Әбу Ханифаның Алладан қорқуы және тақуалығы
Әбу Ханифаның Алладан қорқуы және тақуалығы
14.02.2019
822
0

Язид ибн Камит: «Әбу Ханифа Алладан қатты қорқынышта болатын. Бірде Али ибн Хусайн деген азаншы құтпан намазына «Зилзәла» сүресін оқыды. Әбу Ханифа саптың артында еді. Намаз біткеннен кейін адамдар тысқа шыға бастады. Сонда мен Әбу Ханифаның жүзіне қарағанымда отырған күйде терең тыныстап, қатты ойланып отырғанын көрдім»-дейді.

Меккелік Ибраһим: «Көптеген Куфалықтармен мәжілісте болдым. Солардың арасынан Әбу Ханифадан тақуарағын көрмедім»-дейді.

Яхиа ибн Қаттан: «Әбу Ханифамен бірге талай сұқбаттарда болып, оның сөздерін тыңдадым. Алла атымен ант етейін! Оның жүзіне барлап қарайтын болсаңыз оның Алладан қатты қорқатынын оның бет-әлпетінен оқысаңыз болатын еді»-дейді.

Ибн Һишам: «Әбу Ханифа аманатқа өте берік адам еді. Егер бір сұлтан оны қазынаның басшысы етіп тағайындауды немесе арқасынан дүре соғуды ұйғарса, ол сөзсіз Алланың азабынан гөрі бұл дүниедегі азапты қалап, өзіне дүре соғуды таңдап алар еді»-дейді.

Хасан ибн Салих: «Әбу Ханифа тақуалығы соншалық харамнан қатты сақтанатын еді. Кейбір халал нәрселерден күмәнданатын болса оны да өзінен аулақ ұстар еді. Одан өткен тақуа, өзінің нәпсісіне және біліміне сақ адамды ешқашан көрмедім. Сондай-ақ оның бұл сақтығының бәрі қабірге даярлық еді»-дейді.

Сахл ибн Музахим: «Әбу Ханифаның үйіне кіргенімізде оның үйінен тек қана қамыстан тоқылған алашадан басқа еш нәрсе көрмедік»-дейді.

Мужалид: «Һарун Рашидпен бірге отырған кезімде, біздің үстімізге кездейсоқ Әбу Юсуф кіріп келді. Сонда Рашид оған қарап тұрып маған Әбу Ханифаның мінез-құлқын сипаттап берші дегенде, ол: «Алланың атымен ант етейін! Алла Тағала харам еткен нәрселерден өзін барынша тиған, байлардан алыс жүретін, үнемі үнсіз, ой үстінде жүретін орынсыз көп сөйлейтін мылжың емес еді.

Бір мәселе жөнінде сұралатын болса, білсе жауап беретін. Ей, мүміндердің патшасы! Өзі үшін және діні үшін көп ойланатын, сондай-ақ өз бойындағы кемшіліктерді тезінен түзеуге әрекет ететін. Ешбір жанды сыртынан ғайбаттап жамандамайтын керісінше оның жақсы жақтарын айтатын еді. Сонда Рашид: «Міне бұл ізгі адамдардың мінез-құлқынан!» деді.

Шарик әл–Қази: «Әбу Ханифа көп ойланып, аз сөйлейтін сондай-ақ фиқһ үкімдеріне ыждаһаттылықпен көңіл бұратын. Өзінің қол астындағы шәкірттеріне өте шыдамдылықпен, байсалды түрде тәлім беретін. Егер шәкірті қолында жоқ кедей болса оны қажетті нәрселермен қамтамасыз ететін. Сондай-ақ оның жанұясына да жәрдем беретін. Шәкірті алдынан оқып бітіріп шықса оған: «Харамды халалдан ажыратып, орасан зор байлыққа ие болдың»-дейтін. Сондай-ақ кемеңгер әрі ақылды адамдар арасында таласып-тартысудан аулақ жүретін ізгі жан еді»-дейді.

Имам Зуфар: «Әбу Ханифамен 20 жылдай сұқбатта болдым. Адамдар арасында одан бауырмашыл, одан шыншыл пенде көрмедім. Бар күш-жігерін ілімге және Аллаға құлшылық жасауға арнайтын. Мәжілістен тұрғаннан кейін аурулардың көңілін сұрайтын немесе жаназаға қатысатын немесе кедей адамдарға қарайласатын немесе олардың мұқтаждығы үшін ары бері жүгіретін. Күн батып, түн болған кезде құлшылыққа отырып, Құран оқитын. Осы тәртіппен өмірінің аяғына дейін осылай күн кешірді.

Әбу Ханифа өмірінің 52 жылын Умеядтар заманында 18 жылын Аббасидтер дәуірінде өткізді. Бұл екі династия пайғамбарымыздың (с.а.с.) ұрпақтарын жасқы көрмей, оларды үнемі қуғындыққа ұшыратып отырды. Олардың соншалықты қысым жасауының себебі – қолдағы биліктен айрылып қалмау еді. Имам Ағзам қашанда Алланың елшісінің ұрпағының жанында болып. Оларға қолдау көрсетіп отырды. Бұл – әділеттілікті жақтау мен пайғамбарымызға деген сүйіспеншіліктен туған іс-әрекет еді.

Әбу Ханифа осы екі ерекшелігі үшін екі династиядан қорлық көрді. Бірде Умеядтардың ең соңғы халифасы Мәруан ибн Мұхаммедтің Ирактағы әкімі Язид ибн Омар ибн Хубайра Әбу Ханифаның «Сейіттерге» жақтасқанын біліп, шақырып алып әдейі сынады. Мемлекеттік әртүрлі лауазымды қызметтерді ұсынды. Барлығын қабыл етпеді. Оны зынданға тастап, жапа шектірді.

Рашид Уасиди: «Күнде зынданнан шығарып, қамшымен он мәрте ұратын. Тіпті жүз он дүре соғып, қазылықты қабыл ет!» - деп күштейтін. Ол да: «Мен бұған лайық емеспін», - деуден танбайтын. Дүре соғылып жатқанда: «Алла, құдіретіңмен мыналардың жамандығынан сақта», деп дұға ететін.

Әбу Жағфар Әл-Мансур бірде Әбу Ханифадан: «Ей, Нұғман, ілімді кімнен алдың?» -деп сұрайды. Әбу Ханифа: «Омардың ізбасарларынан, Әлидің ізбасарларынан, Абдулла ибн Масғудтың ізбасарларынан алдым. Ибн Аббастың заманында одан ілімді ешкім болмады»,-деп жауап береді.

«Ханафи мазхабы – ұлттық құндылықтарымыздың ұстыны»

кітабының 52-бетінен алынды. Авторлар

Мәди Бесбаев, Медет Халықов

0 пікір