XX ғасырдың бас кезіндегі ұлт-азаттық қозғалыс тарихының өзекті мәселелерінің бірі – Алаш партиясының құрылуы, оның тарихи негіздері, саяси әлеуметтік сипаты және тарихта алатын орны. Қазақ зиялылары саяси партия құру әрекетін бірінші орыс революциясы жылдарында-ақ қолға алған болатын.
Алаш идеясы – қазақтың мемлекеттік, елдің ұлттық идеясы. Өйткені Алаш – халқымызды бесігінде тербетіп, есейіп ат жалын тартып мінгенде бойына күш-қуат және сенім берген ұлттық идея. Алаш – ұлттың өзін бөлінбес тұтас жер, яғни территория ретінде сезінуі. Алаш – ұлттың аспан асты, жер үстінде өз орны бар ел ретінде өз еншісі мен үлесін анықтау харакеті.
XX ғасырдың басындағы елдегі аласапыран қиын кезеңде халықтың қамын ойлаған саяси күш – Алаш қозғалысы болатын. Алаш партиясы – қазақтың тұңғыш ұлттық-демократиялық партиясы (1917-1920). Тарихшы Оливье Руаның айтуынша, «Алаш» қозғалысы Орталық Азия аумағындағы тұңғыш кәсіби түрде құрылған партия болатын. Партия идеялары мен тұжырымдарын қырғыз бауырларымыз да қолдап, қосылғанды. Және де, өздеріңіз білетіндей, «Алаш» партиясының құрамына еліміздің бетке ұстар азаматтары кірген. Осы қозғалыстың басында – саяси мәдениеті әлемдік деңгейге көтерілген, оқыған, сауатты, кәсіби даярлығы заманына сай адамгершілік-имандылық қасиеттері ата-бабамыздың сан ғасырлық қастерлі құндылықтарымен сусындаған Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Тынышбаев басында болса, ағалары салған дара жолды М.Жұмабаев, С.Сейфуллин, М.Шоқай, С.Сәдуақасов, Ж.Аймауытов, М.Әуезов тағы басқалар одан әрі дамытты.
1917 жылғы 21-26-шілде аралығында Орынбор қаласында өткен жалпықазақ съезі қазақ саяси партиясын кұру туралы мәселе қарап, мынадай шешім қабылдайды: «Қазақ халқының өз алдында саяси партиясы болуды тиіс көріп, бұл партияның жобасын жасауды съезд «Шураи исламға» сайланған қазақ өкілдеріне тапсырды. Партияның негізгі демократиялық, федеративтік парламенттік республикаға кұрылмақ …». Партияның ұйымдық тұрғыдан құрылуы күзге, яғни бүкілресейлік құрылтай жиналысына депутаттар сайлау науқанына тұстас келді. «Қазақ» газеті (1017, №244) бас мақаласында партияның атын «Алаш» қойып, оған тілектестерді Құрылтай жиналысына депутаттыққа кандидаттар тізімін осы партияның атынан жасауды ұсынды. Сонымен бір мезгілде «Қазақ басқармасынан барлық облыстардағы қазақ комитеттеріне қазақ саяси партиясының атын «Алаш» қою туралы жеделхаттар жіберілді. Алаш партиясының облыстық ұйымдары 1917 жылы қазан айынан қалыптаса бастады.
«Алаш» партиясының бағдарламасы – алғаш рет 1917 жылдың қарашасында «Қазақ» газетінде жарияланған бағдарлама. Оны жасаушылар Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатов, Е.Ғұмаров, Е.Тұрмұхамедов, Ғ.Жүндібаев және Е.Бірімжанов. Бағдарлама мынадай тараулардан тұрды: мемлекеттің типі, жергілікті бостандық, негізгі құқық, дін ісі, билік һәм сот, ел қорғау, салық, жұмысшылар, ғылым-білім үйрету, жер мәселесі. Бұл бағдарлама өзінің мақсаты мен мазмұны жағынан сол дәуірдегі саяси-қоғамдық қажеттіліктерді толық қанағаттандыра алатын құжат екендігі байқалады. «Алаш» партиясының маңызды әрі басты құжаты, оның демократиялық, гуманистік принциптерге негізделген саяси құрылым екендігін көрсетеді. Бағдарламаның мазмұнынан Семей облыстық қазақ съезінде көтерілген мәселелер көбірек көрініс тапқаны аңғарылады.
1917 жылы 12 желтоқсанда өткен съезде қабылдаған шешімінің 6-бабында былай делінген: «Алаш облыстарын (съезде жарияланған Алаш автономиясын) қазіргі бүліншіліктен қорғау мақсатымен Уақытша ұлттық кеңес құрылсын. Мұның аты «Алашорда» болсын. Бұл туралы Әлімхан Ермеков былай деп тебірене жазды: «…желтоқсанның 12-і күні, түс ауа, сағат 3-те Алаш автономиясы дүниеге келіп, азан шақырылып ат қойылды. Алты алаштың баласының басына Ақ орда тігіліп, Алаш туы көтерілді. Үлкен ауылдарға қоңсы қонып, шашылып жүрген қырғыз-қазақ жұрты өз алдына ауыл болды («Сарыарқа», 1918 жыл 22 қаңтар).
Съезд шешімінде көрсетілгендей Уақытша Ұлттық Кеңес – Алашорданың құрамына Қазақстанның барлық аймақтарынан 15 адам сайланды: Уәлитхан Танашев (Бөкей Ордасынан), Халел Досмұхамедов (Орал облысы), Айдархан Тұрлыбаев (Ақмола облысы), Халел Ғаббасов (Семей облысы), Мұстафа Шоқай (Сырдария облысы), Садық Аманжолов (Жетісу облысы) т.б. Алашорда құрамына облыстардан тыс халыққа кеңінен таныс қайраткерлер: Ғалихан Бөкейханов, Жаһанша Досмұхамедов, Әлімхан Ермеков, Мұхаметжан Тынышбаев, Бақыткерей Құлманов, Жақып Ақбаев, Базарбай Мамытов, Отыншы Әлжанов сайланды. Алашорда құрамына сайланғандар түгелге дерлік жоғары білімді зиялылар еді.
ХХ ғасырдың бас кезіндегі ұлт зиялыларының қазақ мемлекетіндегі діннің орны туралы әртүрлі көзқараста болғандығын байқаймыз. Бұған мысал ретінде қазақ даласындағы іргелі басылымдар болған «Айқап» журналы мен «Қазақ» газетінің өкілдерінің арасында мемлекеттегі діннің орнына байланысты келіспеушіліктер орын алған. Бір жағынан, Ресейде білім алып, орыс әдебиеті мен мәдениетінен сусындаған зиялы топ халықтың жарқын болашағын батыстың озық мәдени үлгілерін қабылдау арқылы түсіндірді және дінді екінші орынға қойды. Сөйте тұра, олар ата дініміз – исламды, салт-дәстүрімізді халықтың маңызды рухани құндылығы ретінде көздің қарашығындай сақтауды ұстанған. Екінші жағынан, исламдық рухта тәрбиеленген, ислам дінінің үлгілері мен ережелерін өз бойына терең сіңірген зиялы қауым дінді басты орынға шығарды. Олар Ислам ілімінің ғылым мен білімнің дамуына зор ықпалын көрсете келе, ұлт тұтастығын діни тұтастықпен тікелей байланыстырды.
Алаш қозғалысының өрістеуінде Ислам дінінің орнын айрықша атап өткен дұрыс. Оған үш түрлі себеп бар: біріншіден, Алаш зиялыларының имандылығы, екіншіден, мұсылманша тәрбие көріп, білім алуы, үшіншіден, ұлтқа деген шынайы жанашырлығы. Қозғалыстың қарқынды жүргізілуіне Мұсылман съездерінің, Мұсылман фракциясының, «Шура-И-Ислам» сияқты қоғамдық саяси ұйымдардың ықпалы зор болғандығын байқаймыз. Аты аталған ұйымдардың ішінде «Шура-И-Ислам» саяси ұйымы 1917 жылы мамырда Мәскеуде өткен бүкілресейлік мұсылман съезінің шешіміне сәйкес құрылды. Бұл ұйымның негізгі қызметі: біріншіден, мұсылмандардың, екіншіден, олардың қоғамдық ұйымдарының Құрылтай жиналыстарына дейінгі іс әрекеттерін қадағалап отыру. Ұйым өз жұмысын тек Қазан төңкерісіне дейін жүргізді. «Алаш» партиясының бағдарламасына да дін ісі жеке тарау ретінде енгізіліп, күн тәртібіндегі басты мәселелердің бірегейі ретінде қарастырылды.
Өздерінің алдына ел тағдырына байланысты, елдегі билік жүйесіне байланысты мақсат қойды, елдікке ұмтылды. Бірақ, бұл мақсаттарына жете алмай, алаш зиялылары, интелегенциялары сол жолда құрбан болды. Алаш партиясының әр мүшесі қудаланып, атылды. Тек саусақпен санарлық бөлігі ғана қашып құтылды.
Әйтсе де, «Алаш» партиясы және оның айбарлы қайраткерлері ел тарихынан үлкен орын алып, халықтың жүрегіне елдікке деген сенім мен үміт ұялатты.
Сол аумалы-төкпелі қара түнек кезеңде сәуледей жарқырап шыққан Алаш партиясының тағдыры діттеген мақсатына жете алмай аяқталады. Ғұмыры аз болса да, елге еткен еңбектері еш зая кетпегені анық. Халықтың тағдырына бас ауыртып, елдік пен егемендікті аңсаған ата-бабаларымыздың салған даналыққа толы, дара жолы осылай тәмамдалды.
А.Тағай
Түркістан облысы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы»
КММ теологы
Алаш һәм дін