Ұлы Абайдың шығармашылық мұрасы-халқымыздың ғасырлар бойы маңызын жоймайтын рухани қазынасы. Маңызын жоймау былай тұрсын, заман өзгеріп, коғамдык санада күрт сапырылыстар пайда болған сайын бұл қазына өзінің жаңа бір қырларымен жарқырай береді. Абай шығармаларының басым көпшілі оқырманның өзіне таныс, казақ ауылының күнделікті өмірінің нақты көріністері өсиет сөздердің арасында қатар өріліп отырады.
Әрбір тыңдаушы мен оқушы, әсіресе талапкер жас азамат тұрмыс, тіршіліктің езіне жиі ұшырасатын таныс жағдайды көреді, сонда өзін қалай ұстап, қайткенде дұрыс жол тауып кетемін деген сұраққа тиянақты жауап табады. Әуелінде халқын бірлікке, татулыққа шақырса, кейін адал еңбекке, оқу-білімге, адамгершілікке үйретіп, шын мәнісіндегі жақсы адам болудың шарттарын айтты. Солардың ішіндегі ең бастысы, толық адамдықтың ең маңызды үш қасиеті деп ақыл, қайрат, жүрек үшеуін шегелеп айтып, соларға ғылымды төреші етіп кетті. Ақынның өлең шумақтарының бірінде:
«Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,
Сонда толық боласың елден ерек.
Біреуінің күні жоқ біреуінсіз,
Ғылым сол үшеуінің жөнін білмек»,- деп өлеңмен түйіндеп берді.
Абайдың қара сөздерінде көп қайталанып, кең көлемде пікір туғызатын күрделі тақырып - дін, мұсылманшылық жайы. Кешегі кеңестік идеология тұсында бұл түгелдей дерлік тыйым салынып, ауызға алынбай келген такырып болатын. Біздің бергі тарихымызда тек ағартушы-демократ, философ, ойшыл, ақын, жазушы деген айдармен ғана маңдайға басып, бетке ұстаған тұлғамыздың бірі. Абайды атеистік заманда діншіл етіп көрсетуге әсте де болмайтын, тіпті оның жалпы діни түсініктері туралы да онша көп сөз қозғалмайтын. Абайдың діншілдігі жөнінде Мұхтар Омарханұлы: «... Абай анық діншіл ақын. Діні - исләмият жолының қағидаларына табынған, мұсылманшылықтың Алласын, пайғамбарын, иманын үнемі ауызға алып отырған дін ұстазының ұғым-нанымын көрсеткендей» - деп пікірін білдіреді.
Абайдың қара сөздері ішінде көлем жағынан да, мазмұндылық жағынан күрделі, діннің қаймағы, нағыз рухани мұрасы, тіл-стиль ерекшелігі жағынан да ерекше, бөлек тұрған шығармасының бірі отыз сегізінші қара сөзі. Бұл сөзде ақын дін, ғибадат, адамгершілік, табиғат, қоғам, ғылым, өнер, жайлы мәселелерді қозғайды. Адамзат баласын қалай тәрбиелеуді, баланы ғылым-білімге қай уақытта баулу, тұрмыс-тіршілігін барлығын әдемі келтіреді. Осы отыз сегізінші қара сөздің бірінде: «Әуелі адамның адамдығы - ақыл, ғылым деген нәрселерменен. Оған қол жеткізу үшін алдымен табанды мінез бен таза денсаулык керек екен. Бұлар - кісінің туысынан болатын табиғи қасиеттер. Қалғандарының бәрі ата-ана тәрбиесімен, айналадағы ортаның әсерімен және ұстаздың үйретуімен келеді. Ғылым-білімге құштарлық сол айтылғандар арқылы пайда болады. Оны бала өздігінен іздеп таппайды. Ол үйретумен, баулумен келеді. Бала үйрене келе, өзі шын ықыласпен іздегендей болғанда ғана шынайы адам деп ойлауға лайык. Содан кейін Алла тағаланы, өзін, дүниені танып-біліп, жақсы- жаманды айырарлық дәрежеге жеткенде ғана ғылым-білімді білер деп үміт етуге болады. Онсыз ол шала күйінде қалып, қиянатшылыққа салынуы ықтимал. Алла тағаланың өзі-хақиқат, растықтың жолы. Қиянат-хақиқат пен растықтың дұшпаны. Адамның ғылымы, білімі хақиқат пен растыққа яғни шындыққа құмар болып, әр нәрсенің мәнін, хикметін яғни құпия сырын білмекке әуестікпен табылады. Ғылым - Алланың бір сипаты; ол - хақиқат, оған құштарлықтың өзі хақтық және адамға тән сипат. Малжандылық, мақтанқұмарлық, атақ-даңққа әуестік жолымен ғылым- білімнің хакиқаты табылмайды»- дейді.
Мұның бәрі - ұстаздық ұстанымды еске ала отырып, педагогикалық ереже қисындарына мойын бұрғызу мақсатында айтылған сөздер. Одан әрі кұран, хадистер, мен мораль шарттарын қатар араластыра отырып, жақсы адамгершіліктің сипаттары баяндалады.
Қорыта келгенде Абайдың даналық мұрасындағы аса бір нәрлі де мәнді бөлігі - оның Адам мен Табиғат, Жақсылық пен Жамандық, Еңбекқорлық пен жалқаулық, Алла мен адамды, Өмір мен Өлімді, өмірдегі барлық қасиеттерді беретін рухани қазына. Болашаққа даналықты өсиет етіп калдырды. Заман өткен сайын жаңа бір қырларымен жарқырай ашылып отыратын әулиелігімен халқының ғасырлар бойы қадір-қасиеті кемімейтін абырой-беделіне айналды. Ақын мұрасы - халқымыздың сарқылмас асыл қазынасы. Ол адам тіршілігінің сан саласын қамтып, бүгінгі мен болашақты ұштастырған ақын әр сөзімен кымбат.
Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ – нің
Сайрам ауданындағы теолог маманы Битанов Жангелді Нұрғалиұлы
Абайдың рухани мұрасы