XXI ғасыр – технологиялар қарқынды дамыған, ақпарат ағыны шектен тыс көп болған кезең. Интернет, әлеуметтік желілер, жасанды интеллект, мобильді қосымшалар, виртуалды орта – мұның бәрі адамның дүниетанымына, мінез-құлқына, құндылықтарына тікелей әсер етеді. Осындай өзгерістер аясында діни тәрбиенің рөлі бұрынғыдан да маңызды бола түсті, себебі рухани бағыт-бағдар адамды ақпараттық дауылдан қорғап, тұлғалық тұрақтылыққа жетелейді. Діни тәрбие адамға моральдық құндылықтарды меңгертіп, ар-ождан, жауапкершілік, адамгершілік, мейірімділік сияқты қасиеттерді қалыптастырады. Ал заманауи технологиялар бұл тәрбиені жаңа форматта жүргізуге мүмкіндік береді. Заманауи технологиялардың қоғам өміріне ықпалы едәуір орасан. Мысалы технологиялық даму адамзаттың тұрмысын жеңілдетіп қана қоймай, оның ақпарат алу тәсілдерін түбегейлі өзгертті. Әлемдегі оқиғалар жайлы мәлімет бір сәтте бізге жетеді. Осындай ортада адамға ақпаратпен жұмыс істей білу ғана емес, оны сүзгіден өткізіп, дұрыс бағдар таба білу де аса қажет. Бұл жерде діни тәрбие адамның рухани иммунитетін қалыптастырып, адами құндылықтарды сақтауға көмектеседі.
Діни тәрбиенің мәні мен бүгінгі қоғамдағы маңызы сезілерлі дәрежеде, діни тәрбие тек діни білім беру ғана емес – бұл тұлғаның жан-жақты дамуын, рухани кемелденуін қамтамасыз ететін жүйе. Оның негізгі мақсаттарын атап өтер болсақ адамды ізгілікке тәрбиелеу, айналасына құрметпен қарауды үйрету, жауапкершілік сезімін қалыптастыру, рухани тұрақтылық пен сабырлылыққа баулу, отбасы, қоғам алдындағы міндеттерді сезіндіру. Ақпараттық қоғамда адам тез өзгеретін жағдайларға бейімделу үшін ішкі бағдарға, берік құндылықтарға сүйенеді. Сондықтан діни тәрбиенің рөлі ерекше.
Технологияның діни тәрбиеге тигізетін оң әсері жайлы айтар болсақ біріншіден діни білімнің қолжетімділігі артады. Онлайн кітапханалар, лекциялар, курстар кез келген адамға қажет білімді оңай табуға мүмкіндік береді. Мультимедиялық құралдар оқу процесін жеңілдетеді. Видеосабақтар, аудио уағыздар, инфографикалар – діни ақпаратты түсінікті әрі қызықты етіп ұсынады. Қашықтан оқыту мүмкіндігі кеңейді. Мешіттер мен діни ұйымдар онлайн сабақтар өткізіп, әлемнің кез келген жеріндегі адамдарға қол жеткізе алады.
Технологияның теріс ықпалыда жоқ емес мысалы жалған діни ақпараттың таралуы. интернетте кәсіби емес немесе радикалды идеяны насихаттайтын контент көбеюде. Жастардың назарын алаңдататын шулы ақпараттар. Тік-ток, ойындар, трендтер діни тәрбиеден алыстатып жатқандай. Тұлғалық жалғыздық пен виртуалды тәуелділік. Рухани әлсіз тұлға технологияға тәуелді болып, шынайы өмірден алыстауы ықтимал. Құндылық дағдарысы яғни материализмді насихаттайтын контент діни құндылықтарға қарсы келуі мүмкін. Біз діни тәрбиені заманауи технологиялар арқылы дамыту жолдарын іздеу керек. Мысалы заманауи оқу платформаларын пайдалану, онлайн медресе сабақтары, вебинарлар мен интерактивті сұрақ-жауаптар, діни аудиокітаптар мен мобильді қосымшалар. Бұл әдістер жастарға да, ересектерге де ыңғайлы.
Осы орайда, әлеуметтік желілерде сапалы діни контент қалыптастыра білу керек, қысқа мотивациялық видеолар, дұғалар мен тәпсірлерді түсіндіретін посттар, рухани тәрбиеге арналған подкасттар, жастар тіліне жақын форматтарды қолдана отырып діни оқу орындары мен мешіттерді цифрландыруымыз керек. Онлайн қабылдау жүйесі және электронды кітапханалар мен мешіт сабақтарына онлайн тіркелу сынды – қызмет түрлері діннің қолжетімділігін арттырады.
Жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдаланып, түрлі бағдарламалар жасаса болады. Айта кетсек – құран оқу бағдарламалары және тәпсір, хадис іздеу жүйелері, тілді автоматты аудару мүмкіндігі, жеке діни оқу траекториясын жасау сынды жеңілдіктерге қол жеткізуге болады.
Діни мамандарды цифрлық сауаттылыққа үйретіп, ресми діни контенттің көлемін арттыруымыз қажет. Жастарға арналған заманауи форматтағы оқу құралдарын шығару және отбасы институтын күшейтіп, балаларға ерте жастан рухани бағыт беруі керек.
Қорыта айтқанда, заманауи технологиялар дәуірі діни тәрбиеге жаңа мүмкіндіктер ашты. Бір жағынан, технология діни білімді қолжетімді етіп, рухани дамуға жол берсе, екінші жағынан, оны дұрыс пайдаланбау түрлі қауіптерге әкелуі мүмкін. Сондықтан қоғам, отбасы және діни ұйымдар технологияны тиімді пайдалануды үйреніп, жас буынға дұрыс бағыт көрсеткені маңызды. Діни құндылықтар – адамның рухани тірегі, ал технология – сол құндылықтарды жеткізетін құрал. Екеуі үйлескенде ғана толыққанды, ізгілікті қоғам қалыптасады. Қазіргі заманда технологиялар мен діннің өзара байланысы өте маңызды. Технологияның мүмкіндіктері діни тәрбие беру процесін жеңілдетіп, оны кеңейтуге мүмкіндік берсе, сонымен қатар, дұрыс емес ақпарат таралуына жол бермеу үшін қоғам мен діни көшбасшылардың белсенді қатысуы қажет. Технологиялардың тиімді пайдаланылуы діни тәрбиенің сапасын арттырып, адамдардың рухани дамуына оң әсер етеді. Әрине, бұл процестің басты мақсаты – жастарды ізгілікке, адамгершілікке және діни құндылықтарға баулу болып қала береді.
Ғ.Өгембай
Түркістан облысы дін істері басқармасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің
теолог маманы
Заманауи технологиялар дәуіріндегі діни тәрбиенің рөлі

+7 (72533) 3 51 24
csi_uko_kz@mail.ru