Зайырлылық ұстанымының Қазақстандық моделі
Зайырлылық ұстанымының Қазақстандық моделі
18.07.2025
13
0

Қазақстан Республикасы Ата заңының абсолютті нормаларының бірі зайырлылық. Тәуелсіздікке қол жеткізген кезден діни еркіндікті паш етіп, тәу етіп, қабылдаған алғашқы заңдарымыздың бірі ҚР «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» Заңы болатын. Аталмыш заңнамаға замана ағысына қарай бірнеше рет толықтырулар жасалған-ды, ал 2011 жылы ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» жаңа заңы қабылданды. Зайырлылық ұғымын бір ғана сөзбен шектеуге болмайды. Бірнеше мағынаны білдіреді. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде «Зайырлы» сөзінің түбірі араб тіліндегі «сыртқы» деген мәндегі «захир» сөзінен келіп шығады. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігіне үңілсек, «зайыр» сөзі «анық», «айқын», «ашық» деген сын есімдердің мағыналарын береді. Осы «зайыр» деген сын есімнен түрленген «зайырлы» сөзі «білгір», «білімдар» деген мағыналарды білдіреді. Демек, «зайырлылық» деп «білгірлікті», «білімдарлықты» атасақ болады. Өкінішке орай, бүгінгі таңда «зайырлылық» сөзін батыстан ауып келген «лаицизм», «секуляризм», «светскость» терминдерінің баламасы ретінде түсінеміз. Сол себепті кезінде зайырлылықты «атейзм» ұғымымен шатастырып қарсы шығатындар ара-тұра кездесті. Қазіргі таңда халықтың көзі ашылып бұл бағытта алға жылжу бар. Зайырлылық діннің мемлекетті өз ырқында ұстауына жол бермейді әрі мемлекеттің дінді ауыздықтауына тосқауыл болады.

Профессор Д.Кенжетайұлы: «Зайырлылық –  «атеизм» немесе «дінді жоққа шығару емес», керісінше адамның ар-ождан бостандығын, діни сенім еркіндігіне кепілдік беруді білдіреді. Бұл анықтама «ар-ождан бостандығы», «төзімділік» және «толеранттылық» сияқты құқықтық, моральдық түсініктермен тығыз байланысты. Зайырлылық мемлекеттің дінге деген қатынасының демократиялық сипатта екендігін танытады. Зайырлылық қоғамның кез келген мүшесіне, оның діні, тегі, нәсіліне қарамастан, әр адамның қандай да бір дінге сену, сенбеу мәселесіне араласпайтын ұстаным. Яғни, бұл ұстаным адамның ар-ожданының, моральдық болмысының еркіндігіне мүмкіндік беретін, мемлекет азаматтарының арасындағы қарым-қатынасты тек құқықтық негізде шешуді қамтамасыз ететін бүгінгі мемлекеттік басқару жүйесінің ең басты тетігі», – деп түсіндіреді.

Заманауи бағытта «зайырлылық» ұғымы төмендегідей мағына береді:

-         мемлекеттің кез келген дінге бейтараптық танытуы;

- мемлекеттің кез келген діннен тәуелсіз болуы, сондай-ақ діннің мемлекеттен тәуелсіз болуы;

- ар-ұждан және діни наным-сенім бостандығы, дінді үйрену және оны сынау еркіндігі,

- қандай да бір ресми діннің болмауы, одан соң әрбір тұлғаның өз қалауына орай кез келген дінді ұстану немесе ешбір дінге мойынсұнбау құқығы;

- қандай да бір діннің не конфессияның ықпалынан тыс мемлекеттік мектептердің болуы.

Зайырлы мемлекеттерді төрт категорияға бөліп қарастыруға болады.

а) клерикальді сипаттағы зайырылық,

ә) конкордаттық сипаттағы зайырлылық;

б) классикалық діндерге тең құқық беретін зайырлылық;

в) атеистік жүйедегі діндерді оқшаулап, біржақты қысым жасайтын зайырлылық.

Клерикальды сипаттағы зайырлы мемлекеттер өз территориясы мен халқының тарихи танымында ерекше ролге ие бір немесе бірнеше дінге мемлекеттік тұрғыдан қолдау көрсетеді. Клерикальді сипаттағы зайырлы мемлекеттерде кейде артықшылыққа ие дін немесе діни бірлестік Атазанда арнайы көрсетілуі де мүмкін.

Қазақстан Республикасының 2011 жылы қабылдаған «Діни қызмет және діни бірлестіктер» туралы Заңның преамбуласында «сүнниттік Ханафи мәзһабі мен христиандық православтардың тарихи рөлін мойындайтындығы» ашық айтылды. Әлбетте, бұл біздің мемлекеттің клерикальді сипатқа бет бұра бастағанын әйгілейді. Қазіргі таңда елімізде бірнеше колледж бен ЖОО да исламтану, дінтану, теология мамандықтарына жыл сайын мемлекеттен грант бөлініп осы салада көптеген мамандар мемлекет тарапынан білім алуда. Бұл жергілікті діни ерекшелік ескерілген зайырлылықтың қазақстандық моделінің қалыптаса бастағанының көрінісі.

 

  Қ.Қосмаханов

 

Түркістан облысы дін істері басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ

маманы                                                                                  

 

0 пікір