Туымыз мәңгілік желбірей берсін!
Туымыз мәңгілік желбірей берсін!
13.06.2025
131
0

Ту – мемлекеттің тәуелсіздігін, бірлігін, тұтастығын бейнелейтін қасиетті рәміз. Ол – халықтың рухын, елдің тарихы мен болашағын біріктіретін символ. Қазақ халқы үшін көк байрақ - ұлттың абыройы мен мақтанышы. «Туымыз мәңгілік желбірей берсін» деген сөз – әр қазақтың жүрегінен орын алған арман мен үміттің көрінісі.

 Тудың мәні мен мағынасы:

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы 1992 жылы қабылданды. Көк түс – ашық аспан мен бейбітшіліктің, бірліктің символы. Бұл – еркіндікке ұмтылған халықтың асқақ арманы. Ал ортасындағы күн мен қыран – өмір мен болашаққа деген сенім, биік арман мен шексіз мүмкіндік белгісі. Ою-өрнек – ұлттық мәдениеттің жарқын көрінісі.

Тудың әрбір элементі қазақ халқының тарихы мен болмысынан сыр шертеді. Ол тек бір мата емес, ол – ата-бабаларымыздың аманаты, еліміздің тәуелсіздігінің нышаны, ұрпаққа қалдырған ең асыл мұрасы. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы – ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тік бұрышты көгілдір түсті мата. Тудың сабының тұсында тік жолақ түрінде ұлттық өрнек нақышталған. Күн, оның шұғыласы, қыран және ұлттық өрнек бейнесі алтын түстес. Туымыздың көк түсті болуы ашық аспанды, бейбітшілікті, игілікті білдірсе, түстің біркелкі болуы еліміздің тұтастығын меңзейді. Бейнеленген күн еліміздің жалпыадамзаттық құндылықтарды қастерлейтінін, жас мемлекеттің жасампаздық күш-қуатын, серіктестік пен ынтымақтастық үшін барша әлем халқына ашық екендігін айғақтайды. Қыран (бүркіт) бейнесі – еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігін, биік мақсаттар мен жарқын болашаққа деген ұмтылысын танытады. Ал тудың сабын жағалай салынған өрнектер – Қазақстан халқының мәдениеті мен дәстүрін символдық тұрғыда бейнелейді  .

Ту – елдің тәуелсіздігінің белгісі:

Туымыз алғаш 1991 жылы тәуелсіздікпен бірге аспанға көтерілді. Сол күннен бастап еліміз жаңа дәуірге аяқ басты. Бұл ту астында Қазақстан әлемдік аренаға шықты, халықаралық ұйымдарға мүше болды, дамыған елдермен тең дәрежеде қарым-қатынас орнатты.

Ту көтеру – тек салтанатты рәсім емес. Бұл – елдің беделін, оның абыройын паш ету. Әсіресе, халықаралық жарыстар мен кездесулерде көк байрағымыздың көтерілуі – әрбір азаматтың жүрегін тебірентетін сәт. Тудың желбіреуі – ел намысын қорғап жүрген азаматтарымыздың ерен еңбегінің айғағы.

Жастар мен болашақ:

Ту – болашақ ұрпақтың бойында отансүйгіштік сезімін тәрбиелеудің маңызды құралы. Балалар мен жастар көк туға қарап, өз елін мақтан етуі тиіс. Мектептерде, білім беру мекемелерінде мемлекеттік рәміздерге деген құрметті қалыптастыру – жас ұрпақтың ел болашағына адал болуына бастар жол.

«Менің Туым! Менің елім!» деген сөзді әрбір жас жүрегіне ұялатуымыз қажет. Бұл – оларды елге, жерге деген махаббатқа, жауапкершілікке, биік рухқа тәрбиелейді.

Сөзіміздің қорытындылай келе, «Туымыз мәңгілік желбірей берсін» деген тілек – елдің бейбіт өмірі мен тұрақты дамуын, ұлт бірлігін аңсаған халықтың арманынан туған сөз. Ол – бүгінгі және болашақ ұрпақтың елге деген адалдығы мен сүйіспеншілігін көрсететін ұлы ұран. Көк байрағымыз әрқашан бейбіт аспан астында желбіреп, халқымыздың бірлігі мен елдігіміздің нышаны болып қала берсін. Осы қасиетті ту астында еліміз гүлденіп, жарқын болашаққа нық қадам баса бергей!

 

Ә.Болат

 

Түркістан облысының дін істері басқармасы

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

Мақтаарал, Жетісай ауданындағы бөлімінің маманы                            

 

0 пікір