Зайырлылық құқықтық ұстаным
Зайырлылық құқықтық ұстаным
09.11.2023
699
0
    Зайырлылық құқықтық ұстаным ретінде дін мен мемлекет қатынасын реттейтін тетік. Сонымен қатар зайырлылық-құндылық. Конституциямыздың 1-ші бабында келетін зайырлылық – демократиялық, құқықтық және әлеуметтік мемлекет жүйесінің дін құбылысымен қарым-қатынасын реттейтін ұстаным. Осы негізде зайырлы құқықтан мақсат, дінге сүйенбеген құқық, ал зайырлы мемлекет дегенде діни сенім, яғни ақидаларға негізделмеген мемлекет ұғынылуы тиіс.
    Зайырлы елде мемлекет дінге араласпайды деген сөз, діннің иман, құлшылық, діни оқу және оқыту істеріне кедергі болмайды, сонымен қатар белгілі бір діннің жетегінде де кетпейді дегенге саяды. Демократиялық биліктің ең басты міндеті халық үшін қызмет ету болса, сол халықтың діни қажеттіліктерін ескеріп, оларды қамтамасыз ету де ең басты міндеті болуға тиіс. Сонымен «дін – мемлекеттен бөлінген» деген тіркесті дұрыс түсінгеніміз абзал. Мемлекеттің негізінде мәдениет, мәдениеттің мазмұнында да дін құбылысы жатқан болса, онда мемлекет өз баяндылығы мен бар болуының алғы шарты болып табылатын діннен бөліне алмайды. Ол діни бірлестіктерден, арнайы танымдық ағымдардың идеологиясынан бөлек болады. Мысалы, Ислам діні негізінде әртүрлі жамағат болуы мүмкін. Солардың барлығына тең көзқараспен қарай алса, онда «мемлекет өз функциясын» атқарғаны. Бұл – зайырлылық талабы.
   Қазір мемлекеттің ең басты проблемасы – дін төңірегінде туындап жатқан танымдық, саяси, болмыстық мәселелер. Қоғамдық институттар да посткеңестік құндылықтардың орнын толтыруды діннен іздейді. Ал мемлекеттік институттар оны заманауи жахандық шаблондармен алмастырғысы келеді. Ортада адам факторы, оның санасы, білімі, қабілеті деген кедергілер шығады да екі институт арасында үйлесімсіздік пен қайшылықтар туындайды. Міне осы тұғырларды реттеп, зерттеп, зерделеп талдайтын ғылыми танымдық институт қалыптастыруымыз керек. Қоғам мен мемлекет бұл мәселелерді екі жақты белсенділік, өзара келісім негізінде шешуді қалыптастыруы тиіс. Құқық талабы да осы.
Зайырлылық - «атеизм» немесе «дінді жоққа шығару емес», керісінше - адамның ар-ождан бостандығын, діни сенім еркіндігіне кепілдік беруді білдіреді. Бұл анықтама «ар-ождан бостандығы», «төзімділік» және «толеранттылық» сияқты құқықтық, моральдық түсініктермен тығыз байланысты. Зайырлылық - мемлекеттің дінге деген қатынасының демократиялық сипатта екендігін танытады. Зайырлылық – қоғамның кез келген мүшесіне, оның діні, тегі, нәсіліне қарамастан, әр адамның қандай да бір дінге сену, сенбеу мәселесіне араласпайтын ұстаным. Яғни, бұл ұстаным – адамның ар-ожданының, моральдық болмысының еркіндігіне мүмкіндік беретін, мемлекет азаматтарының арасындағы қарым-қатынасты тек құқықтық негізде шешуді қамтамасыз ететін бүгінгі мемлекеттік басқару жүйесінің ең басты тетігі.
   Зайырлылық деп, «барлық діндерге бейтарап» қарайтын, «діни басшылықтан тәуелсіз» және кез келген «теологиялық қағидалар мен нормалардан азат» болып табылатын мемлекеттің белгісі» ретінде анықтама берілген. Неге барлық діндерге бейтарап қарайды? Себебі діндер көп, ал Құдай түсінігі бір. Адамдардың Құдай түсінігі ортақ болғанмен олардың Құдай туралы танымы, сенімі, сезімі, құлшылығы, оның мына әлеммен қатынасы, яғни дүниетанымы, ақырет туралы сенімдері де әртүрлі. Сондықтан мемлекет өзінің азаматтарының діни сенімдеріне араласпайды, құрметтейді, бейтарап ұстанымда болады.
   Зайырлы мемлекет діни басшылыққа, яғни діни билікке тәуелсіз. Оның себебі, республикалық демократиялық саясатта діни басшылыққа тәуелді болу мемлекеттегі тұрақтылық пен тыныштықты баянды етудің кепілі бола алмайды. Дін көп, діни басшылар да көбейеді, сондай-ақ бір діннің ішінде де көптеген ағымдар мен топтар бар. Олардың әрқайсысының басшылық туралы діни тұжырымдары бар. Ал саясатта басшылық, оған бағынатын халық және осы қатынасты реттейтін құқық бар. Егер мемлекет діни басшылықты қабылдаса, онда халықты біртұтастандыру, бір құқықты ортақ тұғыр қылу, басқаруды да бірізділікке түсіру қиынға соғар еді.
      Мемлекет кез келген теологиялық қағидалар мен нормалардан азат болады. Себебі теологиялық діни нормалар қанша көп болса, сонша құқықтық ұстанымдар мен оның қызметтік нормалары да қайшылыққа түскен болар еді. Сондықтан демократиялық, құқықтық мемлекет зайырлылықты ұстаным ретінде таниды. Мемлекет азаматтарының бақытты болуына қызмет етеді. Мұраты – азаматтарының ары, намысы, жаны және мүлкінің қауіпсіздігіне, амандығына т.б. құқықтарына кепілдік беру. Мемлекет осы мақсаттың орындалуында зайырлылық ұстанымын шарт деп біледі. Зайырлылық ұстанымы мемлекеттің баяндылығына қызмет ететін, мемлекет құрушыларының құқықтарының қорғалуы мен сақталуына, бақытты болуына жеткізетін ең басты шарт болғандықтан саяси және құқықтық тұрғыдан діннен осы салада бөлінеді.
     Сонымен қатар зайырлылық – атеистік мемлекет дегенді білдірмейді. Себебі зайырлылық идеология емес, танымдық, болмыстық ағым да емес, құқықтық ұстаным. Ол – мемлекеттік билік пен дін билігінің ажыратылуы. Зайырлылық ұстанымы бойынша мемлекет осы дүниедегі, қоғамдағы осы әлемдегі нақты құқықтық қатынастарды реттейді, яғни діни билік мемлекеттік билікке бағынады деген мағынада қарау керек.
 

     Досай Кенжетай

     Қ.А. Яссауи атындағы Халықарлық қазақ-түрік университетінің

     “Теология” факультетінің деканы, профессор, философия және

     теология ғылымдарының докторы

0 пікір