Ақида ілімінің тарихы
Ақида ілімінің тарихы
28.11.2019
1702
0

Пайғамбарымыздың (с.а.с), оның артынан ерген сахабалар, табиғиндер мен атбаға табиғиндердің заманында діни тұрғыдағы мәселелер бойынша адамдар арасында түсініспеушілік тудыратын жайттар орын алмады. Себебі, ардақты Елшінің көзін көрген замандастары барлық сауалдарына қанағаттанарлық жауап ала білді. Уахи етілген Құран Кәрім аяттарын пайғамбар хадистері толықтандырған, Ислам дінінің шырқау шегіне жеткен уақытында дін мәселелері соқырға таяқ ұстатқандай айқын, кемел еді.

Ілімнің маңыздылығын түсінген сахабалар шариғат пен ақида ілімдеріне мұқтаж емес-тін, дін және дүниауи ілімдерді пайғамбарымыздан тікелей сұрауына мүмкіндік бар болатын. Сахабалардың қасиетті Құранда келген әмірлер мен тыйымдар, қиямет жайлы, жәннат пен тозақ жайлы аяттарды сұрағандары рас, алайда, олар Алланың Өзінің сипаттары жайлы баян етілген аяттар турасында пайғамбарымызға жүгінбеді. Себебі, ол уақытта сахабалар Құранды жаттаумен қатар, пайғамбар хадистерін де жаттауды, үйренуді басты мақсат тұтқан еді.

Ақиқат діннің әлемнің шығысы мен батысына тарап, түрлі қауымдардың ислам дінін қабылдауы шынымен де көңіл қуантарлық жай болды. Діннің жайылуымен қатар, түрлі сахабалар ойланып көрмеген түрлі мәселелердің туындауына байланысты кейбір ілімдерді, оның ішінде ақида ілімін меңгеруге мұқтаждық тудырды.

Пайғамбарымыз өмірден озған соң Сахабалар арасында кейбір мәселелерде «ихтилафтар» болғаны сөзсіз.

Осы тұста аса маңызды мәселені ескере кеткен жөн. Ақида мәселелерінде орын алған түсініспеушіліктер сахабалар, табиғиндер мен атбаға табиғиндердің кемшілігінен немесе білімсіздігінен емес, бәлкім сол уақыттардағы мұсылмандардың арасына салынған «фитна» деп қарастыруымыз ләзім. Біздер ардақты Елші Мұхаммедке (с.а.с) сахаба атануға лайық болған ізгілерді «біздерге жол сілтеуші жұлдыздар» деп білеміз. Себебі, екі әлем сардары Мұхаммедтің (с.а.с) артынан ерген салаф-салихтар жайлы жаман пікір қалыптастыру, ойлау бүгінгі мұсылман қауымына лайық амал болып табылмасы анық. Былай айтуымызға себеп, Абу Ханифа: «Елшінің (с.а.с) сахабалары туралы біз тек жақсы нәрсе айтамыз»[1].

Абу Ханифа былай деген: «Алла Елшісінен кейін (с.а.с) ең игі адамдар Абу Бәкр, Омар, Осман және Али болып табылады, ал Аллаһтың Елшісінің (с.а.с) өзге барлық сахабалары туралы біз тек ең жақсы сөз айтамыз»[2] деген сөзі дәлел.

Пайғамбар (с.а.с) қайтыс болған шақта Ислам дінінің қайнар көзі Құран аяттары мен хадистерді әр түрлі түсінікте қабылдау арқылы қоғамда бқлінушілік пайда болды. Оның ішінде, Хауариж, Рафида, Муржия, Қадария, Жаһмия және Мұғтазила топтары ақида мәселелерінде өз сенімдерін алға тартты. Бұл һижра бойынша 200 жылдар шамасы болатын.

Сенім жайында ең әуелгі тағдыр мәселесін өзінің қате түсінуімен қатар, басқа да мұсылмандарды адастырған Мағбад әл Жүһани болды. Оның айтуынша, адамның барлық іс-әрекеттері өз еркімен жасалады. Омар (р.а) кезінде: «Арақ ішіп, дүре соғылушы адамнан: Не үшін мұндай әрекетке бардың? деген сұраққа: Тағдырымда осылай жазылған» – деп жауап беруі арқылы тағдыр мәселесінде үлкен қатеге бой алдырды.

Сонымен қатар, аталған кезеңде мұсылмандар арасында Құранның жаратылғандығы жөнінде жаңсақ пікір таратушылар да болды. Бұл ұстанымды қолдаушы топтардың бірі – мұғтазилалар еді. Олардың пікірінше,  Құран Кәрім жаратылған. Сонымен қатар, Құранның жаратылғандығы турасында Каррамиялар да шет қалмады. «Құран Кәрім қадим, яғни, бастауы жоқ, себебі, ол Алланың сөзі, ал Алла Тағала болса қадим. Сол үшін де Алланың кәләмі қадим болуға әбден лайық» деген көзқарасты ұстанды.

Осы тұрғыда әһлус сунна уал жамаға ғалымдарының көзқарастарын келтіріп кеткен жөн болар.

Имам Абу Ханифа «әл Уасия» кітабының 4-өсиетінде: «Шын мәнінде Алланың кәләмі Құран жаратылмаған деп иман келтіреміз. Ол қағаз беттеріне жазылған, тілмен оқылатын, жүректерде сақталған…

Кімде-кім Хақ Тағаланың сөзі жаратылған десе, ол адам діннен шығады» [3] делінген.

Суфиян ас Саури: «Кімде-кім (Айт ол Алла жалғыз. Алла мұңсыз) дегенді жаратылған десе, ол адам діннен шығады» деп айтады.

Имам Ахмад бин Ханбал: «Құранда Алланың есімдері баян етілген. Құран Алланың ілімі. Кім Құран Кәрімді жаратылған десе діннен шығады» деп келтіреді.

Пайғамбарымыз (с.а.с) өзінің хадисінде: «Екі нәрсені өзімнен кейін тастадым. Егер сол екеуінен мықтылап ұстансаңдар, адасуда болмайсыңдар. Әлбетте ол Құран мен сүннет»[4] деп қияметке дейінгі мұсылмандарды тура жолға бастайтын нәрсе Құран Кәрім мен хадис екендігін баяндайды.

 

«Оңалту жұмыстарын ұйымдастыру»

бөлімінің басшысы М.Мұстафаев



[1] «әл-Фиқһ әл-Әкбар», 304 бет

[2] «ән-Нур әл-Ләми», 119 бет

[3] «Әл Уасия» Имам Абу Ханифа, 93 бет

[4] Сахих Муслим, 1218

0 пікір