде еш мойымаған қайран, қазақ елі! Елінің тәуелсіздігі жолында, сонау атақты Керей мен Жәнібек бабаларымның ізімен талай қазақ баласы елі үшін аянбай еңбек етті. Сырттан келген жаулардың бетін қайтарып, қазақ жерін сақтап, егеменді ел болу жолында қаншама тер төкті. Сол тәуелсіздік жолында қазақ бабам не көрмеді десеңші? Жоңғар шапқыншылығы қазақ болып қалыптасып, жеке мемлекет болуымызға үлкен зардабын тигізді. Батыр ерлеріміз бен ержүрек ақындарымыздың ерлігі елі үшін жасаған нағыз азамат ретіндегі игі ісі болды. Батырларымыз білек күшімен, ал ержүрек ақын-жыраулар сөздің шеберлігін, тілінің қылыштай өткірлігін пайдаланып, келген жауларды қайтарып, еліне деген батыл істерді жасаған.Тәуелсіздік алу жолындағы еш ұмытылмас кезең қайғы мен қасіретке толы Аңырақай түбіндегі шайқас болды. Сол жерде төгілген қан бүгінде әрбір қазақ жұртының тамырында. «Бірлік бар жерде, тірлік бар» - дегендей ата-бабаларымыз сол уақытта бірліктің құдіретін өзіне де, өзгеге де дәлелдеп, соның арқасында жеңістің тәтті дәмін татты. Кейінгі жылдары еліміздің басынан азап та, аштық та, сұм соғыс та өтті. Бірінші дүниежүзілік соғыс, 1916-жылғы көтеріліс, аштық жылдары, Ұлы Отан соғысы, 1986-жылғы жерді дүр сілкіндірген Желтоқсан оқиғасы – қазақтың басынан өткен ауыр жолы. Осыншама қиындықты өткерген қазақ елінің төзімділігіне кім таңқалмасын? Қаншама ғасырлық ерен еңбектің арқасында қазақ елі бүгінде тәуелсіздік алып, егеменді ел атанды. Сонау XV ғасырдан XX ғасырға дейінгі жол – қазақ елінің жүріп өткен ұлы ізі. Қазақ халқының ел ретінде гүлденіп, қоғамының дамуы үшін әрбір кезеңде хандарымыз ұлтты ұйытатын заңдар шығарып, ел іргесін бекемдеп отырған. «Есім ханның ескі жолы», «Қасым ханның қасқа жолы», Тәуке ханның «Жеті жарғысы» сияқты заңдардың мазмұнында береке-бірлікті сақтауға бағытталған тармақтарға айырықша көңіл бөлген. Сол үшін де бабаларымыз әрбір ісінде үлкеннің батасын алып, Алладан тілек тілеп отырған. Себебі, діннің мәйегін жақсы түсінген халқымыз «Алланың жәрдемі көпшілікпен бірге» (Әбу Дәуід) деген хадис құндылықтарын бойына сіңірген.
Бүгінде міне, тәуелсіздіктің нұрлы таңы атты. Тәуелсіздік алып, еліміз ірге тасын калап, егеменді ел болдық. Арқамызды кеңге жайып, бақытты елге айналдық. Көк туы көкте желбіреген, ынтымағы мен бірлігі жарасқан, көп ұлт өкілдері баянды ғұмыр кешуде. Барша ұлтты бауырына басқан бауырмал қазақ халқы біреуді артық, біреуді кем деп көрмеген. Татулық пен достықты серік еткен. Құранда: «Әй, адам баласы! Шүбәсіз, сендерді бір ер, бір әйелден (Адам ата мен Хауа анадан) жараттық. Сондай-ақ, бір-бірлеріңді тануларың үшін ұлттар мен ұлыстарға бөлдік («Хужурат» сүресі, 13-аят). Бұл аяттан Алла адамдарды бір-бірін «тану үшін» ғана ұлт пен ұлысқа бөлгенін айта келіп, бір ата, бір анадан тарағанымызды еске салу арқылы татулықта, берекеде болуға үндегенін аңғарамыз.
Бәріміз бір атаның-қазақ халқының ұлымыз. Бәріміздің де туған жеріміз біреу – ол қасиетті қазақ даласы. Бұл дүниеде біздің бір ғана Отанымыз бар ол –тәуелсіз Қазақстан. Біз болашаққа көз тігіп,тәуелсіз елімізді «Мәңгілік ел» етуді мұрат қылдық. «Қазақстан-2050» стратегиясы осынау мәңгілік жолдағы буындар бірлігінің, ұрпақтар сабақтастығының көрінісі. Тәуелсіз елді өз қолымен құрған буыннан басталған ұлы істерді кейінгі ұрпақтың лайықты жалғастыратынына кәміл сенеміз. Бабалардың ерлігі, бүгінгі буынның ерен істері және жас ұрпақтың жасампаздығы арасында сабақтастық болса ғана, біз «Мәңгілік ел» боламыз. Ия, ата-бабамның бізге тарту еткен сыйын өз уысымыздан шығармай, елдің ертеңін жақсартатын біз – мына жастар.
Бүгінгі қоғамда дәстүрлі құндылықтарды жоққа шығарып, халқымыздың берекесін бұзғысы келетін жат пиғылды адамдарға орын жоқ деген сөз. Ондай жат ниетті адамдар жайында «Алла бүлік шығарушыларды сүймейді» - делінген Құран аяты бар («Маида» сүресі, 64-аят). Құран тағылымы қоғамның тыныштығын сақтаудың алғы шарты ретінде басшыға бағынуды («Ниса» сүресі, 59-аят), әрбір істе сабырлы болуды («Бақара» сүресі, 153-аят), қандай да бір жақсы бастаманы қоғамнан күтіп отырмай, әрбір азамат өзінен бастауы керек екенін («Рағд» сүресі, 11-аят) ұғындырады.
Осындай бірлігі жарасқан елде туған әрбір қазақ баласы қандай бақытты десеңші?! Тарихымен де, ерлігімен де, мәдениетімен де бүкіл әлемге үлгі болатын бақытты ел. Бақыт құсы қонған, көгінде көк туы желбіреген бақыт мекені. Ендеше, әрбіріміз тыныштықтың бағасын біліп, берекелі қоғамның бір мүшесі болайық. Аңсарлы азаттығымыз бен тәуелсіздігіміз баянды болсын! Қазақ елі мәңгі жасасын!
Ш.Досанбаева
Түркістан облысы «Дін мәселелерін зерттеу
орталығы» КММ бөлім басшысы м.у.а.
Бірлік түбі-береке!