Ұлы қызмет
Ұлы қызмет
04.10.2024
1059
0

Ықылым заманнан келе жатқан «Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар» деген сөз бар. Дана халықтың бұл сөзі бүгінгі заманның ұранына айналды десе де артықтық етпейді. Өйткені, бұл заман білекке емес, білімге сенетін заман. Ал сол білімді жасты тәрбиелейтін жандардың еңбегі орасан зор.

Қай қоғамда болсын адамзат үшін ең қажетті мамандықтың бірі – ұстаздық. Білікті ұстаз – бүгінгі заманның талабы. Тәлім-тәрбиемен қоса, оқу-білімді де қатар үйрететін  ұстаз. Білімді ұрпақ елдің ертеңі, ұлт айнасы десек те болады. Ұрпақ білімді болса, мемлекетіміз әлемнің алпауыт елдерімен иық тіресіп, бәсекеге қабілеті жоғарылай түседі. Осындай саналы ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздар еңбегі ұшан-теңіз.

Білім нәрімен сусындатып, үлкен өмірге қанаттандыруға сүбелі үлес қосатын ұлағатты ұстаздардың бейнесі еш ұмытылмайды, еңбегі ескерусіз қалмайды. «Мұғалім мамандығы – барлық мамандықтың анасы» дегендей жер жүзінде барлық адам ұстаздан тәлім-тәрбие алып барып, болашаққа қанат қағады. Ең мықты мамандық иегерінің де үйретушісі, әріп танытушысы – мұғалім. Сондықтан ­Ыбырай Алтынсарин айтпақшы «Мұғалім – бәрінен қымбат».

Осы қастерлі мамандықтың қадірін біліп, шәкірттерінің бойына бар асыл қасиеттерді ұялатып, өн бойына ұстазға тән салмақтылық пен білімпаздықты жия білген білікті мамандар елімізде де көптеп табылады.

Ұстаз алдынан өткен, тәлім-тәрбиесін бойына, білімін санасына сіңірген шәкірттер шыңға шықпаса, жерде қалып жатқан жоқ. «Бір әріп үйреткенге 40 жыл сәлем бер» деген Жүсіпбек Аймауытовтың сөзі көптің көкейінде сақталғаны айқын. Кім-кімде  жылдар бойы білім нәрімен сусындатып, жақсыны үйретіп, өнегесін көрсеткен үлгілі ұстазының үмітін ақтап, есімін жадында сақтап, көре қалса ерекше ілтипатпен сәлем беруге тырысатыны ақиқат. Осы орайда, мектептің жүрегіне айналған мұғалімдердің еңбегі ұшан-теңіз екеніне тағы бір мәрте көз жеткізуге болады. Өйткені, мықты ұстаз қай уақытта да өзінің қабілетті екенін аңғартып, тәжірибелі маман екенін дәлелдей алады. 

Абай хәкім: «Адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады», – деп айтқанындай, адам бойында адамгершілік қасиеттердің қалыптасуына, оны тәрбиелеген ұстазының маңызы өте үлкен. Айталық, Абылай хан – Төле биді, Шәкәрім – Абайды, Жамбыл – Сүйінбайды өзіне ақылшы әрі ұстаз тұтқан.  Олар өздерінің өмірде бағындырған зор асуларына ұстаздарының сіңірген еңбегі көп екенін жақсы түсінген.

Мағжан Жұмабаев: «Алты алаштың игі жақсысы бас қосса, төрдегі орын – ұстаздікі», – демекші, әр адам ұстаздарға деген ерекше құрмет көрсетуі қажет.

Әрине, біздің қоғамда да ұстазға лайықты құрмет көрсетіліп келеді. Тіпті Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында мұғалімдерге тоқталмай өтпейді. Оның үстіне жыл сайын жалақысын өсіріп, ұстаздарға материалдық қолдау көрсетіп келеді.

«Оқушы деген қап емес, ішіне не болса соны сыйғыза беретін. Ол – шамшырақ. Тек жаға білу керек. Мен Сұлтанның шырағын жаға алмадым. Өзімді ешқашан кешірмеймін». Бұл біздің мәңгілік махаббатымыз «Менің атым – Қожа» фильміндегі Рахманов ағайдың сөзі. Ұстаз өнегесі әрбір мектеп бітіруші түлектің өміріне жол сілтер шамшырақ іспетті.  Ғылым иесі ғалым да, ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақын да, тегеуріні темір балқытқан жұмысшы да, егін салған диқан да, мал бағып терін төккен шопан да, көк күмбезінен әрі өткен ғарышкер де бәрі – бәрі ұстаздан білім, тәлім алған. Сондықтан ұлағатты ұстаздарға бүкіл адам баласы құрметпен бас иеді. «Ұстаз болу – өз уақытыңды аямау, өзгенің уақытын аялау», деп француз ойшылы Жан Жак Руссо айтпақшы, ұстаздардың еңбегі ерен. Ұстаз болу – жүрек жылуын, мейірім шуағын, адамгершілік ұлылығын баланың бойына дарыту. Ұстаз болу – шәкіртке ата-анасындай болып тәрбие сыйлау. Ұстаз болу – жас ұрпақтың жарқын болашаққа барар жолын айқындап беру.

«...Арманымның бәрін жазар болсам, дәптерге сыймас еді!.. Оған ешкім сене де қоймас. Сенсе, тек Рахманов ағай ғана сенер...»

Ұстаз болу – жанам деген жүрекке от беретін, жауапкершілік пен даналықтан тұратын ұлы қызмет.

 

 

 Қ.Молдабек

Теолог маман                                                                        

 

 

 

 

 

0 пікір