Білімнің құрметі
Білімнің құрметі
28.08.2020
1043
0

  «Оқы» ия, бұл сөз бүкіл әлемдердің Раббысы болған Алла Тағаланың сөзі. Құранда Алла Тағала: «Оқы! Сені жаратқан Раббыңның атымен», - деп әмір етті. Адамзат тарихында адам баласының қол жеткізген ұлы нығметтердің бірі – білім қазынасы. Білім іздену – Ислам дініндегі ең маңызды және әуелгі бұйрықтардан саналады. Құрандағы алғашқы түскен аят та ғылымға шақырумен бастау алады. Білім – өз иесін жоғары мәртебеге көтеріп, Алланы жақсы тануға және шынайы ықыласқа жетелейді.

Қасиетті Құранның «Фатыр» сүресінің 28-аятында: «Адамдар арасында Алладан ғұламалар ғана шынайы қорқады. Расында, Алла Құдіретті және Кешірімді» - деген.

Білім – талап етуші пендені сыйлы болған жәннатқа  апарады. Муслимнің риуаятында Абу Һурайрадан (р.а) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (с.а.с): «Кім білім алуға жолға шықса, Алла оған жәннат жолын жеңілдетеді» - деген. Келесі бір хадисінде: «Дүние және ақырет жақсылығы – білім арқылы, дүние және ақырет жамандығы – надандық арқылы болады» - деп, білім алуға ынталандырған.

Ардақты Сахаба Муаз ибн Жәбалдан (р.а)  жеткен хадисте: «Білім алыңдар, себебі Алла разылығы үшін білім алу – сауап. Оны үйрену – Алланы еске алу, ілім іздену – жиһад, талап ету – ғибадат, оны үйрету – садақа. Себебі, білім адал мен арамды үйретуші, жәннат жолын көрсетуші, қабірдегі жолдас, жалғыздықтағы сырлас, қараңғылықтағы дос, қуанышта бірге болушы, қайғыда жәрдем етуші, достар алдында әшекей, дұшпан алдында қару болады. Білім арқылы пенде жоғары мәртебеге, дүниеде патшалармен бірге отыруға, жәннатта мүміндермен бірге болуға ие болады. Білім жайында пікір қылу – ораза ұстаумен, ал оны талқылау – түнімен құлшылық жасағанмен тең.  Біліммен Алланың рақымына жетеді, үкімдер өз шешімін табады, адал мен арам айқындалады, мойынсұну мен ғибадат артады» - деп, ардақты Елші (с.а.с) білімнің қадір-қасиетін жіті түсінген адамға көптеген жақсылықтар мен игіліктер болатындығын айтқан.

Мұса (а.с) пайғамбар да Аллаға дұға жасаған уақытында: «Я, Раббым! Саған ең сүйікті пенде кім» - деп сұрағанда: «Білімді талап етуші ғалым» - деп Жаратушы Иеміз жауап қатқан.

Расымен де, білім – аққан бұлақ суы секілді. Оның дәмділігіне тәнті болып, қайта дәм татқың келеді. Білім нәрімен сусындаған адам да дәл осы халді сезінері хақ.

Даналардан қалған ғибратты сөзде: «Ғалым – үммет емшісі, ал дүние – үммет дерті. Егер емші дертті талап етсе, өзгелерді қалай емдейді?!» - делінген. Білім алушы – әрдайым Хақтың разылығын табуды, асыл дінге, атамекеніне адал қызмет етуге ниетті болуы керек. Мал – дүниенің соңына түсіп, атақ пен даңққа бола білім жолына шықса, ғылымның берекетін көре алмайды. Өйткені, алғашқыда жасаған ниеті түзу болмады. Ақыретте шәһид, ғалым және жомарт есепке тартылады. Сонда шәһид: «Я, Раббым! Мен сенің жолыңда құрбан болдым» - дейді. Алла оған: «сен: «адамдар мені Алла жолында шәһид болды» - деп айтсын деген ниетің болды. Ниетіңе қарай амалың жасалды» - дейді. Жомарт келіп: «Я, Раббым! Мен сенің жолыңда дүниемді сарп еттім» - дегенде: «жоқ, сені халық: «мені жомарт  екен» - деп айтсын деген ниетің болды» - дейді. Ал ғалым келген сәтте: «Я, Раббым! Мен сенің жолыңда білім үйреніп, оны өзгелерге үйреттім» - дейді. Алла оған да: «Сен: «адамдар мені ғалым» - деп атасын деген ниетің болды» - деп айтады.  Шынтуайтында, бұл хадис білім жолына түскен барша адамзатқа үлгі болуы тиіс. Лұқпан Хакім де ұлдарына: «Ғұламалармен бірге отыр, оларға жақын бол. Өйткені, Алла жерді көк суымен нұрландырғаны секілді, жүректерді білім нұрымен жандандырады» - деп, насихат жасаған.

Білім жолына түскен адамға ешқандай іс кедергі болмауы қажет. Өйткені, Әбу Ханифаның атақты шәкірттерінің бірі – Әбу Юсуф: «Балам дүние салды. Сол күні Әбу Ханифаның дәрістері бар еді. Сабағына қатыса алмаудан қорқып, ұлымның жаназасын өткеруді басқа адамға тапсырдым» - деген. Білім алу саласында ғибрат боларлық елімізде ғұламалар көп. Тек елімізге емес, бүкіл шартарапқа атағы жайылған Әл-Фараби, Абай Құнанбайұлы, Ыбырай Алтынсарин сынды ғалымдарымыз әрдайым үлгі болмақ.

Білім алушы пенде мына төрт іске аса мән беруі шарт:

  1. Білімді дінге, елге адал қызмет ету үшін алу;
  2. Алған білімді өзгелерге үйрете білу;
  3. Білім жолындағы кедергілерден өту;
  4. Білімді алған сайын кішіпейіл болу;

Қорыта келе, адам білім арқылы жоғары дәрежелерге ие болса, алған білімімен мақтануға, даңдайсып кетпеуге, өзгелерді кемсітуден аулақ болуға дағдылануы керек. Пайғамбарымыз (с.а.с) хадисінде: «Білімді іздеу – әрбір мұсылман ер кісіге де, әйел кісі ге де  парыз», -  деп білім іздеуді еркек, әйел бәріне міндет еткен. Тағы да мына хадисінде: «Ғылымның өшіп, надандықтың жайылуы қияметтің белгілерінен» (Муслим) деу арқылы білімсіздіктің етек алуын қияметтің белгілерінен саналатынын көрсетіп, ескертіп кеткен.

Негізінен Алла Тағаланың кітабында және Оның Елшісінің (с.а.с) хадистерінде ілім сөзі жалпылай түрде келген. Сондықтан бұл сөз жақсылыққа бастайтын, жер бетін гүлдендіруге, адамдарға қажетті барлық пайдалы ғылымдарға қатысты кең мағынаны қамтитығын білуіміз керек. Білім – адамзаттың құндылықты қазынасы екендігін әрқашан жадымызда сақтайық!

 

Түркістан облысы қоғамдық дам басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ - нің

теолог маманы А.Жәлел

0 пікір