Әлем халықтарының бұрынғы тарихына көз жүгіртсек, ордалы жұрттардың барлығында дерлік ел билігі әкеден балаға көшетін дәстүр берік ұсталған. Мұндай ұрпақ жалғастығы тек билеуші әулет біржола алмасқан жағдайда ғана бұзылған. Әдетте шах, халифа, король немесе патша дүние салған соң оның үлкен ұлы таққа көтерілген. Әміршінің артында қалған ұлдың билік басына шығуына оның ақыл, қабілет дәрежесі, жасының кәмелетке толу-толмауы еш бөгет болмаған.
Тарихтағы үлкен империялардың өзінің шежіресін байыптасақ, айбарлы патшадан соң оның есалаң баласы, білікті корольден соң оның бесіктегі баласы тақ иесі деп жарияланған мысалдар көп. Мұндай әмір жүргізуге мүмкіндігі жоқ әміршілердің тұсында ханым-ана немесе оған жақын ірі феодалдар билік құратын. Орталық өкіметтің босаңсуы нәтижесінде жұрт тозған, халық күйзелген, шапқынға түскен, тіпті ел ішін өзара қырқыс жайлаған жағдайлар да ұшырасатын.
Біздің Қазақ хандығы деп аталған ежелгі мемлекетімізде билік алмасудың бұдан мүлде өзгеше түрі қалыптасты. Қазақ дәстүрінде әрбір жаңа хан өзінің тумысымен емес, болмысымен билікке жеткен, яғни ханның ұлы емес, халық-тың ұлы ретінде танылған сұлтандардың бірі көпшіліктің қалауы бойынша хан сайланған.Қоғамдағы тыныштық пен татулықты қамтамасыз ететін ол – мемлекет. Мемлекеттік құрылым және сол саяси жүйенің заңдарында басшыға бағыну арқылы қоғам баянды және бақытты жолға қол жеткізе алады. Осы себепті де Ислам шариғаты бойынша мемлекет басшысына мойынсұну діндарлықтың басты ұстанымдарының бірі болып есептеледі.
Әлемге әйгілі ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің ең танымал еңбектерінің бірі – «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары туралы трактат». Әл-Фарабидің ізгі қоғам туралы ойларына қарап, «қайырымды қаланың» яғни мемлекеттің лайықты гүлденіп, өмір сүруі үшін жеке тұлғаның қаншалықты маңызды екендігіне баса мән бергендігін аңғарамыз. Жеке тұлғаның немесе ел басшысының мемлекет дамуындағы рөлі қашан да жоғары болып келген және қазір де солай десек қателеспейміз. Әбу Насыр әл-Фараби «Қайырымды қала» туралы еңбегінде қала бақытты болудың үлкен кілті – бірінші басшыға байланысты екендігіне баса назар аудартады. Қайырымды қаланың бірінші басшысы – ол қайырымды халықтың, тіпті жер жүзін мекендейтін барша жұрттың басшысы да бола алатындығын айтады. Ол үшін бірінші басшыға тән он екі қасиет оның бойында жинақталған болуы тиіс дейді.
Әл-Фарабидің атап көрсетуінше, «қайырымды қала» басшысының бойынан табылуға тиісті қасиеттердің мағынасын аша отырып, әрбірінің қысқаша анықтамасын беруді жөн көрдім.
1. Басшының он екі мүшесі бүтін, дені сау болуы керек;
2. Ақыл-есі бүтін, айтылған сөзді ұғатын болуы керек;
3. Есте сақтау қабілеті мықты, алғыр да аңғарымпаз болуы керек;
4. Сөзі өткір, тілге шешен болуы керек;
5. Өнер-білімге құштар, оқып үйренуден шаршамайтын, білімпаз болуы керек;
6. Тамақсаулықтан, артық ішіп-жеуден, орынсыз сауыққұмарлықтан аулақ болуы керек;
7. Әділетсүйгіш болуы, озбырлар мен әділетсіздерді жақтаудан аулақ, ел-жұртқа қайырымды, мейірімді және шыншыл болуы, маңына шыншыл адамдарды жиюы, өтірікшілерден аулақ болуы керек;
8. Рухы биік, ар-намысты биік ұстайтын болуы керек;
9. Пасықтықтан аулақ, игі істерге ынтызар болуы керек;
10. Байлыққа құмарлықтан, ашкөздіктен аулақ болуы керек;
11. Бір сөзді, бірақ қыңыр болмауы тиіс, жаман қылықтарға ымырасыз болуы керек;
12. Өзі дұрыс деп тапқан істі жүзеге асыруда шешімшіл, қорқып жасқануды білмейтін батыл да ержүрек болуы керек.
Ұлы ойшыл саралап айтқан он екі қасиет басшының бойынан табылса, ол басшы өз қаласын әділдікпен басқара алатынына сенім артуға болады. Себебі, кішіпейіл, адамгершілік-имандылық тәрбиесі бар, қайратты, еңбекқор, тілге шешен, табиғатпен байланыс жасап, өнердегі әсемдікке жаны құштар, ақыл-білімге үйрете білетін, қажет болған жағдайда орынды қалжың айта алатын тапқыр басшы өз ісінің шебері болатыны даусыз.
Әл-Фараби өз туындысында феномен басшының даналық, көрегендік қасиетін әрдайым жоғарыға қояды. Басшының қабілетсіздігінен, біліксіздігінен қаланың құрып та кету мүмкіндігін жоққа шығармайды: «Егер әйтеуір бір кезде басшыларда даналық болмай қалса, онда бұлар басқа шарттардың бәріне сай келе тұрса да, қайырымды қала басшысыз қалмақ, ал қаланың өзі құрып кету қаупіне ұшырайды. Ал егер осы басшыға ақылшы етіп қоярлық бір дана табылмаса, қала біраз уақыттан кейін сөзсіз құритын болады» – деген екен.
Сондай-ақ Әбу Насыр әл-Фараби өз трактаттарында қала басшысының дара билігімен қатар, топтық биліктің түрі салтанат құру мүмкіндігі барлығын да атап өтеді. Мұны біз парламенттік-президенттік басқару үлгісі деп ұқсақ болады: «Жақсы қасиеттердiң бәрiн өз бойында ұштастыратын адам болмаса, бiрақ бұл қасиеттер бiр топ адамның арасында жеке-дара дарыған болса, онда бұл топтың мүшелерi бiрлесе отырып, әкiмнiң орнына ие болады, оларды жұрт жақсы басшылар және қадiрлi адамдар деп атайды, ал олардың басқаруы қадiрлi адамдардың басқармасы деп аталады».
Қазіргі танда болашақ басшысының ең маңызды қасиеті болып ғалымдардың ойы бойынша мотивациялық білім негізінде қызметте жетістікке жетуді бағдарлау және:
· Технологияны қолдану мақсатындағы техникалық сауаттылық;
· Көп көлемдегі мәліметтерді қайта өңдеу икемділігі;
· Коммуникацияның түрлі көздерін пайдалана білу;
· Корпорация ішінде серіктестікті ұстану.
Аталған қасиеттердің бәрі бір адамның бойында болуы қиын нәрсе, сондықтан да жаратылысынан осындай қасиет дарыған адамдар өте сирек кездеседі. Алла елшісі Мұхаммед (с.а.с) басшылық екі дүниеде де жауапкершілігі мол іс екендігін үмметіне ісімен көрсете отырып, көптеген мағыналы өсиеттерін қалдырып кетті.
Шариғат бойынша мемлекет басшысы қоғамды әділ басқарған жағдайда, шыққан тегі, ұлты, нәсіліна қарамастан халық оның жүргізген саясатына қолдау білдіруі керек. Бұл турасында Хақ Елшісі (с.а.с): «Сіздерге басшы болып тағайындалған адам мейіздей қап-қара құл болса да оған мойынсұныңыз» – деп бұйырады. Яғни, мемлекет басшысының ата-тегінен кінәрат іздеп, жеке басын кемсітетін қателіктер таңып, оған қарсы тұру шариғатқа қайшы келеді. Өткен ғасыр қойнауларына үңілсек, небір қан-құйлы залым патшалардың салтанат құрғанын көре аламыз. Алайда, тарих әлдеқашан оларға өз бағасын беріп қойған. Ал, шариғат бойынша зұлымдық көрсетпеген басшыға халықтың мойынсұнуы міндет саналады.
А.Сейдуәлі
Теолог маман
Басшының тұлғалық келбеті