Қоғамның дамуы мен өркендеуінде ұлтаралық және конфессияаралық толеранттылық пен келісім қашанда маңызды екені бәрімізге мәлім. Тәуелсіз еліміз Қазақстанда 130-ға жуық ұлттың, түрлі дінді ұстанатын халықтардың өкілдері тату-тәтті өмір сүруде. Елімізде ізгілік пен татулықтың факторы болып табылатын діни толеранттылық қағидаттарын одан әрі нығайту мен дамытуға ерекше көңіл бөлінуде.
Әртүрлі діни наным-сенімдегі адамдардың бір жерде, бір елде, ұлы идея мен таза ниет жолында бірге өмір сүруі діни толеранттылықтың жарқын үлгісі.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін барлық ислам құндылықтары – мешіттер мен медреселер, қасиетті орындар, сирек кездесетін тарихи дереккөздер, көне жәдігерлер елге қайтарылды. Елімізде тұрып жатқан және жұмыс істейтін мұсылмандардың, сондай-ақ өзге дін өкілдерінің көп бөлігінің аман-есен намаз оқып, діни білім алуына барлық жағдай жасалған.
Ежелден халқымызға тән діни толеранттылық біз үшін дәстүр. Діни толеранттылық әрқашан діни дұшпандыққа қарсы қалқан ретінде қызмет етті. Ол әртүрлі конфессиялардың бір уақытта, бір кеңістікте қатар өмір сүруіне, олардың арасындағы ынтымақтастық пен келісімнің дамуына жол ашты. Бұл өз кезегінде елдің тыныштығы мен дамуына, жалпы адамзаттық өркениет пен руханияттың дамуына ықпал етті.
Дін – саналы адамдарды, өз еркі және қалауымен қайырлы, игі істерге жетелейтін құдіретті күшті Жаратушының заңы. Дін – тәрбие, бақытқа жетелейтін, Иман мен Хақ заңдарын қамтитын тура жол. Дін – сүйіспеншілік, құрмет. Дін – сенім, ғибадат, дұға. Дін – адамзат, отбасы, қоғамды дамытып, үйлестіруші күш.
Татулық бар жерде береке жүретінін тарих әлдеқашан дәлелдеген. Осы орайда татулық, достық, жақсылық, ізгілік, мейірімділік сынды ізгі қасиеттерді ұлықтауда «Біз – бір елміз, біртұтас халықпыз» деп айту әбден орынды.
Соның ішінде діни татулық пен келісім – халықтың бірлігі мен елдің тұрақтылығының кепілі. Діндераралық түсіністік, сыйластық – уақыт талабы екендігі мәлім. Тарих деректеріне көз жүгіртсек, Қазақ елі әрқашанда түрлі халықтардың діни дәстүрлерінің, мәдениеттері мен өркениеттерінің тоғысатын мекені болып, әлі күні бүгінге дейін солай жалғасын тауып келеді.
Қазақстанда әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съездерін өткізу – ғаламдық және аймақтық қауіпсіздікті нығайту мен әлемдік татулықты күшейтуге қосқан үлкен үлесі.
Жаһандану заманында халықтардың тату-тәтті ынтымақ-бірлікте ғұмыр кешудің басты жолы өзара құрмет пен сыйластық. Ал, өзара сүйіспеншілікте болудың жолы жақын танысуда жатыр. Сондықтан мұны жүзеге асыру наным-сенімі әртүрлі адам баласын өз ерекшелігімен, өз дүниетанымымен қабылдай отырып пікірлесуде.
Республикамызда исламмен қатар басқа да діни конфессиялар еркін әрекет етуде. Ата заңымыз адамдарды ұлтына, нәсіліне және дініне қарамастан барлық азаматтардың тең құқықтарына кепілдік береді.
Қазақстанның дәстүрлі діни толеранттылық елі екенін және оның ислам ғылымы мен мәдениетіне қосқан зор үлесін мойындау керек. Олай болса, жүрегінде дұшпандығы жоқ, қоғамға қолы мен тілімен зияны тимейтін адамдармен жақсы қарым-қатынаста болу, дүние істерінде олармен ынтымақтасу, зұлымдық жасау жолында мүлдем ынтымақтаспау – дәстүрлі ислам дінінің талабы. Өйткені, Алла мұны рақым етіп, былай дейді: «...Жақсылық пен тақуалықта серіктес болыңдар, күнә мен дұшпандықта бірікпеңдер! Алладан қорқыңдар! Расында Алланың жазасы қатты» («Мәида» сүресі, 2-аят) - делінген.
Исламның мәңгілік негізі – қасиетті Құран Кәрім және Пайғамбар Мұхаммедтің (с.а.с.) өшпес өсиеттері қоғамдағы барша адамдармен қарым-қатынаста көршілестік пен төзімділікті уағыздаған. Хазіреті Расул (с.а.с.) хадистерінің бірінде бөтен болған көршіге жақсылық пен сыпайылық жасау бұйырылған.
Сондықтан да мұсылман елдеріндегі басқа діндер мен діни сенім бостандығына қатысты Құран Кәрім негізгі дереккөз қызметін атқарды.
Қорыта айтарымыз, демек ислам дінінің басқа діни нанымдағы адамдарға адамгершілікті және әділетті екенін осыдан-ақ, жоғарыдағы айтылған мәселелерден аңғарамыз.
Исламның тағылымдарында діни толеранттылыққа ерекше мән берілгенін көреміз. Діни төзімділік қағидалары өмірде өз түсінігін тапқан сол қоғамда өзара сыйластық пен шынайылық орнап, барша халық тату-тәтті өмір сүруде. Бейбітшіліксіз даму мен өркендеу болмайтыны сияқты, діни толеранттылықсыз бейбітшілік тұрақты болмайды.
Ал, діни толеранттылық дегеніміз – әртүрлі діни наным-сенімдегі адамдардың игі идея мен ізгі ниет жолында әріптес болып, тату-тәтті өмір сүріп, адамзат қоғамының дамуына қызмет ету. Қазіргі таңда бұл идея тек діндарлардың ғана емес, барлық қоғам мүшелерінің ізгілік жолындағы ынтымақтастығын меңзеп отыр. Діни төзімділік – бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтудың, азат және гүлденген Отанды құрудың маңызды шарты.
Д. Аманов
Түркістан облысының дін істері басқармасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің
Мақтаарал ауданындағы дінтанушы маманы
Толеранттылық – татулықтың көрінісі
