Зайырлы қоғамдағы рухани сабақтастық
Зайырлы қоғамдағы рухани сабақтастық
10.09.2025
274
0


Зайырлы қоғам – мемлекет пен діннің бөлінген, жеке дербес екенін мойындайтын, азаматтардың діни сеніміне тәуелсіздік беретін қоғамдық құрылым. Бұл ұғым қазіргі Қазақстан секілді демократиялық елдердің негізгі конституциялық принциптерінің бірі болып табылады. Зайырлы қоғамда діни және мемлекеттік институттардың өзара байланысы қоғамдық тұрақтылықты және теңдікті қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Соның ішінде рухани сабақтастық мәселесі ерекше мәнге ие.
Рухани сабақтастық дегеніміз – ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын мәдени, моральдық және этикалық құндылықтар жүйесі. Бұл құндылықтар қоғамның біртұтастығын нығайтып, азаматтардың бір-біріне деген сыйластық, адамгершілік және толеранттылық сезімдерін дамытады. Зайырлы қоғамда рухани сабақтастық діни сенімдер мен дәстүрлерді мемлекет саясатының және заңдарының аясында үйлесімді түрде ұстау арқылы жүзеге асады. Бүгінгі күннің басты міндеті – зайырлы қағидаттарды сақтай отырып, жастардың бойына имандылық пен ұлттық рухты дарыту. Себебі, рухани тұтастығы бар ел – тұрақты әрі кемел болашақтың кепілі.
Рухани сабақтастық – бұл ұлттың тамыры. Ол – ата-бабадан жеткен асыл мұраларды ұмытпай, оларды жаңаша дамытып, келер ұрпаққа жеткізу. Зайырлы қоғамда бұл сабақтастық үзілмеуі тиіс. Өйткені, дін мен дәстүрді үйлестіре отырып тәрбие алған ұрпақ елдің тірегіне айналады. Бүгінгі жастар – ертеңгі ел болашағы. Олардың бойында имандылық, руханият пен ұлттық сана болуы үшін мемлекет те, отбасы да, қоғам да бірлесе әрекет етуі қажет. Себебі рухани жаңғыру – тек ұран емес, шынайы құндылықтарға қайта оралу.
Зайырлы қоғамда бұл сабақтастықты сақтау оңай емес. Әсіресе, жаһандану дәуірінде жат идеологиялар мен теріс ағымдар жастардың санасын улап, ұлттық рухани иммунитетімізге қауіп төндіруі мүмкін.
Қазақстан Республикасының Конституциясы дін мен мемлекеттің бөлінуін, сондай-ақ азаматтардың діни сеніміне, пікіріне және көзқарастарына толығымен еркіндік беруді қамтамасыз етеді. Бұл – зайырлы қоғамның басты қағидаты. Осы арқылы Қазақстанның түрлі этностары мен конфессияларының өзара келісімі мен ынтымақтастығы сақталады.
Рухани сабақтастықты сақтау барысында зайырлы қоғамның келесі қағидалары басшылыққа алынады:
1. Теріс діни ағымдардан сақтану – зайырлы қоғамда мемлекет азаматтардың діни сенімдерін бақылап, экстремистік және деструктивті топтардың алдын алады. Бұл қоғамдық қауіпсіздікті және рухани тыныштықты қамтамасыз етеді.
2. Діни білім мен мәдениетті дамыту – зайырлы қоғамда діннің қоғамдағы рөлін дұрыс түсінуге, оның адамгершілік құндылықтарын дәріптеуге жағдай жасалады. Мұндай жағдайда рухани сабақтастық мызғымас болып, ұрпақтар арасында жақсы дәстүрлер сақталады.
3. Қоғамдық келісім мен толеранттылықты нығайту – зайырлы мемлекетте әрбір азаматтың діні мен көзқарасына құрметпен қарау, пікір алмасу және диалог негізінде өзара түсіністік орнату маңызды. Бұл еліміздің тұрақтылығы мен дамуының кепілі болып табылады.
Қорыта айтқанда, зайырлы қоғамдағы рухани сабақтастық – мемлекеттің конституциялық негізі мен азаматтардың мәдени және рухани бірлігі арасындағы үйлесімділіктің кепілі. Бұл қоғамның тұрақтылығы мен гүлденуіне негіз болатын маңызды фактор. Сондықтан рухани құндылықтарды құрметтеп, оларды заман талабына сай дамыту – әрбір азамат пен мемлекеттің ортақ парызы.

 

Ұ.Тұрсын

 

Түркістан облысының дін істері басқармасының 

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы»

КММ-нің маманы                                                                        

0 пікір