Ұлы дала ұлағаты
Ұлы дала ұлағаты
20.07.2020
1097
0

Алтай мен Атыраудың арасын еркін жайлаған, ата-бабаларымыз қоршаған ортамен етене тығыз байланысып, әрбір жаратылыс иесін өзінше пайымдап баға берген. Жаратылыс иелеріне қарап, ойланып, ой тастап, Жаратушының құдыреттілігін сезінген. Ғасырлар тоғысында қазақтың кең сахарасында қаншама ұлы адамдар өтіп, артына өшпес мұра қалдырды. Алла Тағаланы танып Ол туралы ақындар, жыршы-жыраулардың өлеңдеріне арнау болып, шығармаларына арқау болған. Дін исламды жаюда, халыққа түсіндіруде Орта Азия қалаларының орны ерекше. Бертін келе мешіт медресе қазақ даласының көптеген жерінде ашылып кеңес үкіметі орнаған заманға дейін қазақ балаларын білім нәрімен сусындатты. Алаш зиялыларының қайсы бірінің өмір жолын парақтар болсақ «ол алғаш сауатын ауыл молдасынан ашты», деген кішкене ғана жолды көзіміз шалғаны хақ. Тек дінді ғана оқытып қоймай, дүниелік білімді де қатар үйретіп қазақтың қаракөз балалары заман көшінен қалмау үшін аянбай еңбек етіп, тер төкті. Ал діни оқыған білімі бір басқа. Бүгінгі айтпақ болғанымыз, қазақ даласында туып елі үшін еңбек еткен бүтін халықты жырларымен, өлең жолдарымен имандылыққа шақырған ұлы тұлғалар, алғашқы ұстаздар жайлы пікір білдірсек.

Ислам дінінің басты байлығы иман. Мәзһабымыздың имамы Имам Ағзам Әбу Ханифаның пікірі бойынша: «Иман дегеніміз – тілмен айтып, жүрекпен бекіту. Жалғыз тілмен айту кәміл иман болып саналмайды».Яғни кәлима шаһаданы тілмен айтып шын жүрегіңмен растау.Қазақтың ағартушы ұстазы, алғашқы педагог Ы.Алтынсарин иман туралы:«Иманның екі мағынасы бар: бірі – тіл мағынасы. Тіл мағынасы дегеніміз – әркім тілмен айтып растамақ. Мәселен мұсылманшылығымызға бас куәлік – сөзіміз немесе араб тілінше шәһәда (тун) – иманымыз «әшһаду ән лә иләһа иллалла уә әшһаду әннә Мухаммәдән аб-дуһу уә расулуһу» болса керек. Яғни «куәлік беремін: бір Алладан басқа құдай жоқ және куәлік беремін: Мұхаммед – оның құлы һәм елшісі»- деп, шариғат мағынасы расталғанда ол иманды көңілмен растамақ. Сол сияқты қазақ ақындарының алыбы Хәкім Абай атамыз да он үшінші қара сөзінде: «Иман деген – Алла Табарака уа Тағаланың шәриксиз, ғайыпсыз бірлігіне, барлығына уа әртүрлі бізге Пайғамбарымыз саллалаһу ғалайһи рәсәлләм арқылы жіберген жарлығына, білдіргеніне мойын ұсынып, инанмақ», деп жоғарыда айтылған имам Әбу Ханифаның көзқарасын растайды. Демек бұл қазақтың ойшылдары да діннен алыс болмаған деген сөз.

Алла Тағала Құран Кәрімде көптеген аяттарда өзінің үстем иесі екенін, бастауы да соңы да жоқ, аса жарылқаушы әрі күшті екенін айтады. Құран Кәрімде Ықылас сүресі:  «(Оларға) айт: Ол Алла жалғыз. Алла  - мұңсыз! Ол тумаған да туылмаған! Сондай-ақ, Оған тең келер ешкім жоқ!»

Тарих беттерін парақтар болсақ ислам діні Орта Азияға VII  ғасырда келді. Сол уақыттарда өмір сүрген тек қазақ қана емес күллі түркі жұртының данышпаны болған Ж.Баласағұн Құтты Білік атты шығармасында Алла Тағала туралы былай жыр шумақтарын өрбітеді:

Жаралғанның бәрі мұңлы, мұңы көп,

Ием ғана, Жалғыз, шері, мұңы жоқ

Әй, Ерікті, Күшті, Мұңсыз Құдайым,

Бұл есімдер саған ғана лайықты.

Ұлық Сен, серігі жоқ, Жалғызсың

Жаратушым, жоқ Өзіңмен түсер тең!

Адамның ақыл ойы шектеулі. Белгілі бір деңгейге дейін ғана ойлап, ой қорытуға шамасы жетер. Бірақ барлығына емес. Себебі Құран Кәрімнің Хадид сүресі 3 – аятында: «Ол Алла әуелгі әрі соңғы, Ол ашық (дәлелдермен білінеді), әрі ақыл жетпес құпия»,- деп Алла Тағаланы өзі сипаттаған сипаттарымен ғана тани алатындығымызды айтады. Хәкім Абай 38 қара сөзінде: «Біз Алла Тағаланы Өзінің білінгені қадар ғана білеміз, болмаса түгел білмекке мүмкін емес. Заты түгіл, хикметіне ешбір хаким ақыл өрістіре алмады. Алла Тағала өлшеусіз, біздің ақылымыз өлшеулі», - деп Құран сөзін халқына жеткізді.  Сондай-ақ өлең жолдарында да бұл пікірін қайта айта келе:

Күні-түні ойымда бір-ақ тәңірі,
Өзіне құмар қылған оның әмірі.
Халиққа махлұқ  ақылы жете алмайды,
Оймен білген нәрсенің бәрі - дәһрі,  дей келе адамның Жаратушының алдында әлсіз әрі дәрменсіз құл екенін өзінің өлеңдерімен жеткізді. Алла Тағала барлық ұқсатулардан, кемшілік атаулыдан пәк. Ешбір жаратылыс иесі оған ұқсамақ емес. Шуара сүресі 11- аятта: «Оған ешнәрсе ұқсамайды. Ол Естушi, һәм Көрушi», - деп өзінің сипаттарын бізге жеткізеді. Имам Матуридидің ақидасы бойынша Алла Тағаланың сипаттарын зати және субути деп екіге бөліп қарастырады.  Субути сипаттары – хаят, ғылым, құдырет, ирада, сәмғ, бәсар, кәлам, тәкуин. Бұл сипаттар қарапайым халық Жаратушыны тануда қателікке ұрынбауы үшін жасалынған арнайы бір жол болды деседе болғандай.

XX ғасырда өмір сүрген ұлы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы өлең жолдарында имам Матуридидің ақидасын былайша жеткізеді.

Ол – Алла жисм, жауһар, ғариз емес,                             

Боларға басқа басқа бөлектенбес.
Алланы еш нәрсеге ұқсатуға,
Еш нәрсе Оған ұқсап жөні келмес.
Бар Құдай көкте де емес, жерде де емес,
Мекенін бір Алланың ешкім білмес.
Сипаты сегіз болған, бірі – кәләм,
Сөйлейді құдіретімен Алла Тағалам
Сөйлеуі біздей тілмен, жақпен емес,
Тіл, жаққа мұқтаж емес секілді адам
Алды-арты, асты-үсті, оң-солы жоқ,

Ауыз, мұрын, аяқ, бас, көз, қолы жоқ.

Еш нәрсеге ұқсамайды Ол, еш нәрсеге,
Кітаптың айтқанынан ойлама көп.         

Қорытындылай келе айтпақ болғанымыз, еліміз тәуелсіздік алған тұста ел ішіне дәстүрді теріске шығарып, мансұқтаушы топтар пайда болды. Адасқанның алды жөн, арты соқпақ деген осы болар, тура жолды көрсеткен адамдардың өзін адастыға шығарып қазақтың рухани құндылығы болған ақын-жырау, ағартушылардың өзін шатасты деп жүргендері белгілі. Бірақ көзі ашық, көкірегі ояу болған әрбір адам бұл айтып жүргендерінің дұрыс емес екенін жоғарыда айтылған пайымдаулар мен салыстырулардан түсінеді деген ойдамыз.

Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

Созақ ауданындағы теолог маманы  Қ. Қосмаханов         

0 пікір