Өкінішке орай қазіргі уақытта қай жерде болмасын ұстаздарды мазақ етіп немесе сыйламай отқан көрністерге куә боламыз.
Дегенмен, бұрынғы замандарда шəкіртке «Сенің үш əкең бар: біреуі – бел əкең, тағы біреуі – білім берген ұстазың, үшіншісі – сен қызын алған кісі» деп оқытады екен. Бұл ұстазыңды əкеңдей құрмет ет деген тəрбие болса керек. Мұғалімге деген құрмет, оның жолын кеспеу, алдына түсіп алмау, орындығына отырмау, рұқсатсыз сөз бастамау, сөзді көбейтпеу сияқты əдептілікті де қамтиды. Сондай-ақ, ұстаз шаршап тұрғанда сауал қоймау, уақытқа мəн беру, мазасын алмау жəне ұстаз бөлмесіне есік қағып кіру де сый-құрметке жатады.
Тарихта аты аңызға айналған, Ескендір Зұлқарнайын жорықтан оралғанда ең əуелі ұстазына, кейін ата-анасына сəлем беруге баратын көрінеді. Мұның сырын сұрағандарға, ол: «Ата-анам менің аспаннан жерге түсуіме, дүниеге келуіме себепкер. Ал, ұстазым жерден аспанға, яғни жəннатқа кіруіме себепші» деген екен. «Таяқты əліп деп үйреткен» ұстазды құрметтеу қазақтың қанына сіңген қасиет еді.
Дінде: «Адам баласы жетістік шыңына құрмет көрсетумен шығады, ал құлдырауы құрметсіздік салдарынан» деген нақыл бар.
Саңлақ сахаба Əли (р.а): «Мен өзіме діннен бір мəселе үйреткеннің құлымын. Қаласа мені сатып жіберсін, қаласа өзіне құл етсін, қаласа бостандық берсін» деген сөзі ұстазға жасалған құрмет əрқашан да көп етпейтіндігін көрсетеді.
Жаратушы Алла сөзінде Құранды үйреткен ұстаз ерекше құрметке лайық. Алайда, ақ қағазға қара қаламмен жазуды, əліппе ұстатып əріп үйреткен алғашқы ұстаздан бастап адамның ғұмыр жолында жолыққан, білім алуына ат салысқан əрбір ұстаздың орны бөлек.
Халифа Һарун Рашидтың ғибратты хикаясында былай жазылған: Һарун Рашид баласын атақты ғұлама Асмағиге білім жəне əдеп үйрену үшін тапсырады. Күндердің күні халифа оқудағы баласының жағдайын көруге барады. Ғалым Асмағи дəрет алып, аяғын жуып отырған екен. Ал, халифа баласы ұстазының аяғына су құйып тұр екен. Сонда халифа Асмағиге: «Мен сізге балама білім берсін, əдеп үйретсін деп жіберген едім. Неге балама бір қолымен су құйып, екінші қолымен аяғыңызды жууды бұйырмадыңыз?!» деп сын айтқан екен. Иə, «Еті сенікі, сүйегі менікі» деген осы болар.
Дүниеде ең құрметке лайық мамандық ол – ұстаздық. Себебі:«Ұстаздық – барлық мамандықтың анасы» дейді дана халқымыз. Сондықтан ұстаз алдынан дәріс алмайтын адам жоқ. Ұстаз берген тәрбие – жол сілтер шамшырақ. Ғылым иесі ғалым да, ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақын да, тегеуріні темір балқытқан жұмысшы да, егін салған диқан да, мал бағып терін төккен шопан да, көк күмбезінен әрі өткен ғарышкер де – бәрі-бәрі ұстаздан білім, тәлім алған.
Сондықтан ұлағатты ұстаздарға бүкіл адам баласы құрметпен бас иеді.
Ұстаздық еңбек оңай емес және үлкен жауапкершілікті талап етеді. Ұстаздың еңбегін бағалау және құрметтеу арқылы біз осы еңбектің маңыздылығын түсінеміз және оны бағалаймыз.
Қорыта айтқанда, ұстазға құрмет көрсету қазақ мәдениетінің ажырамас бөлігі болып табылады және бұл дәстүрдің көптеген маңызды себептері бар.
Әрбір ата-ана бірінші кезекте балаға ұстазын құрметтеуді үйретуі керек деген ойдамыз. Себебі, тəрбиесіз білім алысқа шаппайды. Абайдың қара сөзіндегі қайрат, ақыл жəне жүрек үшеуі өз артықшылығын айта жарысып, ақыры төрелігін білімнен сұрағанда «...Үшеуің ала болсаң, мен жүректі жақтадым. Құдайшылық сонда, қалпыңды таза сақта, Құдай Тағала қалпыңа əрдайым қарайды деп кітаптың айтқаны осы...» деп білім құрмет пен тəрбиені таңдағанын естеріңізде болғай.
Д. Аманов
Түркістан облысының дін істері басқармасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің
Мақтаарал ауданындағы дінтанушы маманы
Ұстазды сыйла - міндетің
