Туған жер – ұлы бабалар аманаты
Туған жер – ұлы бабалар аманаты
30.12.2020
18370
0

Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қадам басқан қасиетті мекені, талай жанның өмірбақи тұратын өлкесі. Қайда жүрсек те кіндік қанымыз тамған жерді ұмытуымыз мүмкін емес.

 Әрбір адамның табан тірер туған жері болады. Туған елге, жерге деген сүйіспеншілік адамды алға жетелеп отырады. Дана халқымыз: «Өз үйім, өлен төсегім», - деп бекер айтпаған ғой.

Расында, сонау ел басына күн туған зар заманда ата-бабаларымыз туған жердің топырағын бір иіскеу үшін айшылық жерден ат терлетіп келген. Әйгілі Бейбарыс бабамыз шетте жүріп, туған елін сағынған шағында әрдайым туған елден алдырған жусанды искеп, туған жерге деген сағынышын басқан екен. Сондықтан, әрбір азамат қайда жүрсе де жүрегінің түбінде туған жерге деген құрметін сақтау керек.

Тәуелсіздік жылдарында елге оралған қандастарымыздың атажұртқа қайта оралып, туған жерге ту тігуі елге, жерге деген зор махаббаттың белгісі. Біз алыстан ата жұртын аңсап келген ағайындарға зор құрметпен қарауымыз керек. Біз – тәуелсіз Қазақстанда бақытты өмір сүріп жатқан елміз. Алланың нұрына бөленген бақытты халықтардың біріміз. Әлемде тәуелсіздікке қол жеткізу үшін  ғасырлар бойы күресіп келе жатқан халықтар бар. Солардың көпшілігі үшін азаттық таңы қол жетпес үлкен арманға айналып отыр. Әрбір Қазақстан азаматы елдің игілігіне, бірлігіне қызмет етіп, тәуелсіз елдің азаматы екендігімізді зор мақтан тұтуымыз керек.

Ұлтымыздың әйгілі шешені  Қазыбек би: «Алтын ұяң – Отан қымбат... Туып өскен елің қымбат, кіндік кескен жерің қымбат», - деп туған жердің қасиетін ерекше бағалаған.

Сондықтан әрқайсымыз Отанмызды ардақ тұтып, оның тарихын жете білуіміз керек және де жас ұрпақтың бойына ел тарихын, шежіресін сіңіру аға ұрпақтың басты міндеттерінің бірі болып табылады.

Несін жасырамыз, әлі де болса арамызда жеті атасын білмейтін егде  адамдар бар. Шежіре білу рушылдық емес, тектілік болып табылады. «Жеті атасын білген жеті рудың қамын жер», - деп ата-бабаларымыз бекер айтпаған ғой.

Бауыржан Момышұлы: «Опасызда - Отан жоқ», - деген екен. Отанын, салт-дәстүрін, ұлттық құндылықтарын тәрк етіп, басқаның жетегінде кетіп жатқан жастарымыз да  кездеседі. Біздің ортамызға от тастап, бірлігіміздің шырқын бұзуға тырысатын сыртқы күштер бар екендігін ұмытпағанымыз жөн. Қазақ дінге, тілге бөлінбеу керек. Бұл баяғыдан келе жатқан «Бөліп ал да, билей бер» деген шеттен келген басқыншылардың  тәсілі. «Біріңді қазақ бірің дос,көрмесең істің бәрі бос», - деп айтқан хакім Абайдың даналығын  бүкіл қазақ ту етіп ұстағаны абзал.

Ата-бабамыздан келе жатқан дәстүрлі Ислам діні де, Отанды ардақтауға шақырады. Адамзаттың ардақтысы Пайғамбарымыз Мұхеммед Мұстафа (с.а.с.):«Отанды сүю – иманнан», - деп бекер айтпаған.

Төл дініміз, Ислам  бес нәрсені – Отанды, дініңді, ар-намысыңды, жаныңды, дүниеңді көздің қарашығындай сақтауға шақырады. Отанға, туған   жерге деген құрмет отбасынан бастау алады. Алла Елшісі бір хадисінде:

«Басшы еліне, отағасы жанұясына, малшы малына жауапты. Әркім өз қарамағындағылардан сұраққа тартылады», - деп ата-ананың ұрпақ алдындағы міндетін айрықша айқындап айтқан. 

Өкінішке орай, біздің ата-аналар жұмысбастылықты сылтау етіп, бала тәрбиесін уысынан шығарып алды.  Қазір немересіне ертегі айтатын әже, ел шежіресін баласына жаттатын ата некен-саяқ кездеседі.

Тарихқа барлап отырсақ, Алла берген дәулетін ел игілігіне жаратып, ел жадында мәңгі қалған тұлғаларымыз баршылық. Мысалы, 1836 жылы Семей шаһарында өз қаржысымен мешіт салдырған Тыныбай Кәукенұлының есімін әлі күнге дейін  Семей халқы зор құрметпен  еске алады. Атымтай жомарттың салдырған мешіті екі ғасырға жуық ел игілігіне жұмыс істеп тұр. Бүгінде Тыныбай мешіті еліміздегі көне ғибадатханалардың бірі болып саналады. Сонымен қатар, Семей қаласында ХІХ ғасырдың ортасында мұсылман көпестері салдырған бірнеше мешіт әлі күнге дейін жамағаттарға тұрақты қызмет көрсетіп келеді.

Пайғамбарымыз айтады: «Адам өлген соң оның үш амалынан басқасы тоқтатылады. Олар жүріп тұратын садақасы (жол, мектеп, мешіт, көпір салу) пайдалы білім және өзіне дұға ететін салиқалы ұрпақ», - деген. Ұлағатты хадисін әрдайым өмірлік ұстанымға айналдырған екен.

Туған ауылға, жерге көмек көрсету үрдісі бүгінде қанатын кеңге жайып келеді. Әсіресе, бұрын мектеп бітірген жастардың өздерінің 10, 20 жылдық кездесулері кезінде туған ауылдарына, білім алған мектептеріне  материалдық көмек ұсынуы көңілге қуаныш ұялатады. Бұл да ел азаматтарының Отанына, жеріне деген махаббаты деуге болады. Алдағы уақыттарда осындай елге көмегі бар шаралар көптеп атқарылатынына сеніміміз мол.

Отанды қорғау әрбір азаматтың борышы. Пайғамбарымыз бір хадисінде: «Шекараны және Отанды қорғау үшін бір күн, бір түн күзету бір ай нәпіл ораза ұстап, түнде нәпіл  намаз оқудан қайырлы», - деген екен.

 Тарихымызға көз салсақ, осындай ұлан-ғайыр кең дала ата-бабаларымыздың  асқан ерлігімен, қанымен жеткен. Отан тарихындағы Абылай хан, Хан батыр  Қабанбай,  қанжығалы Бөгенбай, Райымбек, Шыңқожа, Боранбай сынды тағы басқа елге қорған болған алып тұлғаларымыздың есімін жас ұрпақ ортасына кеңінен насихаттау керек. Бұл шара отбасында, мектепте, БАҚ-да кеңінен үлкен өріс алса, өкінішке орай, елге тұлға болған, ұлт азаттығы үшін жанын пида еткен даңқты бабаларымыздың есімі тек белгілі мерейтойларда ғана айтылады. Неге қазақтың әйгілі қолбасшылары туралы көркем кинолар түсірмеске? Бұл тақырыптардың  бүгінде біз үшін тәрбиелік мәні зор.

Сөзімізді түйіндей келе, туған елдің мәдениеті – оның бірегей болмысының, табиғатпен үндес төл танымының жемісі. Ұлан байтақ өлкені мекендеп, ат үстінде күн кешкен халықтар туған жердің әр пұшпағы үшін жанқиярлықпен күресіп, батырлық рухын бүгінгі ұрпаққа мұра етіп қалдырды. Бабадан мирас болып қалған бұл құндылықты дәріптеу жас буынды отансүйгіштікке баулудың бірегей құралы деп білеміз.

 

Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

Мақтаарал ауданындағы дінтанушы маман                                         Д.Аманов

0 пікір