Қазақ жастарына дұрыс рухани тәрбие беруіне, олардың бағытты дұрыс таңдауына, сондай-ақ діннің тек сыртқы шарттарын ғана емес, рухани кемелдік қағидаларын, адамгершілік құндылықтарын меңгеруіне және оларға өзге діни ағымдардың зияндылығын түсіндіру жұмыстарына байланысты қоғам болып атсалысуымыз керек. Өйткені, жастар - еліміздің болашақ тірегі.
Осы дәстүрлі діни таным дегенде, бұл - қазақ халқының ғасырлар бойы өзінің болмысына сай қалыптастырған рухани құндылық. Оның өзегінде Ислам діні жатыр. Өйткені, дін - халықтың мәдени, рухани болмысы мен әдет-ғұрып, салт-дәстүрін қалыптастыратын негізгі қайнар көзі.
Жалпы дінге қатысты төрт мәселе бар: діни таным, діни сана, бұларды қамтамасыз ететін діни сенім мен діни тәжірибе. Осы төртеуі де қазақта бар. Біздің діни танымымыз фиқһта Әбу Ханифа мәзһабына, діни сенімде Матуриди ақидасына негізделген. Осы негіз біздің ойлау жүйемізден, дүниетанымдық қабаттарымыздан, әдет ғұрпымыздан, салт дәстүрімізден көруге болады.
Өкінішке қарай, қазіргі таңда Ислам дінін, құндылықтарын насихаттауда көптеген методологиялық қайшылықтар болғандықтан көпшілік арасында дінді түсіну қиынға соғуда. Әсіресе жастар арасында дәстүрлі діни танымынан ауытқып, дінді дәстүрден алшақтап, өз тарихын мен мәдениетін терістеу «бидғат», «ширк» деген сөздерді жиі естиміз. Діни танымды анықтайтындар - әрине, жастар. Жастар дінге бет бұрып жатса, онда мемлекет тарапынан кері ағымдардың жетегіне кетпеуінің алдын алып, дұрыс және тиісті бағыт-бағдар беру керек. Бұл тек жастар емес, тұтас ұлттың проблемасы деп қараған жөн.
Шәкәрім атамыздың сөзімен айтқанда: «Жаман тәпсір жайылып жер жүзіне, дін десе тұра қашты есті азамат» кейпінде қалмауымыз керек.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев өз сөзіңде: «Қазақ даласында ислам дінін орнықтырғандардың бірі – данышпан бабамыз Ахмет Ясауи осы жағдайларды ескере отырып, түркі жұртындағы ислам дәстүрлерін қалыптастырды. Осы дәстүрмен, мінеки, ата-бабаларымыз ғасырлар бойы өздерінің ұлттық сана-сезімдерін қалыптастырып келеді» - дей келе, халықтың мәдениеті қай бағытта дамитынын айқындайтын – осы діни таным мен діни тәжірибесі. Егер де кез келген халық өзінің дәстүрлі діни таным мен діни тәжірибе негіздерінен ажырайтын болса, онда ол халық өзінің рухани мәдени болмысынан ажырайды. Дін мен дәстүр үндескенде ғана дін дамып, дәстүр байиды.
Түрік халықтары рухани мәдениетінің қалыптасу, даму тарихының көрнекті тұлғалары Махмұд Қашқаридың «Диуани лұғат ат-түрк», Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік», Ахмет Ясауидің «Диуани хикмет», Сүлеймен Бақырғанидың «Ақыр заман кітабы», Ахмет Йугнекидің «Ақиқат сыйы», Бурхануддин Рабғұзидың «Қиссасул әнбия», Сейф Сарайдың «Гулистан бит-түрки» сияқты Қарахандықтар билігі мен Алтын Орда тұсында дүниеге келген жәдігерлердің шығармалары соның жарқын дәлелі. Бұл шығармалар қазақ поэзиясының исламдық-эстетикалық негіздері саналады. Ислам тарихына байланысты жырланған жыр-дастандар ұлттық әдебиетіміздің нағыз халық табиғатын танытатын маңызды шығармалар болып табылады.
Б.Әзібаеваның пікірі бойынша «Ислам дінін таратушылардың іс жүзіндегі (мешіт, медресе) үгіт-насихат жүргізуі арқылы жүзеге асса, екіншісі-ақынжанды дала тұрғындарының жан-жүрегіне тасқа басылған жыр сөздермен (діни дастандар) әсер ету арқылы орындалған тәрізді» сенім екі жол арқылы халықтың көкейіне қонып отырды. Әсіресе, соңғы «жол» қазақтың иманының күшейуіне қатты әсер етті. Себебі, бұл аталмыш діни дастандар, қисса, жыраулық дәстүрі қазақтың рухани сұранысын қанағаттандырып қана қоймай, сонымен бірге сырттан келген діни миссионерлерге, рухани экспансияға да қарсы тосқын бола білді. Алайда, Кеңес өкіметі кезеңіндегі қазақ зиялылардың діни-рухани мәндегі туындылары жарық көрмей және рухани мұраларын жою, құрту қатігездікпен іске асырылған. Дегенмен де, қазақ дүниетанымындағы исламды түп-тамырын жоя алмады, сол үшін ұлттық дүниетанымды сақтап қалу үшін қайта жандандыру қажет.
А.Байтұрсынұлы пікір бойынша: «Қазақтың өлеңді сөзді сүйетін мінезін біліп, дінді халыққа молдалар өлеңмен үйреткен. Дін шарттарын, шариғат бұйрықтарын өлеңді хикая, өлеңді әңгіме түрінде айтып, халықтың құлағына сіңіріп, көңілдеріне қондырған»,
М.Әуезовтың: «Ол замандағы сұлу-сымбатты өнер, өлең, жыр түгелімен құдай жолына істеген мінәжат сияқты жүрек қанын ағызған өлеңмен, күңіренген бәйітпен жаратқан иесіне дұға оқитын. Ол кездегі ақындық өнерінің өзі де құдайға істеген құлшылық болатын. Жақын күншығыста әдебиет өнерінің бір ұзақ дәуірі осы бәйітпен өтеді. Бұның мысалы, Физули, Қожа Хафиз, Мағари, Қожа Ахмет Яссауи, Сопы Аллаяр», «Қазақ ортасына Ислам дінінің тарауына көбінесе қазақтың ақындықты сүюі себеп болды деген дұрыс пікір. Елге не жайылса да, әдебиет өлшеуінің біріне түскен соң ғана жайылатын болған. Өлеңсіз, әңгімесіз, сұлу сөзсіз келген құрғақ үгіт болса ондайды ел тыңдамаған да ұқпаған, ықылас қоймайтын болған. Сондықтан мұсылманшылық дін де қазақ елінің табиғатына, ыңғайына қарай ұйысып келген»,
Өзбек ғалымы Х.Кароматовтың: «Ислам дінін қабылдаған халықтардың тарихы өзгергенімен де, Құранның мәтіні өзгермеген. Құран тексі мезгіл және мекенмен үндес жүріп, әр халық дамуының белгілі бір кезеңдерінде одан үнемді пайдаланып отырған әрі құрани дүниелерді әдеби шығармаларға алып келген. Сондай, ұлттық әдебиеттің Құран мәтінімен синтезі нәтижесінде көркем және діни-дидактикалық шығармалар жаратылған», - деп жазғанында қазақ даласында пайда болған діни қисса-дастандарды меңзеген.
Қазақ әдебиеті тарихының X-XІ ғасырлардағы кезеңі «Ислам дәуіріндегі әдебиет» деп аталынады. Бұл кезеңдегі қазақ әдебиеті тарихын құрайтын ақындардың мұралары түрік халықтарына ортақ болғанымен, біздің төл әдебиетіміздің кейінгі дамуына жалғасқан исламдық дүниетанымның негіздері сол кезеңде қалыптасты.
Мәселен, Хз. Пайғамбардың (с.а.с.) «Құлдың жүрегі түзелмейінше, иманы түзелмек емес. Ал тілі түзелмейінше, жүрегі түзелмейді» өсиеттеріне сай, қазақ зиялылардың бойыңдағы мұсылманшылық парыздарын тілімен де, жүрегімен де насихаттағанын байқауға қиын емес. Мұсылманшылықтың абзалы жүректегі иманның дүние тіршілігінде көрініс табуында екендігін жақсы түсінгендіктен Әбубәкір Кердері:
«Мұсылманшылық кімде жоқ тілде барда, ділде жоқ» - деп, ар тазалығына негізделген имани іліміне адал болған. Демек, адамның ішкі жан-дүниесі сыртқы дүниенің негізі және сыртқы дененің әрекетінің қозғаушы күші болып табылады. Жаратушының негізгі талаптары – білім үйреніп, өмірдің рухани және материалдық заңдылықтарын игеру, соның негізінде өзіңді жетілдіре отырып, ақиқатты танып білу. Абай атамыздың айтқанындай: «Жүректiң көзi ашылса, Хақтықтың түсер сәулесi. Iштегi кiрдi қашырса, адамның хикмет кеудесi»,- дегендей осының бәрін орындауда білімділікті, сабырлықты, еңбексүйгіштікті қамтамасыз етіп және қоғамға қызмет етуді талап етеді.
Қоғамдағы жат ағымдардың идеологиясына қарсы «Уды у қайтарады» дегендей, алдын алу жұмыстарының ең белсенді, әрі ықпалдысы – дәстүрлі рухани құндылықтарды жаңғырту керек. Жан тазалығына, ар тазалығына негізделген, сыртқы көріністегі емес, жүректегі иманды қасиет тұтқан ұлттық рухани құндылықтарымызға оралу, оларды кеңінен насихаттау арқылы жат ағымдардың идеологиясына тосқауыл қоюға болады.
Қазіргі таңда жастарымыздың жадында дәстүрлі діни сана мен ұлттық идеологияның қалыптасуына, діни таным мен ғылыми таным арасындағы үйлесімділік пен тепе-тендікті жаңғыртуына байланысты күн тәртібіндегі өзекті мәселенің бірі.
Ақпараттық түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру
және үйлестіру бөлімінің маманы А.Мейірбек
Ұлттық құндылықтардың исламға әсері