Республика күні – Қазақстан Республикасының ұлттық мерекесі, жыл сайын 25 қазанда аталып өтеді. Ұлттық мереке – ел мен жердің қадірін ұқтыратын, ұрпақ санасына рух пен намыс ұялататын ерекше күн. Әр халықтың өзіне тән тарихы, мәдениеті, рухани құндылықтары және ұлт болып ұйысуына себеп болған қасиетті белестері бар. Сол тарихи кезеңдерді ұлықтау, өткенге тағзым ету – елдіктің, Отансүйгіштіктің, рухани жаңғырудың белгісі. Осы тұрғыдан алғанда ұлттық мереке – ұлы күн, өйткені ол ұлттың бірлігін, мемлекетінің тәуелсіздігін, рухының биіктігін паш етеді.
Ұлттық мереке – жай ғана демалыс күні емес, ол ұлттың рухани төлқұжаты іспетті. Әр мереке – халқымыздың тағдырлы тарихының бір парағы. Мысалы, Тәуелсіздік күні, Республика күні, Ата заң күні сияқты мерекелер – қазақ халқының мемлекет құру жолындағы күресін, азаттыққа деген ұмтылысын айқындайтын күндер.
Ұлттық мереке – мемлекеттіліктің бастауы мен тәуелсіздіктің нышаны.
Мемлекеттік мереке – ел өміріндегі маңызды тарихи, мәдени және қоғамдық оқиғаларды атап өтетін күн.
Қазіргі таңда Қазақстанның ең маңызды ұлттық мерекелерінің бірі – Республика күні. Бұл мереке 1990 жылғы 25 қазанда қабылданған Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы декларациямен тікелей байланысты. Дәл осы күні еліміздің тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуының алғашқы қадамы жасалды. 2022 жылы Мемлекет басшысының бастамасымен бұл күн ұлттық мереке мәртебесін қайта алды. Бұл – халқымыздың тарихи әділеттіліктің орнауын сезінуі, егемендік рухының қайта жаңғыруы. Республика күні – әрбір Қазақстандықтың ел тағдырына жауапкершілікпен қарауының, азаматтық сана мен ұлттық бірліктің нышаны.
Мерекелердің рухани және тәрбиелік қыры:
Ұлттық мерекелер – ұлттың ұжданын тәрбиелейтін, рухын асқақтататын күндер. Мерекелердің тәрбиелік мәні де зор. Олар жас ұрпақтың бойында елге деген сүйіспеншілік, атамекенге деген құрмет сезімін оятады. Ұлттық мерекелер арқылы халық өз тамырын, тегін, ұлы тұлғаларын еске алып, өткеннен сабақ алады. Бұл мерекелер арқылы халық бір-біріне деген сыйластықты, ауызбіршілікті, мейірімділікті күшейтеді. Мешіттерде, мектептерде, мәдени орындарда өткізілетін рухани кештер мен тағылымды кездесулер жастардың бойына елге деген сүйіспеншілікті сіңіреді. Әсіресе қазіргі заманда ұлттық мерекелердің идеологиялық және тәрбиелік рөлі ерекше. Өйткені жаһандану дәуірінде ұлттық болмысты сақтау – ұлттың мәңгілігінің кепілі. Мереке күндері халықтың бір мақсатқа, бір мұратқа ұйысуы – елдің ішкі тұрақтылығы мен татулығының көрінісі.
Ұлттық мереке – ел ішіндегі бірлікті нығайтатын алтын көпір. Қазақ халқы ежелден бейбітшілікті, татулықты жоғары бағалаған. «Бірлік болмай – тірлік болмас» деген дана сөз осының айғағы.
Республика күні мен Тәуелсіздік күні – тек өткенді еске алу емес, болашаққа сеніммен қарау, елдің дамуына үлес қосуға шақыратын ұлы күндер. Сондықтан әрбір қазақстандық үшін ұлттық мерекелердің мәнін терең түсініп, оны шынайы құрметпен қарсы алу – азаматтық борыш.
Біз ұлт болып ұйысқан, ел болып еңсесін көтерген шақта, осындай ұлы күндердің қадірін білу – болашағымыздың берекесін арттырады.
«Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Заңға 25 қазан – Республика күні ұлттық мереке және 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні мемлекеттік мереке болып белгіленетін өзгерістер енгізілген болатын.
Қ.Мырзабай
Түркістан облысының дін істері басқармасының
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы»
КММ-нің теолог маманы

+7 (72533) 3 51 24
csi_uko_kz@mail.ru