Уәдеге берік бол
Уәдеге берік бол
26.08.2020
2267
0

          Бабаларымыздан «Ер жігіттің екі сөйлегені өлгені, емен ағаштың иілгені сынағаны» деген қанатты сөз қалған. Бұл уәдеге, сертке берік болу керек дегенді білдіреді. Яғни екі сөйлеу деген азаматқа тән емес, ал уәдені орындау нағыз ер азаматқа лайық екенін байқауға болады. Уәде бұзылып, оның қоғамдағы рухани һәм имани құндылығы әлсіреген жерде береке қашады. Өйткені, уәде дегеніміз – қауымды берекесіздіктен сақтайтын, әрі адамдар арасындағы әртүрлі қарым-қатынасты бұзбай ұстап тұратын мызғымас ұстын.

Көшпенділер ұғымында – адамның адамгершілігі оның уәдеге беріктігімен, басқадан артықшылығы уәдесін орындай алатын мықтылығымен өлшенген. Яғни, уәденің өмірдегі маңызы жайлы ескіден жеткен:
          Жерден жердің несі кем?

Егін шықса, гүл өссе.

Ерден ердің несі кем?

          Уәдесін үде етсе, – деп келетін мағыналы жыр шумағы бар. Бұның бәрі ежелгі қазақ қоғамында уәде ұғымының мән-маңызы өте зор болғанына айғақ.Уәдеге берік болу, айтқан сөзде тұру азаматтың іскерлігін, адамгершілігін, жеке жауапкершілігін көрсететін қасиет.

          Жазушы Ілияс Есенберлиннің шығармасында бұрынғы қазақ батырларының уәдеге беріктігі жайлы мына бір мысал айтылады. Бірде Қырым билеушісі Мамай ел ішін бүлдіргені үшін ноғайлының Ақпанбет батырын өлтіріп, жұртын ойрандайды. Ақпанбет өлерінде үзеңгілес серігі кегенес Кен Жанбайға адам шаптырып: «Жалғыз ұлым Тастемірді өлімнен құтқарсын» деп одан ақыреттік уәдесін сұратады. Уәде алған Кен Жанбай батыр хан жасағының алдынан шығып Ақпанбеттің ұлына сауға сұрайды. Мамайдың қаһарынан қорыққан жасақ басшысы көнбейді. Ақыры ақырет уәдесін орындау үшін Кен Жанбай егіз ұлының сыңары үш жасар Жанұзақты досының ұлының орнына өлімге беріп, Тастемірді құтқарып уәдесін орындапты.

          Уәде туралы дініміз исламда да көптеген ғибратты тағылымдар бар. Алла Тағала Құран Кәрімнің Рағыд сүресі 20-аятында:«Олар, Аллаға берген уәдесін орындағандар және берген сөздерінен айнымағандар» деп, уәде беріп, сөздерінде тұрғандарды мадақтайды.

          Тағы да Құранның Исра сүресінің 34-аятында:«Берген уәделеріңді және жасасқан келісім-шарттарыңды орындаңдар. Өйткені уәде беру жауапкершілікті міндеттейді»  деп уәде адамдар арасындағы сыйластықтың бастауы екендігін айтады.

          Алла Елшісі (с.а.с): «Кімде 4 түрлі қасиет болатын болса, ол кісі екіжүзді мұнафықтан, аманатқа қиянатшы,сөйлеген сөзінде өтірік айтушы, уәдеге берік емес, куәліктен жалтарушы» деген. Уәдеде тұрмайтын адамдарды пайғамбарымыз екі жүзділер санатына кіргізген. Пайғамбарымыз (с.а.с) хадисінде: «Мұнафықтың белгісі үшеу, егер сөйлесе өтірік айтады, уәдесін орындамайды, аманат қылынса, қиянат жасайды» деп айтылады.

          Уәденің жоғалуынан адамдардың сөзіне, амалына күмәнмен қарап, істің орындалатынына толық сенім арта алмағандықтан альтернативті шешімді қарастыратын заманға жеттік.

Біріншіден, біз өзімізге берген уәдені орындамаймыз. Қанша мәрте  өмірімізді жаңа сарынға өзгертеміз деп уәде бердік?! Рухани, материалдық тұрғыда дамимын деп неше мәрте мақсат қойдық?! Бірақ өмірдің біраз белесін ассақ та өзімізге де өзге де пайда келтіріп жатқанымыз шамалы!

Екіншіден, қоғамның алдында берген талай уәделеріміз орындалмай адамдардың алдында талай абыройымыз төгілді. Ақыры қоғамның сенімінен шыққанымызды байқамай қалдық.

Үшіншіден, жанұямыздың алдында да уәдемізде тұрмаған кездеріміз аз емес. Ата-анамыздың алдында уәде бергіш ұл, бала-шаға, жұбайымыздың алдында уәдесін орындамайтын әке атанып кеткенімізді сезбедік.

          Нағыз мұсылман уәдеге берік болып, сөзімен ісі бір арнада тоғысып жатуы керек. Кез келген жағдайда берілген уәдені орындау мұсылмандық міндеттердің ең абзалы. Керісінше әрекет ету мұсылман кісіге жараспайтын жат әдет.

 

 

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

теолог маманы    М.Садық                  

0 пікір