Білімсіздік рухани апатқа алып келеді
Білімсіздік рухани апатқа алып келеді
20.01.2022
517
0

Бала кезімізде атамыз бен әжеміз шұбыртып, тоқтамастан, тарихи оқиғалар мен ертегілерді айтып беретін. Сол кезде ол кісілердің мұншалықты нәрселерді қайдан біледі деген сауал туындайтын? Ес біле келе ол кісілердің жұмыстан босай қалса кітапқа, газет-журналдарға үніле кететінін білдік. Отбасымызбен жиналғанда дастархан басындағы әр түрлі әңгіме әрлейтін әдеттеріміз де бар еді. Ал қазір қолымыз босай қалса отбасымызбен бір-бір мобильді телефонға жармасып, жеке басымызбен сол интернетке кіріп кететін әдет пайда болғаны жасырын емес.

Бұл тақырыпта  қазіргі дәуірдің жетістіктерінің біріне айналған, бүгінгі күннің жас буын өкілдеріне өзінің пайдасынан зиянын көп беріп жүрген, жалған ақпараттардың, әлі де тексерілмеген материалдардың таралуына себепкер болып жүрген әлеуметтік желілер туралы сөз қозғамақпыз. Әрине бұл пікірмен әлеуметтік желілерді мүлдем қолдануға қарсылық таныту емес, мейілінше өз орнымен қолдану маңыздылығын түсіндіру.

Бүгінгі таңда интернет ресурстары жеке-дара ақпарат көздерінің шоғырына айналды. Әркім өзі қалаған жазба, не бейне материалды тұтастай қоғамның назарына ұсына алады, маңызды санаған оқиғаға байланысты өз ойын ортаға салу мүмкіндігі бар. Ақпараттық тұрғыда интернет жалпы ғаламдық феноменге айналуда. Осылайша жүре-бара танымдық ақпараттан көрі, саяси және діни үгіт-насихат құралына айналып барады. Бүгінде уақытының көп бөлігін осындай әлеуметтік желілерде өткізіп жатқан қоғамның, әсіресе жастарымыздың психологиясында айтарлықтай өзгерістер мен ауытқулар сезіліп те жатыр. Мінезде ашуға тез берілу, сабыр сақтап күте алмау, сонымен қатар кез-келген уақытта керек болған мәліметті мобильді телефонның интернетінен табуға болады деген сеніммен, есте сақтау қабілетінің төмендеуі, жалпы барлығына дерлік әлеуметтік желілерді тиімсіз пайдалануы себеп болып отыр. Сондай-ақ, интернет ресурстарында байланыс орнатудың түрі көбейген сайын жастардың арасында сөздің, достың қадірі жоғалып барады. Виртуалды әлемдегі танымайтын адамдармен араласып, шынайы өмірдегі жұртпен араласудан қалып барады. Сонымен қатар, ғаламтор пайда болғалы кітап оқитындардың қарасы азайды. Ал бұл дегеніміз өсіп келе жатқан ұрпақтың рухани азық ала алмай, ішкі жан дүниесінің тұрақсыздығына алып келеді.

Жоғарыда ғаламтордың адамның психологиясына, денсаулығына кері әсерлері жөнінде аз-кем айтып кеттік. Енді уақытты тиімді пайдалану жөнінде сөз қозғасақ. Адам баласына Жаратушы ие бұл дүниеде екі нәрсені аманатқа берген. Олар денсаулық пен уақыт. Адам өміріндегі ең маңызды сәттердің бірі жастық уақытты тиімді пайдаланып, оны ғылым мен білім үйренуге арнасақ қателеспегеніміз болар. Бұл жайында Пайғамбар Мұхаммед: «Жастық шақта алынған білім тасқа қашалып жазылған жазумен тең», - деп жастық кезеңдегі алынған білімнің маңыздылығын нақтылағандай. Ал Абай Құнанбайұлы өзінің 10 қара сөзінде былайша өрнектейді: «Ғылымсыз ахирет те жоқ, дүниеде де жоқ. Ғылымсыз оқыған намаз, тұтқан ораза, қылған хаж, ешбір ғибадат орнына бармайды», - деп Ұлы Абайдың мақсаты ғылым арқылы адамзат баласын надандықтан арылту, ақиқат жолға салу болды. Алла Тағала адам баласына өмірді бір-ақ рет беретінін естен шығармай, сол өмірдегі жастық дәуірімізді тиімді, пайдалы істерге арнағанымыз жөн.

Қорытындылай келе айтарымыз қазақ «Талапты ерге нұр жауар», - деген. Абай «Адам баласының ең жаманы талапсыздық», - деген. Өйткені жігерсіздік, ұятсыздық, кедейлік, залымдық – осы білімсіздік пен талапсыздықтан шығады. Уақыты келе заман қатып тұрмайды. Керісінше жаңа заман технологияларымен артып отырады. Ал жаңа заман жаңалықтарын тиімді меңгеретін уақыт, ол жастық кезең. Өмірдің әрбір жетістігіне жету үшін ғылым керек. Ал ғылымды біліммен шыңдау қажет. Бұл – бүгінгі ұрпақтың қастерлі борышы болса, келер ұрпақтың үлгілейтін ісі болмақ.

 

 

А.Дүйсен 

Түркістан облысының дін істері басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ

теолог маманы                                                                                 

0 пікір