Зайырлылық – рухани даму үшін мүмкіндік
Зайырлылық – рухани даму үшін мүмкіндік
19.08.2025
238
0

Қазіргі заманғы мемлекеттер жүйесінде зайырлылық қағидаты – қоғамның үйлесімді дамуы мен әрбір адамның ар-ождан бостандығына негізделген маңызды тұғырлардың бірі. Қазақстан Республикасы өзінің Конституциялық құрылымы бойынша зайырлы мемлекет болып табылады. Бұл – діннен толықтай бөлек болу емес, керісінше, дін мен мемлекеттің шекараларын нақты белгілей отырып, әрбір азаматқа өз наным-сеніміне сай өмір сүру мүмкіндігін беру деген сөз. Осы тұрғыдан алғанда, зайырлылық адамның ішкі рухани әлемін еркін дамытуына кең жол ашады. Ол – сенім бостандығы мен ой еркіндігіне, мәдени және діни алуандылыққа құрметпен қарауға негізделген қоғамдық тәртіп түрі.

Зайырлылық ұғымы – тек саяси немесе құқықтық категория емес, ол – терең әлеуметтік және рухани мазмұнға ие ұстаным. Адамның рухани дамуы – оның ішкі жан дүниесінің, адамгершілік қасиеттерінің, дүниетанымдық көзқарасының жетілуі. Бұл даму әртүрлі бағыттарда жүзеге аса алады:дін арқылы да, философия, ғылым, өнер, әдебиет, мәдениет сияқты салалар арқылы да. Демек, руханият дінмен ғана шектелмейді, ал зайырлы қоғам осы мүмкіндіктердің барлығын тең ұсына отырып, тұлғаның жан-жақты дамуына негіз қалайды. Мұндай қоғамда адам белгілі бір діни көзқарасты ұстануға да, ешқандай дінге сенбеуге де толық ерікті. Мемлекет бұл таңдауға араласпайды және қандай сенімді ұстанғанына қарамастан, барлық азаматтардың құқықтары тең дәрежеде қорғалады.

Қазақстан өзінің зайырлы құрылымын сақтай отырып, сонымен қатар рухани-мәдени байлығын дамытуға ерекше мән беріп отыр. Әсіресе Тәуелсіздік жылдарынан кейін қоғамда руханиятқа бетбұрыс, діни сауаттылықты арттыру, ұлттық-мәдени құндылықтарды қайта жаңғырту процесі жүріп жатыр. Бұл үдерістердің барлығы зайырлы ортада жүзеге асуда. Яғни, мемлекет бір дінді немесе нанымды күштеп таңбайды, керісінше, әр азаматтың өз жолын таңдауына мүмкіндік береді. Бұл мүмкіндіктің өзі – рухани еркіндіктің көрінісі. Мысалы, мектептер мен жоғары оқу орындарында «Дінтану негіздері» пәнінің енгізілуі – жастардың діни көзқарас тұрғысынан сауатты болуына, түрлі ағымдар мен бағыттарды ажырата алуына және төзімділік пен түсіністікке тәрбиеленуіне жағдай жасайды. Бұл – зайырлы мемлекеттің білім мен руханиятты ұштастыра отырып, келешек буынға берген рухани мүмкіндігі.

Көпшіліктің ойында зайырлылық пен дін бір-біріне қарсы ұғымдар деген түсінік қалыптасқан. Бұл – шындыққа жанаспайды. Шын мәнінде, зайырлылық діннің өмір сүруіне мүмкіндік береді, бірақ оны мемлекеттен бөлек ұстау арқылы діни радикализм мен фанатизмнің алдын алады. Яғни, зайырлы мемлекет дінге қарсы емес, тек дінді заң шеңберінде шектеп, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Мұндай жағдайда дін өзінің шынайы рухани, адамгершілік тәрбиелеу қызметін жоғалтпайды, керісінше, оны таза күйінде жеткізуге мүмкіндік алады. Бұл – адамның  жүрек тазалығына, имандылығына, ізгілікке жетуіне жол ашатын орта.

Қазақстандағы этносаралық және конфессияаралық келісім де – зайырлылық қағидаттарының нәтижесі. Елдегі барлық діни конфессиялардың бейбіт қатар өмір сүруі – әртүрлі наным мен мәдениетке құрметтің, толеранттылықтың көрінісі. Мысалы, әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі – осы құндылықтардың халықаралық деңгейде мойындалуының дәлелі. Онда түрлі дін өкілдері бейбітшілік, рухани даму, адамгершілік қағидаттар төңірегінде бірлесіп пікір алмасады. Бұл – зайырлылықтың дінмен қабыса отырып, адамзаттың ортақ игілігіне қызмет ете алатынын көрсететін айқын мысал.

Зайырлы қоғамда адамның рухани дамуы тек дін арқылы ғана емес, білім алу, ғылыммен шұғылдану, өнермен айналысу, әдеби шығармаларды оқу сияқты түрлі бағыттар арқылы жүзеге асады. Мұндай мүмкіндік – адамның өз қабілеті мен қызығушылығына сай жолды таңдауға еркіндігі. Осы еркіндік арқылы тұлға өзін танып, өз орнын табады. Сонымен бірге, зайырлы қоғамда өмір сүретін адам өзін басқа дін мен ұлт өкілдерімен тең сезінеді, өз құндылықтары мен дүниетанымын басқаларға таңбайды, керісінше, өзара түсіністік пен сыйластықты жоғары қояды. Бұл – ішкі мәдениет пен рухани кемелдіктің белгісі.

Осылайша, зайырлылық – адамның жан-жақты дамуына, рухани және моральдық тұрғыдан өсуіне кедергі емес, керісінше, еркіндік пен таңдауға жол ашатын орта. Ол – діни сенімді де, дүниетанымдық көзқарасты да заңды түрде қорғайтын жүйе. Мұндай жүйе тек қоғамның тұрақтылығын қамтамасыз етіп қоймай, әрбір жеке адамның ішкі жан дүниесінің де үйлесімді дамуына ықпал етеді. Сондықтан зайырлылық – адамның рухани кемелденуінің, еркін ой мен сенімнің, мәдени сананың дамуының басты кепілі. Қазақстан осы жолмен жүріп келеді және бұл бағыт – келешек ұрпақтың бейбіт, толерантты, рухани бай қоғамда өмір сүруінің берік негізі.

 

 Ұ.Перден

 

Түркістан облысының дін істері басқармасының                         

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің      

теолог маманы                                                                                                                 

 

0 пікір