XXI ғасыр – ғылым мен технологияның, ақпарат пен жаһанданудың өркендеген дәуірі. Бұл кезеңде шекара ұғымы тек саяси ғана емес, мәдени және рухани тұрғыдан да шартты сипатқа ие болуда. Интернет пен цифрлық коммуникациялар әлемнің кез келген нүктесіндегі идеялар мен мәдениеттердің бір сәтте таралуына мүмкіндік берді. Осындай үдерістер дін мен руханият саласында да түбегейлі өзгерістер туғызып, жаңа тарихи құбылыс – діни трансформацияны өмірге әкелді.Діни трансформация – қоғам мен жеке адамның діни санасында, діни тәжірибесінде және діннің әлеуметтік рөлінде орын алатын өзгерістердің жиынтығы. Бұл тек сенім мен ғибадат формаларының өзгеруі ғана емес, сонымен қатар рухани құндылықтардың, дүниетанымның және өмір салтының жаңаша қалыптасуын қамтитын күрделі әлеуметтік-мәдени үдеріс.Адамзат тарихында діни трансформация бірнеше рет орын алған. Қазақ даласының рухани өмірін мысалға алсақ:- XIX ғасырдың соңы – XX ғасырдың басында исламның дәстүрлі түркілік түсінігі мен медреселік білім жүйесі қоғам өмірінде берік орнықты.- Кеңестік кезеңде секуляризация саясаты күшейіп, дін қоғамдық өмірден шеттетілді. Бұл діни білімнің үзілуіне, рухани сабақтастықтың әлсіреуіне әкелді.- Тәуелсіздік жылдарында діни өмір қайта жанданды: мешіттер мен медреселер ашылды, шетелдік діни білім алушылар қатары артты, интернет арқылы діни ақпарат қолжетімді бола түсті.Бүгінгі жағдайдың басты ерекшелігі – ақпараттың жылдамдығы мен ауқымы. Бұрын діни идеялар ғасырлар бойы ауызша немесе жазбаша жолмен тараса, қазір олар бір сәтте бүкіл әлемге жетеді.Мәдениеттер мен өркениеттердің тоғысуы – діни идеялар ұлттық шекарадан еркін өтіп, кейде толеранттылықты арттырады, кейде діни сәйкестікті әлсіретеді.Ақпараттық технологиялардың ықпалы – әлеуметтік желілер, онлайн уағыздар, подкасттар мен бейнедәрістер діни білімді жедел әрі қолжетімді етті. Дегенмен, жалған немесе радикалды мазмұн таралу қаупі де жоғары.Урбанизация және мәдени араласу – қалаларда түрлі дін өкілдерінің араласуы жаңа діни тәжірибелердің қалыптасуына ықпал етуде.Жеке сенімге бетбұрыс – бір бөлігі дінді жеке рухани ізденіс деңгейінде қабылдап, дәстүрлі институттардан алшақтаса, екінші бөлігі дінге жаппай бет бұруда.Қазіргі таңда діннің жеке тұлғалық деңгейге ығысуы – сенім жеке тәжірибе ретінде қабылданып, институционалды діннің ықпалы азаюда.Ұлттық руханияттың жаңғыруы – дін мен мәдениетті сабақтастыру арқылы ұлттық бірегейлікті бекіту үрдісі байқалады.Деструктивті ағымдардың белсенділігі – әсіресе жастар арасында радикалды идеологиялардың таралу қаупі артып отыр.Ғылым мен дін сұхбаты – жасанды интеллект, биоэтика, климат өзгерісі сияқты жаһандық мәселелер діннің заманауи түсіндірілуін қажет етеді.Қазақстан – зайырлы мемлекет, бірақ халқының басым бөлігі өзін мұсылман деп санайды. Елдегі діни тұрақтылықты сақтау үшін:- дәстүрлі ислам мен ұлттық мәдениет үйлесімін нығайту;- діни экстремизмнің алдын алу;- жастардың діни сауаттылығын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.Мемлекеттік саясаттың басты мақсаты – діни еркіндікті қамтамасыз ете отырып, радикалды идеялардың таралуына тосқауыл қою. Бұл ретте медиа, білім беру және мәдениет салаларының рөлі айрықша.Діни трансформация – заман талабы мен технологиялық прогрестің заңды нәтижесі. Ол қоғамның рухани өмірін байытып, жаңа мүмкіндіктер ашуы да, керісінше, ұлттық тұтастыққа сына қағуы да мүмкін.Сондықтан бүгінгі таңда басты міндет – діни білім мен мәдениетті ұштастыра отырып, ұлттық құндылықтарға негізделген рухани иммунитет қалыптастыру.Ұрпағына ізгілік пен ұлттық сана дарыта білген халық қана болашақта берік, бейбіт әрі өркениетті қоғам құра алады.Г.Бекжан
Түркістан облысы дін істері басқармасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ
теолог маманы