Абай адам тұлғасының маңыздылығын терең түсінді, адамды жоғары қойып, «Адам бол!» қағидасын философиялық деңгейге көтерді. «Адам бол!» қағидасы адамгершілік қарым-қатынастардағы ақылдың мәнін түсінуге мүмкіндік береді, өйткені адами қатынасты адамның адамға деген сыртқы назары тұрғысынан ғана емес, адамның өз-өзіне деген ішкі назары, әр индивидтің ішкі дауысы тұрғысынан айқындап, сипаттайды. Абай адамгершілік қатынас белгілі бір жағдайларға немесе ережелер мен дәстүрге сай әрекет етуді ғана емес, ішкі ниетіңе сай, өз ақылыңа жүгіне отырып әрекет ету деп бағамдайды.
Адам болу ең бастысы, Аллаға иман келтіріп, білімге, әділеттілік пен қайырымдылыққа ұмтылу дегенді білдіреді. Бұл Жаратушының адамға көрсеткен бағытымен жүру, яғни жақсылық жасап, білімге құштар болу, жанашыр әрі адал болу дегенге келіп саяды.
Абай адам үшін ең басты қажеттілікке білім мен өнерді жатқызды, сондықтан адамның жан азығы – білуге құмарлығы, бұл болмаса оның малдан айырмашылығы жоқ деп кесіп айтты. Білмекке құмарлықты қанағаттандыру – дүниенің көзге көрінген және көрінбеген қасиеттерін танып білу, іздену, сұрап білу, ғылымға ұмтылу, дүние сырын білу, бұлар көкірекке сәуле, көңілге сенім береді деп өмірдің адам болмысы үшін шынайы мән мағынасын айқындады. Ал өнер, ғылымды қайдан үйренуге, қалай білуге болады деген сұраққа өзінің Жиырма бесінші қара сөзінде ең жақын солтүстік көрші Ресейді өнеге тұтты: «Орысша оқу керек, хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да – бәрі орыста зор. ...Оның себебі олар дүниенің тілін білді, мұндай болды. Сен оның тілін білсең, көкірек көзің ашылады». Онан әрі хакім ғылым мен өнердің – дүниенің кілті екенін, оны білгенге дүние арзанырақ түсетінін шегелеп айта отырып: «Турасын ойлағанда, балаңа қатын әперме, енші берме, барыңды салсаң да, балаңа орыстың ғылымын үйрет! Мына мен айтқан жол – мал аяр жол емес. Құдайдан қорық, пендеден ұят, балаң бала болсын десең – оқыт, мал аяма»,-деп ойын барынша жан-жақты, тиянақты түйіндейді. Алайда Абай орыстың тілін, оқуын, ғылымын білгенде оның пайдасына ортақ болумен қатар «зарарынан қашық болуды» да естен шығармауды ұсынды, ойсыз бас шұлғи беруден сақтандырды.
Қоғамдық сананың эволюциясының жемісі – ғылым ерекше құндылық ретінде пендеге адам болып қалыптасу үшін маңызды құбылыс екені ақын шығармашылығында төмендегідей өлең жолдарымен айтылады.
Ғылым таппай мақтанба,
Орын таппай баптанба,
Құмарланып шаттанба,
Ойнап босқа күлуге
Бес нәрседен қашық бол,
Бес нәрсеге асық бол,
Адам болам десеңіз-деп, адамның бойына оның өзімшіл табиғи болмысы арқылы орныққан менмендік, нәпсіқұмарлық тұрлаусыздық сияқты қасиеттеріне шектеу қоюға тырысады.
Адам болам десеңіз бес нәрседен: яғни өсек, өтірік, мақтаншақтық, еріншектік, бекер мал шашпақтық (ысырап) аулақ болу, кесірінше, бес нәрсеге: талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым деген қасиеттерге ие бол! деп тайға таңба басқандай қылып жаман мен жақсыны, адамдық пен арамдықты, кісілік қасиет пен жануарлық тірлікті, бір-біріне қарама-қайшы түсініктерді ажыратып береді.
Абай өзінің көптеген қарасөздерінде адам тәрбиесіндегі еңбектің рөліне ерекше мән берді. Ол өз елін солтүстік, оңтүстік көрші жатқан аймақтармен, көрші халықтармен салыстыра отырып, олардың артықшылықтары өнерлерінде, кәсібінде, сауда-саттықпен айналысуында екенін атап көрсетеді. «Еңбек етіп, мал табудың да жөнін солар біледі, салтанат, әсем де соларда», «Оның бәрі – бірін-бірі қуып қор болмай, шаруа қуып, өнер тауып, мал тауып, зор болғандық әсері»,-деп өзге елдердің өнегелерін үлгі етті. Отыз жетінші қара сөзінде: «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың, адамшылықтың қарызы үшін еңбек кылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың». Ал Төртінші қара сөзінде: «Қулық саумақ, көз сүзіп, тіленіп, адам саумақ – өнерсіз иттің ісі»,- деп адам болмысына қайшы қасиеттерді барынша өткір, аяусыз сынаса, «Әуелі Құдайға сыйынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді сау, еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды»,-деп адал еңбекті марапаттады, халықты осы еңбекке шақырды, үндеді.
Ойшыл қазақ қоғамы осылай өзінің рухани дамуында түбегейлі өзгерістерді қажет етіп отырғанын және мұндай өзгерістер ең бірінші білім мен ғылымның арқасында ғана жүзеге асатынына өз қарасөздерінде қайта-қайта оралып отырды. Адам баласының білім арқылы өз ақыл ойын, дарын қабілетін, таным түсінігін, рухани өресін, адамгершілік пен имандылық қасиеттерін үнемі, тоқтаусыз жетілдіре, байыта түсетініне сенді, оған бойдағы бар күш-жігерді мақсатты түрде жұмсап отыруды қажет деп санай отырып, Отыз сегізінші қара сөзінде күллі адам баласын қор ететін ортақ үш нәрсенің барын, содан қашудың қажетігіне кеңірек тоқталады. «Күллі адам баласын қор ететін ортақ үш нәрсе бар. Сонан қашпақ керек. Әуелі – надандық, екінші – еріншектік, үшінші – залымдық деп білесің»- деумен шектелмей, автор олардың ішкі себеп-салдарларын жан-жақты ашып берді. «Надандық – білім-ғылымның жоқтығы, дүниеден ешнәрсені оларсыз біліп болмайды. Білімсіздік хайуандық болады»,-деген ойын: «Надандықтың кесапаты әр жерде-ақ маңдайымызға тисе де, ата жолдасымыз болған соң, біз де қиып айрылмай келеміз. Олжалы жерде үлестен қағылғанымыз – бәрі надандық кесапаты. ...Дүниеде ерге теңдік, кемге кеңдік, азды көпке теңгеретін ғылым менен өнерді, елсізді елдіге теңгеретін, жоқты барға теңгеретін ғылым менен өнерді керек қылатын қазақ аз»,-дегенмен жалғасыра түсті, замандастарын ойға алып налыды.
Адам болмысын, оның жеке асыл қасиеттері туралы көп толғанған, ылғи да толғаныс үстінде болған, қазақ қоғамы үшін келешек ғасырларға, бүкіл адамзатқа қызмет ететін мол мұраның иесіне айналған Абайды тану, оның шыңына көтерілу, оның ұлылығын, нағыз ойшылдығына терең бойлау – аса маңызды мәселе. Әсіресе, Абай танымындағы адамның әлеуметтену үдерісін білу, зерттеу, бүгінгі тәуелсіз елімізді тұғырлы ете түсуде адам факторының ерекше маңызды екеніне көңіл бөлу қажет-ақ.
А.Сейдуәлі
Түркістан облысы дін істері
басқармасының «Дін мәселелерін
зерттеу орталығы» КММ-нің теолог маманы
Абай шығармаларының негізі – «Адам бол!»