Ұлттың болашағы – оның ұрпағының тәрбиесіне байланысты. Қазақ халқы ежелден бала тәрбиесіне ерекше мән беріп, оны ұлттық салт-дәстүрлермен ұштастырып отырған. Бұл дәстүрлер ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, ұлттың рухани байлығы мен мәдениетін сақтауға ықпал етті.
Қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары – ұрпақ тәрбиесінің негізі. Бесікке салу, тұсау кесу, сүндет той, ат қою сияқты дәстүрлер арқылы балаға алғашқы күннен бастап ұлттық құндылықтар мен тәрбие негіздері сіңіріледі. Ұлттық дәстүрлер арқылы бала бойында отансүйгіштік, үлкенге құрмет, кішіге ізет, еңбекқорлық, мейірімділік сияқты асыл қасиеттер қалыптасады.
Қазақ халқында отбасы – тәрбиенің негізгі ошағы. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген мақал ата-ананың бала тәрбиесіндегі рөлін айқындайды. Ата-әже, әке-шеше, аға-әпке – бәрі де бала тәрбиесіне үлес қосады. Әсіресе, әжелердің ертегілері, аталардың ақыл-кеңесі арқылы бала жастайынан өмірдің мәнін, еңбектің маңызын түсініп өседі.
Қазақтың ұлттық ойындары мен өнері де тәрбиенің маңызды құралдарының бірі болып табылады. Асық ату, тоғызқұмалақ, көкпар сияқты ойындар арқылы балалардың ептілігі, тапқырлығы, батылдығы дамиды. Ал айтыс, терме, жыр-дастандар арқылы сөз өнеріне, шешендікке баулиды. Бұл тек қана ойын немесе өнер емес, бұл – ұрпақ санасына сіңірілетін өмір мектебі.
Қазіргі жаһандану дәуірінде ұлттық дәстүрлердің маңызын арттыра отырып, оларды заманауи тәрбие әдістерімен ұштастыру аса өзекті мәселеге айналып отыр. Батыс мәдениетінің ықпалы мен технологиялық прогрестің қарқыны кейде ұлттық ерекшеліктерімізді көлеңкеде қалдыруы мүмкін. Сондықтан бұл үдеріс тек ұрпақ тәрбиесіне ғана емес, жалпы ұлттық сана-сезімнің сақталуына да тікелей әсер етеді.
Ұлттық мерекелерді жаңа форматта атап өту арқылы жастардың қызығушылығын оятуға болады. Мәселен, Наурыз мейрамын тек дәстүрлі концерттермен ғана емес, квесттер, ұлттық спорт түрлерінен сайыстар, этнофестивальдер түрінде өткізу арқылы жас буынның таным көкжиегін кеңейтуге болады. Мұндай іс-шаралар жастарды тек мерекелік көңіл күйге бөлеп қана қоймай, олардың ата-баба мұрасына деген құрметін арттырады, ұлттың болмысына бір табан жақындата түседі.
Сонымен қатар, заманауи білім беру жүйесінде ұлттық құндылықтарды дәріптеу де аса маңызды. Оқу бағдарламасына ұлттық әдебиет, тарих, өнер, салт-дәстүр элементтерін интеграциялау – жастардың туған елге, туған тілге деген махаббатын арттырудың бірден-бір жолы. Бүгінгі таңда интерактивті оқыту әдістерін, цифрлы платформаларды пайдалану арқылы бұл бағытты одан әрі дамытудың мол мүмкіндігі бар. Жастарға ұлттық мұраны қазіргі заман тілімен жеткізу арқылы ғана біз олардың жүрегіне жол таба аламыз.
Жастардың негізгі уақыты өтетін интернет пен әлеуметтік желілер де ұлттық өнер мен салт-дәстүрлерді насихаттаудың пәрменді құралына айналуы тиіс. Мысалы, TikTok, Instagram, YouTube сияқты платформаларда дәстүрлі әндер, қолөнер, шежіре, ұлттық тағам дайындау, киім үлгілері сияқты контент түрлерін заманауи стильмен жасау – дәстүрлеріміздің өміршеңдігін дәлелдейтін тамаша әдіс. Осы арқылы ұлттық дүниетанымды визуалды түрде көрсетуге, оған деген мақтаныш сезімін оятуға болады.
Ұлттық дәстүрлер – ұрпақ тәрбиесінің тірегі. Оларды сақтау мен дамыту – ұлттың рухани тұтастығы мен болашағының кепілі. Сондықтан, әрбір ата-ана, ұстаз, қоғам мүшесі ұлттық дәстүрлерді ұрпақ тәрбиесінде кеңінен қолдануы тиіс. Ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп өскен ұрпақ – елдің ертеңі, болашақтың тірегі.
Д.Арынбек
Түркістан облысының дін істері басқармасының
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің
көмекші маманы
Ұрпақ тәрбиесіндегі ұлттық дәстүрлердің маңызы

Көп оқылғандар