Зайырлы мемлекет – бұл қоғамда діннің мемлекеттен бөлінуін қамтамасыз ететін саяси-құқықтық жүйе. Қазақстанда бұл ұстаным елдің Конституциясында нақты көрсетілген. Мұндай жүйе қоғамда әртүрлі діни сенімдер мен көзқарастардың еркін өмір сүруін қолдайды және барлық азаматтардың тең құқылы болуын қамтамасыз етеді.
Зайырлы дегеніміз озық, толерантты ашық қоғам. Бұл өз кезегінде көпұлтты және көпдінді елдерде тұрақтылық пен ынтымақты сақтауға көмектеседі. Қоғамда әртүрлі діндер мен нанымдар болған жағдайда, зайырлылық бейбіт өмір сүрудің кепілі бола алады.
Зайырлы мемлекеттің негізгі қағидалары
1. Дін және мемлекет ісінің бөлінуі. Зайырлы мемлекетте діни ұйымдар мемлекеттік биліктің ісіне араласпайды және керісінше, мемлекет те діни істерге араласпайды. Бұл – діни сенім бостандығының сақталуын және қоғамдағы түрлі діни топтардың бейбіт қатар өмір сүруін қамтамасыз ететін маңызды фактор.
2. Барлық дінге тең қатынас. Зайырлы мемлекетте кез келген діннің өкілдері өз нанымдарын еркін түрде ұстануға құқылы. Мемлекет ешбір дінді ерекше қолдамайды немесе кемсітпейді. Қазақстанда мұсылмандық, христиандық, буддизм және басқа да сенімдер заңмен қорғалған және барлығының бірдей құқықтық мәртебесі бар.
3. Азаматтық құқықтар мен бостандықтардың басымдығы. Дін – әр адамның жеке ісі. Зайырлы мемлекетте азаматтардың негізгі құқықтары мен бостандықтары діни сенімдерден жоғары тұрады. Мысалы, білім беру жүйесі зайырлы сипатта болады және мектептер мен жоғары оқу орындарында діни ілім берілмейді. Бұл білім беру үдерісін бейтарап және барлық балаларға қолжетімді етеді.
Қазақстандағы зайырлылық принципі:
Қазақстан – көпұлтты және көпконфессиялы мемлекет. Елдің зайырлы болуы осы көптүрлілік жағдайында халықтың татулығын сақтауға мүмкіндік береді. Зайырлы мемлекеттің негізгі мақсаты – қоғамдағы бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету, діни алауыздықтың алдын алу және халықтың әл-ауқатын арттыру.
Қазақстанның заңнамасында діни сенім бостандығы мен діни бірлестіктердің қызметіне кепілдік берілген. Елде дінге сену немесе сенбеу – әркімнің жеке таңдауы. Мұндай еркіндік қоғамда конфессияаралық келісімді нығайтады.
Зайырлылық пен діннің қоғамдағы рөлі:
Зайырлы мемлекет діннен алшақтайды деген түсінік қате. Зайырлылық дінді жоққа шығармайды, керісінше, әрбір адамның діни нанымына құрметпен қарауды көздейді. Қазақстанда ислам діні тарихи және мәдени маңызға ие, бірақ мемлекет барлық діндерді тең көреді. Елдегі көптеген мешіттер, шіркеулер және басқа діни орындар осы ұстанымның дәлелі.
Діннің қоғамдағы рөлі азаматтардың рухани өмірін байытады, адамгершілік құндылықтарды қалыптастырады. Алайда, зайырлы мемлекеттің негізгі қағидалары сақталуы үшін дін саясаттан және мемлекеттік басқарудан бөлек болуы шарт. Бұл қоғамдағы тұрақтылық пен үйлесімділікті сақтауға көмектеседі.
Зайырлы мемлекет пен дін бір-біріне қарама-қайшы ұғымдар емес, керісінше, үйлесіммен қатар өмір сүре алады. Қазақстанда зайырлылық принципі елдің тұрақтылығы мен қоғамдағы татулықты қамтамасыз ететін маңызды фактор болып саналады. Дін – адам өмірінің рухани қыры, ал зайырлы мемлекет оның барлық түрлерін құрметтейді және азаматтардың еркіндігін сақтайды.
Қ.Мырзабай
Түркістан облысының дін істері басқармасының
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы»
КММ-нің теолог маманы
Зайырлы мемлекет және дін