Ұлттық құндылықтар – ұлт болмысының негізі
Ұлттық құндылықтар – ұлт болмысының негізі
03.04.2026
276
0

Ұлттың ұлт болып қалыптасуы мен сақталуы оның жерімен немесе санымен ғана емес, ең алдымен рухани өзегіне айналған ұлттық құндылықтарымен өлшенеді. Ұлттық құндылықтар – халықтың ғасырлар бойы жинақтаған өмірлік тәжірибесі, дүниетанымы, мінез-құлқы мен рухани мәдениетінің жиынтығы. Олар ұлттың болмысын айқындап, тарихи сабақтастықты қамтамасыз ететін басты тірек. Қандай да бір халық өз құндылықтарынан айырылса, ол біртіндеп өз болмысын, өзіндік келбетін жоғалтады. Сондықтан ұлттық құндылықтарды сақтау – тек өткенді құрметтеу емес, бұл – болашақты қорғау.

Ұлт болмысы – белгілі бір халыққа ғана тән рухани, мәдени, әлеуметтік ерекшеліктердің жиынтығы. Бұл болмысты қалыптастыратын негізгі факторлар – тіл, дін, дәстүр, тарих, мәдениет, салт-санa, дүниетаным. Ал осы факторлардың барлығы ұлттық құндылықтар ұғымының аясында тоғысады. Ұлттық құндылықтар – ұлттың ішкі рухани өзегі. Олар адамның мінезін, қоғамның бағытын, елдің даму жолын айқындайды. Қазақ халқы үшін ар-намыс, үлкенге құрмет, кішіге ізет, қонақжайлық, ерлік, адалдық, сөзге тоқтау, туған жерге сүйіспеншілік – тек әдет емес, ұлт болмысының ажырамас бөлігі.

Ұлттық құндылықтар тарихи жады арқылы ұрпақтан-ұрпаққа жетеді. Әрбір салт-дәстүрдің, әдет-ғұрыптың түп-төркінінде халықтың өмірлік тәжірибесі мен даналығы жатыр. Мысалы, жеті атаға дейін қыз алыспау – тек дәстүр емес, ұлттың биологиялық, әлеуметтік жауапкершілігінің көрінісі. Ас беру, бата беру, бесікке салу, тұсау кесу сияқты дәстүрлер адамның өмір жолын ұлттық таныммен байланыстырады. Тарихын білмеген ұлт өзінің кім екенін, қайдан шыққанын, қайда бара жатқанын да толық түсіне алмайды. Сондықтан тарихи сана мен ұлттық құндылықтар бір-бірімен тығыз байланысты.

Ана тілі – ұлттық болмыстың ең басты белгісі. Тіл арқылы ұлттың дүниетанымы, ойлау жүйесі, мәдени коды қалыптасады. Тіл жоғалса, ұлттың рухани өзегі әлсірейді. Қазақ тіліндегі мақал-мәтелдер, шешендік сөздер, жыр-дастандар ұлттық құндылықтардың тілдік көрінісі болып табылады. Ана тілінде сөйлеген адам ұлттық ойлау жүйесін сақтайды. Сондықтан тілді құрметтеу – ұлттық құндылықты қорғаудың ең маңызды жолы.

Қазіргі жаһандану дәуірінде әлемдік мәдениеттердің ықпалы күшейіп, ұлттық ерекшеліктердің жойылу қаупі арта түсті. Ақпараттық кеңістікте үстемдік еткен бөгде мәдениет жастардың санасына әсер етіп, ұлттық тамырдан алыстатуы мүмкін. Алайда ұлттық құндылықтарды сақтау заманнан қалу деген сөз емес. Керісінше, ұлттық негізі мықты қоғам ғана жаһандану үдерісіне жұтылып кетпей, өз болмысын сақтай отырып дамиды. Ұлттық құндылықтарды заманауи тұрғыда жаңғырту – бүгінгі күннің басты талабы.

Ұлт болмысы ең алдымен отбасында қалыптасады. Отбасындағы тәрбие – ұлттық құндылықтардың алғашқы мектебі. Баланың бойына ұлттық сана, рухани негіз ата-ананың үлгісі арқылы сіңеді. Үлкенді сыйлау, еңбекке баулу, дәстүрді ұстану, туған жерді қастерлеу – мұның бәрі отбасылық тәрбиеден бастау алады. Егер отбасы ұлттық тәрбие беруден алыстаса, қоғамда рухани әлсіздік пайда болады. Сондықтан ұлт болмысының беріктігі тікелей отбасындағы ұлттық тәрбиеге байланысты.

Ұлттық құндылықтарды сақтау – өткенге ғана емес, болашаққа да қызмет етеді. Өз болмысын таныған, ұлттық негізі берік ұрпақ елдің тәуелсіздігін, мәдениетін, рухани тұтастығын сақтай алады. Ұлттық құндылықтарсыз даму – тамыры жоқ ағаштың өсуімен тең. Ұлт өзінің құндылықтары арқылы ғана өзін әлемге танытады, өзгелермен терезесі тең болады. Ұлттық құндылықтар – ұлт болмысының негізі, рухани тірегі, тарихи жадын сақтаушы күш. Оларды сақтау – әрбір азаматтың, әрбір отбасының, тұтас қоғамның ортақ міндеті. Ана тілін, салт-дәстүрді, тарихты, мәдениетті құрметтеген халық қана болашағын баянды ете алады.

Ұлттық құндылықтарын жоғалтпаған ұлт – рухани мықты ұлт. Ал рухы биік елдің болашағы әрдайым жарқын.

 

Ә.Болат

Түркістан облысының дін істері басқармасы

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

Мақтаарал, Жетісай ауданындағы бөлімінің маманы:                          

0 пікір