Адам баласының өмірі әрқашан бірқалыпты өтпейді. Қуаныш пен қайғы, жеңіс пен жеңіліс қатар жүретін бұл тіршілікте әр пенде түрлі сынақтарға тап болады. Мұндай кезде көп адам уайым мен қайғыға беріліп, күйзеліске түсіп жатады. Алайда бұл сезімдер – адамды қиындықтан алып шығатын жол емес, керісінше, тығырыққа тірейтін, жігерді жегідей жейтін әлсіздік.
Уайым мен қайғы – адам табиғатына тән сезімдер болғанымен, бірақ оларды шектен тыс қабылдау адамның рухани, тіпті негатив ойларға беріліп, өз-өзіне деген сенімін жоғалтады. Мұндай жағдайда адамның шығармашылық әлеуеті де, жұмысқа деген ынтасы да төмендейді. Уақыт өте келе бұл депрессияға, оқшаулануға, тіпті денсаулықтың нашарлауына алып келуі мүмкін.
Көп жағдайда адамдар уайым мен қайғының өзіне тигізетін зиянын аңғармайды. Керісінше, оны «табиғи» немесе «бұл – менің өмірім» деп қабылдайды.
Уайым – болашақта болуы мүмкін қиындықтарды алдын ала уайымдау болса, қайғы – өткен оқиғаларға өкіну. Бұл екеуі де адамның қазіргі сәтін улап, өмір сапасын төмендетеді. Уайым мен қайғыға берілген адам көбінесе шешім қабылдай алмай, өз іс-әрекетіне сенімсіз болады. Ол ішкі күйзеліспен күресе алмай, өмірге деген құлшынысын жоғалтады. Мұндай күйде қиындықты еңсеру тіпті мүмкін емес.
Әрбір жан иесінің басына қандай да бір қиындық келетін болса, оған ол соншалықты уайымдап, сабырсыздана өмірден түңілуі негізсіз болмақ. Себебі, Алла елшісі (с.а.с.): «Егер құлдың басына қасірет түсіп және ол өз-өзін сабырлыққа шақырып: «Расында, біз Алладанбыз және Оған қайтамыз. Я, Алла! Осы қасіретте маған нығмет бере гөр», – деп айтар болса, Алла ол құлын сый-сияпатына бөлейді», – деген.
Абай атамыз «Уайым – ерге жараспас» деп бекер айтпаған. Өйткені ер азамат та, әйел адам да қиын сәттерде сабыр сақтап, ақылмен шешім қабылдай білуі керек. Қандай жағдай болмасын, үміт пен сенім – адамды алға жетелейтін басты күш.
Сабырлық қасиеттен ажырап, тағатсыздық танытар болсақ, бұл біздің осалдығымызды білдіртеді. Халқымыз «Осалдың бәрі ойбайшыл, әлсіздің бәрі айғайшыл келеді» дейді.
Кез келген қиындық – өмір сабағы. Ол бізді шынықтырады, жетілдіреді, жаңа қырларымызды ашуға себеп болады. Мәселен, бір адам жұмыссыз қалса, бұл оған жаңа мамандық игеруге, өз кәсібін ашуға мүмкіндік болуы мүмкін. Немесе бір адам сәтсіздікке ұшыраса, ол өз қателіктерін түсініп, болашақта соны қайталамауға үйренеді.
Қиындықтан шығудың жолы – әрекет, тәуекел, сабыр мен сенім. Қандай ауыр жағдай болмасын, ол – өтпелі. Уақыт емші. Сол себепті қайғыға берілмей, сабыр сақтап, нақты қадам жасау – ең дұрыс шешім.
Тәуекелмен байланысты құндылықтың бірі – сабыр. Сабырды тәуекелмен бірге қарағанда, тұрақты әрекет жасау, табанды болу, бастаған жұмысын бітіру, сезімін соңына дейін қорғау деп ойлаған жөн. Кездескен қиындықтармен күресу талабы мен әрекеті деп ойлаған абзал. Өйткені «Алла сабыр сақтағандарды жақсы көреді». Тәуекелмен байланысты құндылықтың бірі – үмітті болу. Алла үмітсіз болуды шектеген. Істер оңға баспаса да, үмітті үзбеуді және нәтижесінің жақсы болатынын үміт етуді насихаттаған.
Бастысы – қиын сәттерде өз-өзіңді жоғалтпау. Жақын адамдармен сырласу, қолдау сұрау, жақсы іспен айналысу, кітап оқу, дене шынықтыру – бұлар уайым мен қайғыдан арылуға көмектесетін қарапайым, бірақ тиімді тәсілдер.
Сондықтан қандай қиындық болса да, ол – өмірдің бір бөлігі. Оған қарсы тұру – әр адамның қолынан келеді. Жетістікке жеткен адамдардың бәрі бір кездері үлкен сынақтардан өткен. Бірақ олар тоқтап қалмай, әрекет етті. Сол үшін әр күнімізді үмітпен, сеніммен бастап, уайым мен қайғыға орын қалдырмайық.
Қорытындылай келе, уайым мен қайғы – адам өмірінің бір кезеңіндегі табиғи сезімдер болғанымен, оларға толығымен беріліп кету дұрыс емес. Өмір – сынақтар мен қуаныштардың алмасуынан тұрады. Әр қиындық – уақытша. Одан шығу жолы – сенім, сабыр және әрекет. Ендеше, қандай ауыр сәт болса да, жүрекке үміт ұялатып, алға ұмтылған жөн. Уайым – шешім емес, ал шынайы күш – өзіңді қайта көтере білуде.
Д. Аманов
Түркістан облысының дін істері басқармасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің
Мақтаарал ауданындағы дінтанушы маманы
Уайым мен қайғы – қиындықтан шығар жол емес
