Заңды білу – заман талабы
Заңды білу – заман талабы
29.10.2025
339
0

Бүгінгі таңда заңды білу – әрбір азаматтың ғана емес, бүкіл қоғамның қауіпсіздігі мен тұрақтылығының кепілі. Әсіресе дін саласында заңға сүйене отырып әрекет ету – қазіргі заманның басты талабы. Қоғамда кейбір адамдар діни сауатсыздықтың салдарынан радикалды ағымдардың жетегінде кетіп жатады. Олар заңға қарсы әрекет етіп отырғанын білмей, кейде қылмыстық жауапкершілікке де тартылып жатады. Бұл көбінесе:

– Заңды білмеуден;                                                                     

– Ата-анадан, мектептен, қоғамнан алған тәрбие жеткіліксіздігінен;

– Діни білімді тек интернет пен бейресми уағызшылардан алуынан туындайды. «Заңды білмеу – жауапкершіліктен босатпайды» деген қағидат діни мәселелерге де толықтай қатысты. Сондықтан әрбір азамат, әсіресе жастар діни құқықтық нормалардан хабардар болуы тиіс.                                                       

Қоғамдық тәртіп – заң мен діни толеранттылықтың нәтижесі. Діни нанымға байланысты алауыздық туындамас үшін мемлекет дін саласындағы ахуалды әрдайым заңмен реттеп отырады. Бұл:

 – Теріс ағымдардың алдын алу үшін;

 – Жалған уағызшылардың жолын кесу үшін;

 – Жастардың санасын қорғау үшін жасалатын шаралар.                              

Сонымен қатар халықтың да заңға сүйене отырып әрекет етуі – елдегі тұрақтылықтың сақталуына жол ашады. Діни сауат пен құқықтық сауат – қатар жүруі керек. Қоғамда кейбір азаматтар діни сенімді жеке пікір немесе еркіндікпен шатастырып, заңды елемей жатады. Бұл – өте қауіпті. Діни еркіндік деген – заң аясында діни сенімге ие болу құқығы. Алайда бұл еркіндік басқа адамның құқығына, қоғам қауіпсіздігіне қауіп төндірмеуі тиіс. Қазақстанда дін саласындағы негізгі құқықтық құжат – «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заң. Бұл заң әр адамның діни сенім бостандығына кепілдік береді, олар:

– Діни бірлестіктердің тіркелуін;

– Қоғамдық орындарда діни насихат жүргізу тәртібін;

– Кәмелетке толмағандардың діни іс-шараларға қатысу шарттарын;

– Шетелдік миссионерлердің әрекетін реттейді.                         

Неліктен діни заңнамаларды білу маңызды?                              

 1. Экстремизмнің алдын алу үшін. Заңды білмеген адам радикалды ағымдардың арбауына оңай түседі. Ал діни заңнамаларда қандай ұйым заңды, қайсысы заңсыз екені нақты көрсетілген.                 

2. Өз құқығыңды қорғау үшін. Азамат заң арқылы діни сеніміне байланысты қысым көрсе, оны қорғаудың нақты жолдарын біледі.             

3. Басқаның құқығын бұзбау үшін. Өз еркіндігіңді пайдаланып, басқа адамның еркіндігіне зиян келтіру – заң бұзушылық. Мұны болдырмау үшін заң нормаларын түсіну қажет.                                                               

Заңға бағыну – дінге қарсы емес. Кейбір азаматтар заңға бағынуды дінге қарсы әрекет деп қабылдайды. Бұл – қате түсінік. Керісінше, Ислам діні де бағынуды, тәртіпті, әділеттілікті насихаттайды. Құран Кәрімде: «Ей, иман келтіргендер! Аллаға, пайғамбарға және өздеріңнен тағайындалған басшылыққа бойсұныңдар» – делінген («Ниса» сүресі, 59-аят). Бұл аятта заңға және ел басшылығына бағыну – имандылықтың бір белгісі ретінде көрсетілген.                                                                 

Қоғамдық тыныштық – ортақ жауапкершілік. Діни сенім – жеке мәселе. Алайда оның қоғамдық салдары болғандықтан, мемлекет бұл салада құқықтық шектеулер мен талаптарды енгізуі заңды. Бұл – халықтың қауіпсіздігін, тұрақтылығын, татулығын қамтамасыз ету үшін қажет. Тыйым салынған діни ұйымдар, радикалды уағызшылар мен күмәнді діни әдебиеттер қоғамда іріткі салуы мүмкін. Сол себепті діни заңнамаларды білу – тек сақтық емес, елге деген жауапкершілік.                                                            

Қорытындылай келе, заңды білу – заман талабы ғана емес, әрбір азаматтың парызы. Дін – рухани күш болса, заң – қоғамдық тәртіптің кепілі. Бұл екеуі үйлесім тапқанда ғана қоғамда бейбітшілік пен тұрақтылық орнайды. Сондықтан діни көзқарасы бар кез келген азамат құқықтық сауатты, заң талаптарын білетін әрі оған бағынатын тұлға болуы тиіс. Заңды білген адам – өз болашағына, қоғам тыныштығына жауапты адам. Діни сенім мен әрекетте де заң аясында әрекет ету – азаматтық жауапкершілік.

 

М.Салиходжаев

Түркістан облысы дін істері басқармасы

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

теолог маманы                                                                     

 

0 пікір