Ырым-тыйымдардың астары
Ырым-тыйымдардың астары
26.11.2024
152
0

Ырым-тыйымдарды халқымыздың ұлттық болмысынан бөле-жара қарауға болмайды. Қазақ халқымен ғасырлар бойы жасасып келе жатқан ырым-тыйымдар тізбегі халықтың өмірінде, салт-дәстүрінде, әдет-ғұрпында, тұрмыс-тіршілігінде кеңінен көрініс береді. Ырым мен тыйым адамды  тәрбиелеп, жат әдеттерден тыюға бағыттайды. 

Бүгінгі қоғамда ырым-тыйымдарды ескіліктің қалдығы деп қабылдайтындар мен күнделікті тұрмыста ұстанатындар бар.  Бірақ сол ырым-тыйымдар халқымыздың өмір жолында бізбен бірге өмір сүріп осы күнге жетті. Қазіргі күнімізде ырым-тыйымның түрі көп. Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар дегендей ырым-тыйымның да қолдану аясы, өміршеңдігі және қазіргі күнде өзіндік өмір сүру жолын тоқтатқандары да бар. Ата-бабамыздың ырымға балап жасаған іс-әрекеті әруақты ерді ажалдан алып қалған ырымдары аз еместі. Оны қазақта Құдай жолына «Ақсарбас атау» дейді. Ертеде қауіп-қатер, пәле-жалаға ұшыраған, сондай-ақ, қатты ауру-сырқауға жолығып, жандары қысылған адамдар «я, кұдай! я, аруақ! осы пәледен құтылсам жол- дарыңа ақсарбас!» деп ақсарбас атайтын салт болып пәле-жаладан аман қалған соң, ел-жұртты шақырып, атаған ақсарбасын» сойып нәзір берген.

Әдетте, ақсарбастың үш түрі болады. 1. Ақсарбас; 2. Көкқасқа; 3. Қызылқасқа. Егер «ақсарбас» деп атаса қой, «көкқасқа» десе жылқы, «қызылқасқа» десе - сиыр сойып құдайы сый беріліп, көптің ықылас-батасын алады. Одан сырт, алдарына ұлы мұрат, асқан арман қойып, сол мақсат-мұратына талпынған адамдарда: «осы мақсат мұратыма жетер болсам, аруақтарға аксарбас атадым» деп ақсарбас немесе көкқасқа мен қызылқасқаның бірін сойып той жасайтын да дағды болған екен.

Жазушы І.Есенберлин «Көшпенділер» кітабында Абылай ханның шүршітке қарсы аруақ шақырып «Абылайлап» ұран салып шапқанда Бұқар жыраудың жерге отыра қалып Жаратқанға жалбарынып «Ақсарбас» атағаны белгілі. Кезінде елі «Ақсарбас» айтып Құнанбай қажыны 2 рет өлімнен аман алып қалған екен. Ахат Шәкәрімұлы оқиғаны былай жеткізіпті: «...Құнанбай ел тілегіне туды. Ол елі үшін еңбек ететін болады. Соның үшін жұрт болып тілеп, оны екі ажалдан, екі айдаудан алып қалдық. Құнанбай ажал мен айдаудың қармағына ілінгенде халық болып құдайдан жалынып тілеп, көз жасымызды көлдей төгіп, оның жанын алып қалдық» деседі. Мұны жас немересіне Құнанбайдың өзі де айткан... Жорықта қатты жараланып ажалмен арпалысып жатып ес жиғанда күн жоғары көтеріліп, сәске болған кезде көзімді ашсам, - дейді Құнанбай немересі Шәкәрімге, қаным кеуіп барады екен, бір аяқ айран шалапты дем алмай бір-ақ жұтып аз дем алып айналама қарасам, төңірегім толған адам. Бәрінің көздерінде жас, қариялар кіселерін мойындарына салған, Алладан тілек тілеп менің жанымды қалдыруын сұрап тұр екен. Мен аздан соң екінші аяқ сусынды тағы ішіп есімді жинай бастадым. Сол кезде жұрт «А, құдай! Ақсарбас, көк қасқа жолыңа айттық», деп шулап, күңіреніп жылап жіберді. Егер ел тілегі болмағанда мен өлген адам едім. Көп тілеуі көл болып, көптің тілеуін құдай қабыл қылып, аман қалдым. Құнанбай бұдан бұрын да, бала жігіт күнінде ажалға тап болып, одан және ел болып, құдайдан тілеп алып қалады.

Әрбір тыйымның астарында белгілі бір қауіптен сақтандыру шаралары және жаман әдеттен сақтандыру жатыр. Аталарымыз «отқа су құйма», «суға түкірме», «күлді баспа», «жолды шанқытпа», «жол жиегіне дәрет сындырма» деп, басқа да әдепсіз әрекеттерден сақтандырып отырған. Бұл ибалылықтың, мәдениеттің бір көрінісі. От пен су тіршіліктің көзі. Ал тіршіліксіз өмір болмайтыны белгілі. Сондыктан да бабаларымыз өрескел қылықтардан ұрпағын тыйып отырған.

Салтымызда жана түскен келінге отқа май құйғызады. Оттың алауымен аластайды. Өзге ұлттар үшін бұл тосындау көрінуі мүмкін, ал қазақ үшін үзілмей келе жаткан үрдіс. Бұл жай ғана үрдіс емес, тіршілікті сыйлаудың, отбасын, шаңырақты сыйлаудың тамаша үлгісі. Бұрынғы кездері қазақ отбасыларында майшам болатын. Ұйқыға кетер кезде майшамның отын үрлеп өшірмейтін. Білігін басып, сөндіретін. Бұл да әдептілік. Әрі отты өшіру жақсы ырым емес. Өз отынды өзің өшіргенмен бірдей боласың. Отың өшпесін, шырағың сөнбесін деген тәмсілдерді халқымыз бекер айтпаған. Көк шөпті жұлма, талдың бұтағын сындырма, малды теппе, балағаттама, мал сүйегін отқа жақпа, ақты (айран, сүт, қымыз, қымыран) төкпе, ақ төгілген жерді баспа деп үнемі айтудан жалықпады. Көкті жұлма дегені табиғатты қорлатпағаны. Табиғат біздін анамыз. Біздің өмір сүруімізге, тіршілік жасауымызга септігін тигізіп отыр. Мал қазақ халкының тағдыры, ырыс-несібесі. Малсыз қазақтың күні жоқ. Мал деген жесең ет, кисең киім, мінсең көлік, ішсең сусын. Сондықтан да бабаларымыз малды корлатпаған.

 

 

 Қ.Қосмаханов

Түркістан облысы дін істері басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ

маманы                                                                                   

 

 

0 пікір