Заңды сыйлау – мұсылманның міндеті
Заңды сыйлау – мұсылманның міндеті
27.04.2020
1128
0

Кез-келген мемлекеттің дамуы мен өркендеуі елдегі қолданыстағы заңдардың әділдігі мен адамгершілдігіне, халықтың осы нұсқауларды орындауына байланысты екені белгілі. Еліміздің тәуелсіздік алғаннан бергі халқымыздың қол жеткізген ең үлкен жетістіктерінің бірі - біздің Конституциямыз, адамның құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беретін құжаттың қабылдануы.                                                                                     

Конституция халқымыздың рухына, өмір салтына және дәстүрлеріне сәйкес келетін сенім, адалдық, мейірімділік, ар-намыс, қарапайымдылық сияқты ең асыл қасиеттерді қамтиды. Конституция мемлекеттілігіміздің нышаны ретінде адамның қадір-қасиетін ұлықтауға, оның заңды мүдделерінің қол сұғылмауын қамтамасыз етуге қызмет етеді. Біздің Ата Заң қағидаттары барлығына шынайы бақытты сезінуге, бейбіт және гүлденген өмір сүруге бағытталған.     

Еліміздің Конституциясына сәйкес Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары. Мемлекетіміздің әрбір тұрғыны мемлекеттің заңнамалық нормаларымен қорғалады. Әрбiр қазақстандықтың өмiр сүруге, жеке басының бостандығына, қадiр-қасиетiне және жеке өмiрiне қол сұғылмауға құқығы бар.Дегенмен, қазіргі таңда қоғамда деструктивті діни ағым өкілдері тарапынан өзге адамдарың, әсіресе кәмелетке толмаған балалардың құқығын аяқ асты ету оқиғалары ішінара орын алуда. Өкінішке орай, әр түрлі теріс пиғылды діни ағымдардың шырмауына кәмелетке толмаған балалардың жиі түсетіні жасырын емес. Көбіне баланы экстремистік идеологияға тарту үдерісі ғаламтор кеңістігінде экстремистік сипаттағы діни ақпаратты кеңінен қолжетімді ету және дәстүрлі емес діни ағым өкілдерінің заңсыз түрде күмәнді әдебиеттерді таратуы арқылы іске асады. Осылайша экстремистік сипаттағы ағымдар идеологтары санасы толық қалыптасып үлгермеген жасөспірімге шетін көзқарастарды мәжбүрлеп таңады. Кей жағдайда өздері теріс пиғылды ағым жетегінде жүрген ата-аналар да өз балаларының санасына тікелей әсер етіп,  діни ақпараттарды   насихаттайды. Әдетте санасы толық жетілмеген бала ата-анасының қалауына қарсы шыға алмайды. Заңға сәйкес мемлекет адамның дінге қатынасын айқындауына, ата-аналардың немесе балалардың өзге де заңды өкілдерінің балаларды өз нанымдарына сәйкес тәрбиелеуіне араласпайды. Дегенмен, тәрбие беру баланың өмірі мен денсаулығына қатер төндірген жағдайда мемлекеттің отбасындағы тәрбие мәселесіне араласуға құқығы бар. Бұл мәселе ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңының 3 бабының 8 тармағында  көрсетілген.                                                                                      

Жат ағым өкілдері «менікі ғана дұрыс» деген ізденіс пен білімнен алшақтататын  ұғымымен Ислам дінін желеу етіп қоғамда түрлі келеңсіз жайттарды туындатып жүргені жасырын емес. Осынау бірлікке ұйыған жүздеген ұлттардың ынтымақты мекеніне айналған елдің тыныштығын бұзғысы келетін топтар дінді желеу етіп, дүйім жұртты дүрліктіргені көңіл қынжылтады. Алды-артын ойламаған кейбір азаматтардың исламның атын жамылған дінбұзар ағымдардың  арбауына еріп, ислам құндылықтарын аяқасты етіп, халықты әбігерге салғаны, расында, өкінішті жайт.                                   

Дін ұғымы – адамзатты бақытқа бастаушы, жақсылыққа жетелеуші, санаға салмақты ой салып, кемелдікке жеткізуші институт. Жалпы адами құндылықтарды басшылыққа алатын асыл дініміз Ислам да жазықсыз адамның өміріне, ар-намысына, жеке мүлкіне қол сұғуға, басқыншылық жасауға қатаң тыйым салады.                                                                                   

Бейбітшілік пен мейірімділікті мақсат ететін, хәкім Абайша айтқанда, адамзаттың барлығын бауырым деп сүюге шақыратын Ислам діні қоғамның тұтастығына, елдің бірлігіне сызат түсіруші кез келген адами құндылыққа сай келмейтін құбылыстарға түбегейлі қарсы. Исламның атын желеу етіп, ой-санасы қалыптасып, көзқарасы тұрақтап үлгермеген азаматтарды жолдан тайдырып, Еліміздің ішкі тұрақтылығына қауіп төндіру – келешегімізге қол салғысы, тұнығымызды ластағысы келетін қара ойлы қылмыскерлердің ғана қолынан келсе керек. Осы ретте, өзінің діни ұстанымымен келіспегендерді күпірлікте айыптап, өз отанын тәрік етуші жанның әрекеті қаншалықты дұрыс, шариғат бұған байланысты не дейді? Өзі өмірге келген, ауасымен тыныстап, топырағында аунап-қунап өскен алтын ұя Отанының қадіріне бармай, оның заңдарына пысқырып та қарамай кететін деструктивті діни ағым өкілдерінің осындай ауыр қылмыстарға не жетелейді? Осы  мәселеге тоқталсақ. Дінсіздікті діңгек еткен кеңестік дәуірдің бодауынан енді ғана шыққан халықты «кәпірсің» деп айыптау сауатты мұсылманнің ісіне жатпайды.                                  

Күпірлікте айыптау – адамның сөзіне емес, шариғатқа негізделеді. Бұл құқық Алла мен Оның елшісіне (с.а.с.) ғана тән. Имам Ибн Абидин: «Күпірлік – қауіпті нәрсе! Егер мен мүминнің күпірліклікке түспейтініне бір ғана ақтау тапсам, оны күпірліклікте айыптамас едім», - деген. Қатардағы қарапайым адамның біреуді күпірлікте айыптауы үлкен  күнә болып табылады. Сонымен қатар, сол айыптауы орынсыз болса өзіне оралатындығы жайында пайғамбарымыз (с.а.с.) хадистерінде ескерткен.         

 Ибн Омардан жеткен хадисте Алла елшісі (с.а.с.): «Егер қандайда бір адам бауырына: «Ей, кәпір!» десе, бұл олардың біреуіне қайта оралады» - дейді (Бухари риуаяты). Әбу Зардан жеткен хадисте: «Кім бір кісіні күпірлікте айыптап: «Кәпір», немесе «Алланың дұшпаны», - десе, ал ол олай болып табылмаса, онда айтылған сөз оны айтқан иесіне қайта оралады!» (Муслим риуаяты).Құранда Жаратушы «Ниса» сүресі 94-аятында: «Әй, мүміндер! Алла жолында шықсаңдар, өте анықтаңдар. Сәлем бергенді дүние-мүлікке қызығып: «Сен – кәпірсің», – демеңдер»,- деп тура жолды көрсетті.     Тәпсірші сахаба Ибн Аббас осы аяттың тәпсірінде: «Алла Тағала мүминдерге «лә иләһә илләлла» – деп куәлік айтқандарға: «Сен – кәпірсің!» деп айтуды, оларға өлексені тыйым салған сияқты, тыйым салды!», – деп айтқан. Себебі, Пайғамбарымыз (с.а.с.) өзінің хадистерінде былай дейді: «Мұсылманды күпірлікте айыптау – оны өлтірген секілді».                             

Нағыз мұсылман пенде тырнақ астынан кір іздеп, басқаларды күпірлікте айыптаумен айналыспайды. Басқалардың құқығына қол сұқпайды. Керсінше өзінің бойындағы кемшіліктермен күреске түседі.  Осы орайда Шәкәрім Құдайбердіұлының мынадай отты сөздер дәл әлгіндегідей жат ағым өкілдеріне арналғандай:

Біреудің мінін көргенше,

Жамандығын тергенше,

Өз ойыңды мазалап,

Өз бойыңды тазалап,

Өзіңмен күрес өлгенше!

Исламдық ілімдерге сәйкес, дін - бұл адам өз еркімен сенетін илаһи нұсқаулар жиынтығы. Ешкімді де дінге зорлықпен, күшпен кіргізуге болмайтындығы анық айтылған. Бұл турасында Қасиетті Құранның «Бақара» сүресінің 256-аятында: «Дінде зорлық жоқ. Расында туралық, азғындықтан ажыратылды» - деп, анық ескертеді. Ислам ешкімді дінге мәжбүр етуге, өз сенімдерін басқалардың еркіне қарсы қоюға жол бермейді.

Біздің қолданыстағы заңдарымызда азаматтардың ар-ождан бостандығы және басқа діни қажеттіліктері толық қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, ислам ежелден отбасы мен неке мәселелеріне үлкен мән берген. Ұрпақты сақтау қоғамның – отбасының рухани жағдайын жақсартудың негізгі факторы ретінде танылған. Ал, әлгіндегідей жат ағым өкілдері өздері  адасқанмен қоймай, қарамағындағы жасөспірімдерді де «менікі ғана дұрыстың» ауқымында тәрбиелеуде...

Еліміздегі қолданыстағы заңдарға сырт көзге бағынғандай көрінгенімен түптеп келгенде мойындамай жатады. Қит ете қалса «дәлел-дәйегің бар ма?» - деп, жағаңа жармасатындардарға жоғарыда бірнеше аят, хадис және белді ислам ғұламаларының сөздерінен айқын дәлелдер келтірдік. Және бір дәлел ретінде келтірсек, қасиетті Құранның «Ниса» сүресінің 59-аятында: «Әй мүміндер! Аллаға мойынсұныңдар, Пайғамбарға мойынсұныңдар және араларыңнан шыққан басшыларыңа бағыныңдар» - делінген. Осыдан-ақ аңғаратынымыз  ислам дінінде қоғамның тұрақтылығы мен дамуы үшін басшылыққа мойынсұну бұйырылған. Жаратушының өзі кез келген мәселеде терең ой жүгіртіп, жеңіл қарамауға, жағдайда толық бағамдап барып шешім шығаруға жол көрсетіп тұрғанда, «шейхсымақтардың» бір-екі уағызын тыңдап алып, өз бетімен дін атынан пәтуа беріп елді адастырып жүргендердің бұл ісін қай тұрғыдан алсақ та дұрысқа шығара алмаймыз...                                                     

Қоғамдағы адамдардың бір-бірінің құқықтары аяқ асты етпей және қолданыстағы заңдарға бағынып өмір сүруі, Еліміздің гүлденуі жолында маңызды рөл атқарады. Исламда қоғамдағы әркімнің ұлтына және сенімдеріне қарамастан құқықтары мен міндеттері нақты белгіленген, қорғалған. Әлемде болып жатқан түрлі террористік, экстремистік оқиғалардың негізінде әр түрлі діндер арасындағы төзімсіздік, араздық пен өшпенділікті тарату, сол арқылы бейбіт жерлерді тұрақсыз жерлерге айналдыру мақсаты тұр. Ислам дінінде қоғамдағы әр адамның мойнында өзі өмір сүретін қоғам, оның әр адамы және өз Отаны алдындағы борыштары мен міндеттері бар екендігі айтылған. Қасиетті Құранда Жаратушы «Ниса» сүресі 39-аятында: «Аллаға құлшылық жасап, Оған еш нәрсені серік етіп қоспаңдар. Және әке-шешеге, жақындарға, жетімдерге, міскіндерге, жақын көршіге,алыс көршіге, жан жолдасқа, жолда қалғандарға және қол астындағыларға жақсылық қылыңдар. Негізінен Алла, тәкаппар, мақтаншақты жақсы көрмейді»  -  деп, адамзат баласына тура жолды нұсқайды. Жоғарыда келтірілген аяттар мен хадистердің мазмұнынан адамзат қоғамындағы заңдардың маңызы зор екендігі айқын көрініс берсе, оған бағына отырып өзі және өзі өмір сүріп отырған қоғамға оң үлесін қосу да маңызды екенін ұғынуға болады.                               

Конституцияның қоғам өміріндегі, еліміздің тарихындағы орны бөлек. Сан қилы ғасырлардан жойылмай, қаншама зұлмат соғыстарды көрсе де өзі аңсаған Тәуелсіздікке жеткен халқымыз үшін ең құнды дүниелердің бірі - біздің Ата Заңымыз. Еліміздің демократиялық жолмен даму бағыты айқындалды. Құқықтық мемлекет қалыптастырудың негізгі тетіктері  қоғамда және азаматтардың санасында түпкілікті бекітілді. Ең бастысы, ел тұрғындарында кейбір көршілеріміздегідей, «Ертеңіміз қалай болады?» деген үрей жоқ. Кейбір елдеріндегідей тығырыққа тірелтетін дағдарыстардан да аулақпыз. Осының бәрін саралай қарайтын болсақ, сол елдердегі бұл қиындықтардың туындауының  негізгі себебі – Конституциядағы қайшылықтар, даму бағытын айқындауда олқылықтарға жол беру болып табылады. Ал, біз мұндай қауіп-қатерден аулақпыз деп, нық сеніммен айта аламыз.   Қазақ даласында шаруасын дөңгелеткен халықтың ақжарқын жүзі мен ертеңге деген сенімі байқалады. Осының бәріне қолданыстағы Ата Заңды арқау ете отырып, оның ережелерінен еш ауытқымай, елге аянбай еңбек ететін отандастарымыздың үлесі зор. Ең бастысы, Қазақстанның нығаюына, еліміздің дамуына, халқымыздың өсіп-өркендеуіне негіз қалап берген Конституция, Тәуелсіздігімізді тұғырлы етуге де әлеуетті екенін танытып отыр. Ендеше, әрбір қазақстандық Ата Заңымызды сыйлап, құрметтей білсе, сол игі!                                                                                                                                                                                        

  М.Салиходжаев

Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

Жетісай ауданындағы теолог маманы

 

0 пікір