Қоғамдағы тұрақтылық пен бейбітшілікті сақтау – кез келген мемлекеттің басты міндеттерінің бірі. Әсіресе, діни қатынастарға қатысты мәселелерде заңдылықты сақтау өте маңызды. Қазақстан Республикасы демократиялық, зайырлы және құқықтық мемлекет ретінде әрбір азаматқа ар-ождан және діни сенім бостандығына кепілдік береді. Бұл құқық Конституцияда бекітілген. Дегенмен, діни қызметпен айналысуда белгілі бір құқықтық нормалар бар. Оларды бұзу – қоғамдағы тұрақтылық пен ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіруі мүмкін. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан Республикасында «заңсыз миссионерлік қызмет» ұғымы бар.
Миссионер кім?
Миссионерлік латын тілінде «missio» сөзі – тапсыру, аманат ету деген мағынаны береді екен. Демек белгілі бір діннің аманатын арқалай отырып, сол дінді немесе діни ілімді насихаттаушы. Миссионер – белгілі бір діни ағымның немесе конфессияның көзқарастарын таратып, адамдарды сол дінге шақырушы тұлға. Ол діни уағыз айтуы мүмкін, әдебиеттер таратады немесе діни жиналыстар ұйымдастырады. Қазақстан заңына сәйкес миссионерлік қызметпен айналысқысы келетін кез келген азамат (жергілікті немесе шетелдік) Қазақстанда миссионерлік қызметті реттейтін басты құқықтық акт – «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңда белгіленген ережені орындау міндет (2011 жыл қабылданған). Аталған заңда:
- Миссионерлік қызметпен айналысатын әрбір тұлға уәкілетті органда тіркелуі тиіс;
- Қызметін тек тіркеуде көрсетілген аймақ пен бағытта ғана жүргізе алады;
- Рұқсат етілген діни әдебиеттерді ғана пайдаланады.
Ресми тіркеу куәлігін алғаннан кейін барып, миссионерлік қызметін тек өзінің тіркелген аймағында ғана жүргізіп, заңға сәйкес миссионерлер уәкілетті органның аумақтық бөлімшелерінде жыл сайын қайта тiркеуден өтуге мiндеттi.
Заңсыз миссионер кім?
«Заңсыз миссионер» – діни қызметпен мемлекеттік тіркеусіз немесе заңда көрсетілген тәртіпті бұза отырып айналысатын тұлға. Оның әрекеттері келесі белгілермен сипатталады:
- Ресми тіркеуден өтпей халыққа діни үгіт-насихат жасау;
- Рұқсат етілмеген діни материалдар тарату;
- Діни жиналыстарды заңсыз ұйымдастыру;
- Заңда белгіленген тәртіптерді бұзу.
Құқықтық жауапкершілік
Қазақстан Республикасының заңнамасында заңсыз миссионерлікке нақты жауапкершілік қарастырылған. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 490-бабы діни қызметке қатысты және қылмыстық жауапкершілікті белгілейді. Шетелдік азаматтар болса, елден шығарылуы мүмкін. Кей жағдайларда тәркілеу немесе қызметін тоқтату шаралары қолданылады.
Қорытындылай айтқанда, заңсыз миссионер – мемлекеттік тіркеуден өтпей немесе заңға қайшы түрде діни насихат жүргізетін адам. Оған қарсы шара қолдану – қоғам тыныштығын сақтаудың кепілі.
Заңсыз миссионерлік қызмет қоғамда діни алауыздыққа, түсінбеушілікке әкелуі ықтимал. Сондықтан мемлекет миссионерлік қызметті заң аясында қатаң қадағалайды. Бұл – діни сенім бостандығын шектеу емес, керісінше, қоғамдық келісім мен ұлттық қауіпсіздікті қорғау шарасы.
А.Дүйсен
Түркістан облысы дін істері басқармасының
«Дін мәселелері зерттеу орталығы» КММ-нің
теолог маманы
Заңсыз миссионер деген кім?
