Қазіргі заманғы мұсылман жастары өздерінің дінін сақтап, дәстүрлерін ұстану жолында көптеген сын-қатерлермен кездесуде. Әлемдік жаһандану, ақпараттық ағымдар мен өзгеріп жатқан әлеуметтік орта мұсылман жастар үшін бірқатар қиындықтар мен мәселелер туғызуда.
Қазіргі таңда мұсылман жастары көп жағдайда дін мен дәстүрдің арасында таңдау жасауға мәжбүр. Кеңес одағының құлағаннан кейінгі кезеңде ислам діні өзекті мәселеге айналды, бірақ дін мен дәстүрді қалай үйлестіру керектігі туралы сұрақтар әлі күнге дейін жауапсыз. Қазіргі заманның талаптарына сай өмір сүріп жатқан жастар үшін дін мен дәстүрді бір-бірімен үйлестіре білу – үлкен қиындық тудырады.
Дәстүрлі ислам құндылықтарын ұстанған жастар көбіне өз өмірінде діни нормаларды сақтау мен заманауи өмірді қатар алып жүруге тырысады. Бұл мәселеде көбінесе қала мен ауыл арасында айырмашылықтар да бар. Мысалы, ауылдық жерлерде діни құндылықтарды сақтау қалыпты жағдай болса, қалаларда жастар арасында жаңа идеялар мен өмір сүру үлгілері көп болғандықтан, олар үшін дін мен дәстүр арасындағы тепе-теңдікті сақтаудың қиындығы артады.
Жастардың осы екі маңызды құндылықты үйлестіру барысында кездесетін қиындықтары – әлеуметтік қысым, жұмыс орнында киім мәселесі, діни қызметті өз дәрежесінде орындау мүмкіндігінің болмауы және т.б. Әсіресе жастардың діндарлықтары мен қоғамдық өмірге бейімделуі арасындағы қайшылықтар олардың психологиялық күйін өзгертіп, әлеуметтік оқшаулануға әкелуі мүмкін.
Қазіргі уақытта ақпараттық қоғамның қарқынды дамуы жастардың діни ұстанымдарына үлкен әсер етеді. Әлеуметтік желілер мен интернеттің ықпалы мұсылман жастарына өте күшті. Мұсылман жастары өздерінің діни көзқарастарын білдірумен қатар, басқа идеологиялар мен ағымдардың әсеріне де ұшырайды. Бұл әлеуметтік желілер арқылы жылдам таралатын түрлі ақпараттардың әсері – жастардың діни сенімдеріне нұқсан келтіруі немесе дұрыс емес бағытта ойлауына себеп болуы мүмкін.
Интернеттің теріс ақпарат көздері жастарды түрлі радикалды ағымдарға тартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, ислам діні туралы жалған ақпараттың таралуы жастардың діни танымдарына кері әсер етуі ықтимал. Олар радикалды топтар мен ағымдарға бейімделуі мүмкін, себебі интернет арқылы түрлі идеологиялар мен ақпараттар өте жылдам әрі кең көлемде таралады.
Сондай-ақ, әлеуметтік желілерде діни тақырыптарға қатысты пікірталастар мен ашық қарсы пікірлердің көптігі мұсылман жастарының өздерінің діни түсініктерін бұрмалауға алып келуі мүмкін. Қоғамда қалыптасқан стереотиптер мен діни төзімсіздік кейде жастардың өздері ұстанатын діндерін ашық көрсетуіне кедергі болады.
Мұсылман жастар арасында радикализация қаупі қазіргі уақытта ерекше маңызды мәселе болып отыр. Кейбір жастар өздерінің діни сенімдерін тым экстремистік бағытта ұстануға бейім болады. Олар әлеуметтік әділетсіздік пен жеке мәселелерді шешудің жолы ретінде радикалды діни ағымдарды немесе экстремистік топтарды таңдауы мүмкін. Радикализация, әсіресе әлеуметтік теңсіздік, жұмыссыздық және психологиялық күйзеліс сияқты жағдайлармен байланысты.
Бірқатар жастар радикалды идеологияларды ұстану арқылы өздерінің әлеуетін сезінуі, «әділетсіз қоғамға» қарсы шығуы мүмкін. Мұндай идеологиялар оларды топқа біріктіріп, қоғамға қарсы бағытта іс-әрекеттер жасауға итермелейді. Аталған мәселе жастардың діни сауатсыздығынан, психологиялық күйзелістен, және олардың қоғамдағы орнын таппағандықтан туындайды.
Радикализацияның алдын алу үшін жастарды діни тұрғыдан дұрыс бағытта тәрбиелеу, оларға шынайы ислам түсінігін жеткізу қажет. Сонымен қатар, жастар арасында дұрыс діни білім беру және қоғамда бейбітшілік пен келісімді сақтау үшін мемлекет пен діни ұйымдар бірлесіп жұмыс істейтін жүйе қажет.
Жастар өздерінің діни құндылықтарын сақтап, қоғамда діни нормаларды ұстанған жағдайда стигматизацияға тап болуы мүмкін. Әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарындағы теріс ақпараттардың әсері мұсылман жастарға деген қоғамдық көзқарасты нашарлатады. Олар қоғамдық ортада діни киім киіп, намаз оқып жүргендерге қатысты теріс көзқарастарды жиі кездестіреді.
Қазақстандағы кейбір жастар, әсіресе қалаларда діни киім киіп немесе діни тақырыптарда ашық сөйлейтіндер, көбінесе қоғамдық қабылдауға қиындықтар туғызып жатады. Бұған діни экстремизм мен радикализмге қатысты қоғамдағы теріс түсініктер де себеп болуда. Мұсылман жастарының кейбірі осыған байланысты өздерін қоғамнан оқшауланғандай сезінеді, нәтижесінде олар өз діндеріне деген сенімдерін әлсіретіп, әлсіз болып қалуы мүмкін.
Діни кемсітушілік пен стигматизацияның алдын алу үшін қоғамда діни төзімділік, өзара құрмет пен түсіністік қалыптастыру керек. Бұл бағытта білім беру мен ақпараттық жұмыстарды күшейту өте маңызды.
Отбасы мен қоғамның мұсылман жастарының тәрбие мәселесіндегі рөлі өте маңызды. Бүгінгі таңда көптеген жастар дәстүрлі отбасылық тәрбиеден айырылып, көбінесе өздігінен тәрбиеленуде. Бұл өзгеріс көбінесе қоғамдағы әлеуметтік-экономикалық жағдайлардың нашарлауымен байланысты. Отбасыларда өз құндылықтарын сақтауға күш-жігер жетпегенде, жастар сыртқы әсерлерге жеңіліп, теріс ықпалдардың құрбанына айналады.
Бұған қоса, жастар арасында діни білімнің төмендігі және дінге қатысты дұрыс түсініктің болмауы осы мәселелерді күшейтеді. Отбасыларда діни тәрбие берудің маңызы зор. Мұсылман жастарының саналы, дұрыс тәрбие алуы олардың адасқан жолға түспеуінің кепілі болып табылады.
Қорытындылай келе заманауи мұсылман жастары өздерінің діни сенімдері мен дәстүрлерін сақтай отырып, қоғамдық өмірге бейімделу жолында көптеген сын-қатерлермен бетпе-бет келеді. Бұл мәселе қоғамдағы барлық деңгейдегі жұмыс істейтін мамандар мен діни қызметкерлердің назарында болуы тиіс. Діни сауаттылық, ақпараттық қауіпсіздік, отбасылық тәрбие мен қоғамның ықпалы жастардың дұрыс қалыптасуына, олардың радикализацияға ұшырамауына көмектеседі.
Мұсылман жастары үшін заманауи қоғамда өз дінін ұстану мен дәстүрлерді сақтаудың тиімді жолдарын табу маңызды. Осы мәселені шешу арқылы біз жастардың дұрыс жолмен жүріп, өз қоғамына бейімделуіне мүмкіндік береміз.
А.Дүйсен
Түркістан облысының дін істері басқармасының
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің
бөлімі басшысы