Ұстаз – шәкіртін өмірге баулушы, оған өмірлік азық боларлық пайдалы білім мен жанына ізгіліктің нәрін егуші, жақсы мен жаманды, обал мен сауапты үйретіп, адамгершілік қасиеттерді сіңіруші, өзінің тәжірибесімен бөлісетін жанашыры әрі ақылшысы.
Қазақ халқы: «Ұстазы жақсының, ұстамы жақсы», «Атпаз көрген – ат таныр, ұстаз көрген – хат таныр», «Ұстазыңды әкеңдей сыйла», – деп ұстаз адамды құрметтеп, сыйлауға шақырған.
Абай хәкім: «Адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады», – деп айтқанындай, адам бойында адамгершілік қасиеттердің қалыптасуына, оны тәрбиелеген ұстазының маңызы өте үлкен. Айталық, Абылай хан – Төле биді, Шәкәрім – Абайды, Жамбыл – Сүйінбайды өзіне ақылшы әрі ұстаз тұтқан. Олар өздерінің өмірде бағындырған зор асуларына ұстаздарының сіңірген еңбегі көп екенін жақсы түсінген.
Сол себепті де әр адам өзіне тәлім үйреткен ұстаздары алдында өзін қарыз сезініп, оларды сыйлап, құрметтеуі тиіс.
Имам Мәлик бір күні Һарун Рашидке барады. Сонда халифа оған: «Уа, Абдулланың әкесі! Сен «Муатта» кітабыңнан менің балаларыма келіп сабақ беріп тұруыңды қалаймын» – дейді. Сонда Имам Мәлик халифаға: «Уа, мүминдердің әміршісі! Алла Тағала сізге ұлы мәртебе берсін! Асылында білімнің қадірі сіздерден басталады. Егер сіздер білімді құрметтесеңіздер, білім құрметті болады. Ал, білімді қорласаңыздар білім қадірсіз нәрсеге айналады. Сол себепті білім – барып берілмейді, білім – келіп алынады» – деп, халифаның баласы өз аяғымен келіп, білім үйренгені жөн екендігін өсиет етеді. Бұны естіген халифа Һарун Рашид: «Сөзіңіз өте орынды», – деп, балаларына өзге балалардай мешітке барып, сабаққа көпшілікпен бірге қатысуларын бұйырады. Тіпті халифаның өзі де балалары мен бірге Имам Маликтің дәрісіне қатысып тұратын болған.
Ұстазбен сөйлесу барысында шәкірттің сөзінен ерекше ілтипат сезілуі тиіс. «Ұстаз алдында тілің тый, ұста алдында қолың тый» демекші, ұстаз тұрғанда оның алдына шығып сөйлемеу, ол сөйлеп жатқанда сөзін бөлмеу, ұстаз сөзін аяқтағанда ғана сөйлеу сияқты әр адам білуі маңызды.
Мысалы, ұстазға қойылатын сұрақ нақты әрі түсінікті болуы керек. Себебі, қысқартып айтуға болатын сұрақты ұзақ оқиғамен өрбітіп әкеліп сұрау – сұрақ әдебіне қайшы келеді. Бір жағынан бұл жауап беруші ұстаздың да уақытын алуы мүмкін. Әрине, егер қысқа қою түсініксіз болып, оны кеңінен баяндау қажетті болған жағдайдың мәнісі басқа.
Сол сияқты сұрақ қоюшы ұстазға қояр алдын сұрағының орынды не орынсыз екендігі турасында ойланып, ой елегінен өткізіп барып, сұрағаны дұрыс болады.
Сонымен қатар, Абай Құнанбайұлы: «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға», – деп айтқанындай, ұстаздық ету – үлкен қайрат пен жігерді, ұстамдылық пен сабырлықты қажет ететін мамандық. Хазреті Әли (р.а.): «Кім маған бір әріп үйретсе, соның құлы болуға бармын», – деп, бір әріп болсын үйреткен адамға алғыс білдіруі тиіс екендігін айтқан. Сол себепті де әр адам білім үйретіп, ісімен үлгі болып жүрген ұстаздарды құрметтеп, сыйлай білуі тиіс.
Қорытындылай келе құрметті оқырман қауымы! Балаңыз мектеп табалдырығын аттады дегеннен. Балаңызға бірінші кезекте ұстазын құрметтеуді үйретіңіз. Себебі, тəрбиесіз білім алысқа шаппайды. Абайдың қара сөзіндегі қайрат, ақыл жəне жүрек үшеуі өз артықшылығын айта жарысып, ақыры төрелігін білімнен сұрағанда «Үшеуің ала болсаң, мен жүректі жақтадым. Құдайшылық сонда, қалпыңды таза сақта, Құдай Тағала қалпыңа əрдайым қарайды деп кітаптың айтқаны осы...» деп білім діндарлық пен тəрбиені таңдағанын естеріңізде болғай.
Д. Аманов
Түркістан облысының дін істері басқармасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің
Мақтаарал ауданындағы дінтанушы маманы
Ұстазды құрмет тұту ұлылық

+7 (72533) 3 51 24
csi_uko_kz@mail.ru