Қазақ халқы бірліктің күнделікті тіршіліктегі орны мен маңызын «Бірлік болмай тірлік болмас», «Бірлік түбі – береке», «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деп түйген. Бірлікті ыдыратып, ірітуші күш ол – күншілдік, іштарлық, араздық. Халқымыз мұндай жағымсыз қасиеттерден бойын аулақ салуға шақырған. Бірлік елдіктің, ұлт болып ұйысып отырудың басты кепілі саналған. Сондықтан ел тізгінін қолына ұстаған ақсақалдар мен билер ел ішіндегі асқынған дау-дамайды, ушыққан жанжалды тыйып, шешім қабылдағанда ел бірлігіне сына түспеу жағына аса көңіл бөлген.
Ислам діні әркімнің діни сеніміне еркіндік беретін бірегей дін. Әркімнің өз діні бар. Бұл адам баласының тума құқығы. Біреуді зорлап дінге кіргізуге болмайды. Ислам діні бұған тыйым салған. Дініміз адамдардың түрлі-түстілігін, алуан тілде сөйлеуін адами байлықтың көрсеткіші деп мойындаған. Мұқтаж адамдарға олардың діни сеніміне қарамастан жәрдем беруді бұйырған.
Мұсылман үмметінің тарихына қарайтын болсақ діни толеранттылықты байқауға болады. Әсілі, ислам діні бірнеше рет барлық адамзатты диалогқа шақырған бірегей дін. Дініміз адам баласын Жаратушыға ортақ серік қоспау төңірегінде келісімге шақырған. Құлға құл болудың орнына бәріміз бірдей Жаратушыға ғана құл болайық дейді Құран Кәрім. Пайғамбарымыз бір сөзінде «Адамзаттың ең хайырлысы, адамдарға пайдалысы» деген. Ислам дініндегі ахирет сенімі болса бұл дүниеде жамандық һәм зұлымдық жасаудың алдын алатын ең үлкен күш. Ахиретте Жаратушының алдында жауап беретінін білетін адам бұл дүниеде қылмыс жасай ала ма? Ал қылмыстың ең үлкенінің бірі күнәсіз адамдарды қанау, олардың қүқықтарын таптау, зұлымдық жасау емес пе? Сондықтан, ислам дінінің басты мұраты ізгі адамдарды өндіру болған.
Исламның барлық бұйрықтары да адамды этикалық дамуға, рухани байлыққа, ізгілікке, әділеттілікке, тазалыққа щақырады. Әр адамның қасына бір-бір сақшыдан қою мүмкіндігі жоқ. Оның орнына әр адамның жүрегінде өз сақшысы болуы керек. Қылмыспен күресте құқықтық және полициялық шараларды қолданумен қатар азаматтарға рухани жауапкершілік артатын ислам дінінің керемет қағидаларын насихаттау жұмысы да қатар жүргені жөн. Діни тәрбие алған, Алла Тағалаға иман етіп, ахирет күні жауап беретінін білетін адамдар қылмысқа бармайды. Осыған қарамастан кейбір залым күштер дінімізді басқаша көрсетуге тырысуда. Батыс елдеріндегі кейбір ақпарат құралдары ислам дінін террормен, лаңкестікпен байланыстыра атағанды әдетке айналдырды. Бұған иланушылар бізде де бар көрінеді. Осы күштер мұсылман қазақ халқын діндерге бөліп, тариқаттарға бөліп, сананы улай отырып өздерінше халқымыздың тұтастығына нұқсан келтіргісі келеді. Осыған өте сақ болуымыз керек. Жоғарыда келтірілген маңызды мәселелерді шешуде, қасиетті Отанымызды ішкі және сыртқы қауіптерден қорғауда әскерлердің атқарар рөлі аса маңызды. Әскерлік жауапкершілігі мол, қиын, қасиетті кәсіп. Осының мән-маңызын жақсы білуіміз керек. Өйткені, әскерлік – Отан деп аталатын ұлттың киелі ата- мекенін қорғауды, қажет болған жағдайда өз жанын Отан үшін құрбан етуді ең жоғары рухани дәреже деп білуді талап ететін кәсіп. Қарулы күштеріміз тәуелсіздігіміздің, азматтығымыздың, еліміздің тұтастығының, болашақ ұрпақтарымыздың амандығының мызғымас қорғаушысы екенін естен шығармайық. Әскери қызметтегі азаматтарымыздың Отанды қорғау бағытындағы мақсаттарды толыққанды орындауы Отан деген ұғымды дұрыс түсінуіне және Отанды өз жанынан артық сүйе білуіне тікелей байланысты. Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (с.а.с) бір сөзінде: «Отанды сүю иманнан» деп айтқан екен. Яғни, иман сияқты мұсылман пенденің ең басты рухани байлығының құрамдас бөлігінің бірі – Отанды сүю болып табылады. Бұл не деген сөз? Отанын сүймейтін адамның иманы толық емес деген сөз, әрине. Ал, иманы толық болмаған адамның рухани дәрежесі төмен және ахиреттегі ахуалы мүшкіл болмақ.
Қазір елімізде ислам атын жамылып, әр түрлі үгіт насихат жасап жатқан топтар бар. Олардың бір сыпырасы саяси мақсатты көздейтін топтар болса, енді біреулері экономикалық мүдделер төңірегінде ұйымдастырылған. Қазақстанымыздың жер асты һәм жер үсті байлықтарына көз алартқан кейбір сыртқы күштер тарапынан арнайы ұйымдастырылған және ислам үмметінің ішіне келбетін ауыстырып кірген шіркшіл, фитнәшіл, бидғатшыл һәм пасық топтардың бар екенін ескерелік. Олардың жалған уағыздарына иланып кетушілер қаншама. Бір нәрсені нақтылы түсініп алуға мәжбүрміз: Қазақстанның тәуелсіздігінің сақталуы, еліміздің аман, жеріміздің тыныш болуы халқымыздың мығым бірлігіне тікелей байланысты. Жас мемлекеттің керегесін керісіп, уығын қадасқан бүгінгі ұрпақ ұлттық бірлік пен татулықтың үлгісін көрсетуі керек. Ал ұлттық бірліктің берік болуы діни бірлігімізге тәуелді.
Е.Ештай
«Оңалту жұмыстарын ұйымдастыру»
бөлімінің маманы