Басшыға бағыну тұрақты қоғам кепілі
Басшыға бағыну тұрақты қоғам кепілі
30.03.2020
1148
0

 Ислам – қоғам ішінде бейбіт өмір мен тәртіп сақтауға шақыратын дін. Бұл әрбір адамның жаратушы Алланың алдындағы, өзгелердің алдындағы мұсылмандық міндеттерін толық орындауына мүмкіндік береді. Олай болса, үлгілі мұсылман өз мемлекетіндегі заңдарды сыйлайды, онда қоғамдық-саяси тұрақтылық пен тыныштық болуын қалайды, оның экономикалық жағынан өрістеуіне де қажыр-қайрат жұмсайды. Ол мойнына елдің келешегі жүктелген азаматтарға дұға жасап, оларға Алладан игілік тілейді. Исламның бір ойшыл ғұламасы әл Фудайл бин Ияд бірде: «Егермаған Алла анық қабыл ететін бір дұға жасауғамұрсат берсе, онда мен біздің сұлтанымызға игілік тілеп, дұға жасар едім» - деген болатын. Оның себебін сұрағандарға: «Мен өзім үшін дұға етсем, дұғам өзімнен өзге ешкімге пайда әкелмес. Ал сұлтанымызға дұға етіп, оған Алланыңмейірімі түссе, онда көптеген ұлттар, ұлыстар мейрімге бөленер еді» деп жауап қайырыпты.

Құранда: «Уа, мүміндер! Аллаға бой ұсыныңдар, пайғамбар мен араларыңнан шыққан билік иелеріне бағыныңдар», - делінген (Ән-Ниса сүресі, 59-аят). Бұл аятта ел билігі тізгінін ұстаған тұлғаларға итағат ету туралы Алланың үкімі айтылған. Демек, осы аят ел басқаратын басшыны қамтиды. Сонымен қатар, басшының бұйрығын бұра тартып, орындамау және көпті үгіттеп, қандай да бір қарекеттермен хакімге қарсы шығу ислам дінінде күнә болып саналады.

Әбу Һурайра жеткізген мына хадис шәріпте Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Кім маған бойұсынса, ол Аллаға бойұсыныпты. Кім маған бойұсынбаса, ол Аллаға бойұсынбапты. Кім басшыға бағынса, ол маған бағынғаны. Кім басшыға бағынбаса, ол маған бағынбағаны», - дейді (Бұхари, Мүсілім). Бұл хадис әр халықтың өз башысына бойұсынуы қажеттігін дәлелдейді. Имам Бұхаридің сахих хадистер жинағына түсініктеме жазған Ибн Хажәр әл-Әсқәләни осы хадисті: «Пайғамбарымыз бұл сөздерді басқаруға немесе билік атқаруға тағайындалған адамдарға бойұсынуы үшін және оларға қарсы көтерілмеуі үшін айтты. Әйтпесе, мұсылмандардың арасында келіспеушіліктер пайда болар еді», - деп түсіндіреді («Фәтх әл-Бари» кітабы). Өйткені, басшыға бағынбау алауыздық туындатуы мүмкін. Ал, алауыздық арқашанда, елдің ауызбіршілігін, жұрттын тыныштығын бұзады.

Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) тағы бір хадисінде: «Сұлтан (патша) Алланың жер бетіндегі саясы. Кім оны (патшаны) құрметтесе, Алла оны құрметтейді. Ал, оны қорлағанды, Алла қорлайды», - деп айтқан. Әрбір мүмін-мұсылман адам басшыға бағыну керектігін басты назарға алуы тиісті. Мұсылман адам басшы туралы жаман сөздер айтпауға, оған бағынуға, оны тыңдауға, оған мойынсұнуға міндетті. Өйткені, дүние мен дін істерінде басшыға бойұсынбаудың зардабы ауыр. Билеушіге бағынбаудан мұсылмандардың ауызбіршілігіне үлкен нұқсан келеді.

Сондықтан, жолда, сапарда, қыз­мет басында, қысқасы, кез-келген жерде мұсылмандардың бірі басшы болып, қалғандар оған бағынған. Күні кешеге дейін қазақ даласында да осындай ұлы өркениет белгісі сақталып келген. «Үлкен тұрып, кіші сөйлегеннен без» - деген аталы сөздің астарында осы мән жатса керек.

Әлемдегі түрлі ақпараттар тасқыны және діліміз бен дінімізге жат ағымдардың етек алуы еліміздің бірлігі мен тұтастығына нұқсан келтіру мақсатында іштей іріткі салып әрекет етуі айдан анық. Бірлігі кеткен елді әркім өз мақсатына пайдаланады. Ендеше, еліміздің бүгінгі күнін бағалай білген жанның ертеңіне  бақ қонары анық!

 

«Оңалту жұмыстарын йымдастыру»

бөлім маманы Ш.Досанбаева

0 пікір