Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір бақи тұратын өлкесі.
Әрбір адамның табан тірер туған жері болады. Туған елге, жерге деген сүйіспеншілік адамды алға жетелеп отырады.
Расында, сонау ел басына күн туған зар заманда ата-бабаларымыз туған жердің топырағын бір иіскеу үшін айшылық жерден ат арытып келген. Әйгілі Бейбарыс бабамыз шетте жүріп, туған елін сағынған шағында әрдайым туған елден алдырған жусанды искеп, туған жерге деген сағынышын басқан екен. Сондықтан, әрбір азамат қайда жүрсе де жүрегінің түбінде туған жерге деген құрметін сақтау керек.
Тәуелсіздік жылдарында елге оралған қандастарымыздың атажұртқа қайта оралып, туған жерге ту тігуі елге, жерге деген зор махаббаттың белгісі. Біз алыстан ата жұртын аңсап келген ағайындарға зор құрметпен қарауымыз керек. Біз тәуелсіз Отанымыз Қазақстан деген елде бақытты өмір сүріп жатқан елміз.
Әлемде тәуелсіздікке қол жеткізу үшін ғасырлар бойы күресіп келе жатқан халықтар бар. Солардың көпшілігі үшін азаттық таңы қол жетпес үлкен арманға айналып отыр. Әрбір Қазақстан азаматы елдің игілігіне, бірлігіне қызмет етіп, тәуелсіз елдің азаматы екендігімізді зор мақтан тұтуымыз керек.
Қоршаған ортасына, ата-анасына, туған-туысына деген ыстық ықылас Отанға деген сүйіспеншілікке ұласса, ол адамның рухани деңгейінің биіктігі. Ұлтымыздың әйгілі шешені Қазыбек би:
«Алтын ұяң – Отан қымбат,
Туып өскен елің қымбат.
Кіндік кескен жерің қымбат»,-деп туған жердің қасиетін ерекше бағалаған.
Бауыржан Момышұлы: «Опасызда – Отан жоқ» деген екен. Отанын, салт-дәстүрін, ұлттық құндылықтарын тәрк етіп, басқаның жетегінде кетіп жатқан жастарымыз да кездеседі. Біздің ортамызға от тастап, бірлігіміздің шырқын бұзуға тырысатын сырт күштер бар екендігін ұмытпағанымыз жөн. Қазақ дінге, тілге бөлінбеу керек. Бұл баяғыдан келе жатқан «Бөліп ал да, билей бер» деген шеттен келген басқыншылардың тәсілі. «Біріңді қазақ бірің дос,көрмесең істің бәрі бос»,- деп айтқан хакім Абайдың даналығын бүкіл қазақ ту етіп ұстағаны абзал.
Дәстүрлі Ислам дінініде туған жерді, Отанды ардақтауға шақырады. Адамзаттың ардақтысы Пайғамбар Мұхаммед (с.а.с.): «Отанды сүю – иманнан»,-деп бекер айтпаған.
Отанға, туған жерге деген құрмет отбасынан бастау алады. Пайғамбар Мұхаммед (с.а.с.) тағы бір хадисінде: «Басшы еліне, отағасы жанұясына, малшы малына жауапты. Әркім өз қарамағындағылардан сұраққа тартылады»,-деп ата-ананың ұрпақ алдындағы міндетін айрықша айқындап айтқан.
Қазіргі таңда туған ауылға, жерге көмек көрсету үрдісі бүгінде қанатын кеңге жайып келеді. Әсіресе, бұрын мектеп бітірген жастардың өздерінің 10, 20 жылдық кездесулері кезінде туған ауылдарына, білім алған мектептеріне материалдық көмек ұсынуы көңілге қуаныш ұялатады. Алдағы уақыттарда осындай елге көмегі бар шаралар көптеп атқарылатынына сеніміміз мол.
Сондықтан әрқайсымыз Отанмызды ардақ тұтып, оның тарихын жете білуіміз керек. Және де жас ұрпақтың бойына ел тарихын, шежіресін сіңіру аға ұрпақтың басты міндеттерінің бірі болып табылады.
Қорыта айтқанда Отанымыз Қазақстан Елін жарқын болашаққа бастап, әрдайым береке-бірліктің ордасы болуы үшін аянбай тер төгу сіз бен біздің яғни жастардың еншісінде. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
Түркістан облысының дін істері басқармасы«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің
Мақтаарал ауданындағы дінтанушы маманы Д. Аманов
Туған жердей – жер болмас