Толеранттылық – бейбіт қоғамның негізі
Толеранттылық – бейбіт қоғамның негізі
05.11.2025
342
0

Бейбітшілік пен келісім – әрбір елдің ең қымбат құндылығы. Қоғамның тыныштығы мен тұрақтылығы адамдардың бір-біріне құрметпен қарауы мен түсіністік танытуына тікелей байланысты. Осындай өзара сыйластық пен сабырлылықтың негізінде қалыптасатын қасиетті ұғым – толеранттылық. Бұл ұғым қазіргі Қазақстан қоғамы үшін ерекше мәнге ие. Себебі елімізде әртүрлі ұлт пен дін өкілдері бір шаңырақ астында татулықта өмір сүріп келеді. Осы үйлесімділіктің сақталуы мен нығаюы – толеранттылық мәдениетінің нақты көрінісі.

«Толеранттылық» сөзі латын тілінен аударғанда «шыдамдылық, төзімділік» деген мағынаны білдіреді. Бұл – өзгелердің көзқарасын, сенімін, дәстүрін құрметтеу, өз пікіріңді ұстанғанмен, өзгенің дүниетанымына құрметпен қарау қабілеті. Толеранттылық – қоғамдағы бейбіт өмір мен тұрақтылықты қамтамасыз ететін басты адамгершілік құндылықтың бірі.

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдарда этносаралық және конфессияаралық келісімді нығайтуды мемлекеттік саясаттың маңызды бағытына айналдырды. Бүгінде елімізде 130-дан астам этнос пен 18 діни конфессия өкілдері тату-тәтті өмір сүріп келеді. Бұл – мемлекеттің зайырлылық қағидаттарын берік ұстануы мен өзара құрметке негізделген саясатының жемісі. Толеранттылықты сақтау мен дамыту ісінде жастардың рөлі ерекше. Себебі қазіргі буын – ертеңгі қоғамның бейнесі. Жастар арасында өзара құрмет, мейірім мен түсіністік мәдениетін қалыптастыру – рухани қауіпсіздіктің басты тетігі. Білім беру мекемелерінде, жастар ұйымдарында, мешіттер мен қоғамдық орталықтарда ағартушылық іс-шаралар жүргізілуі осы мақсатқа қызмет етеді.  Төзімділік пен келісім бар жерде шығармашылық, ынтымақ және даму бар. Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметі – осы толеранттылық мәдениетінің нақты көрінісі. Ассамблея этносаралық және дінаралық келісімді нығайтуда ерекше миссия атқарып келеді.

Татулық – адам мен қоғамның ең асыл қасиеттерінің бірі. Адамзат тарихына көз жүгіртсек, елдің қуаты да, берекесі де – бірлікте екенін көреміз. Қазақ халқы ежелден «Бірлік бар жерде тірлік бар», «Татулық – байлық» деп, ынтымақ пен достықты ту еткен.

Қоғамдағы татулық – жай ғана сөз емес, ол өзара түсіністік, сабыр және сыйластықтың көрінісі. Әрбір адамның ішкі мәдениеті мен рухани деңгейі оның өзгелерге деген қарым-қатынасынан байқалады. Татулықтың тамыры отбасынан басталып, ауыл мен қала, ел мен мемлекет деңгейінде жалғасады.

Дін тұрғысынан да алатын болсақ, толеранттылық – сабырлылықтың және әділдіктің көрінісі.

Ислам діні адамды өзгелерге құрметпен қарауға, әділ болуға, ешкімге зұлымдық жасамауға шақырады.Пайғамбарымыз Мұхаммед ﷺ (с.а.с) түрлі дін өкілдеріне әділдікпен қарап, ешкімге сенімі үшін қиянат жасамаған. Ол өз қоғамында мұсылман, христиан, иудей сияқты қауымдардың тату өмір сүруіне жағдай жасаған.

Діни толеранттылық – бұл тек сабыр мен шыдам емес, ол – адамгершілік пен имандылықтың көрінісі.

Әр дін – адамзатты ізгілікке шақырады. Сондықтан өзге сенім иелеріне құрметпен қарап, ортақ құндылық – бейбіт өмірді сақтау – әрбір азаматтың міндеті.

Қорыта айтқанда, толеранттылық – жай ғана төзімділік емес, ол – бейбітшілік пен тұрақтылыққа бастайтын өмір салты. Әр азамат толеранттылық қағидаттарын ұстана отырып, қоғамның рухани келісіміне, елдің өркендеуіне өз үлесін қосуы тиіс. Бейбіт өмір мен өзара сыйластық – мемлекет дамуының ең берік іргетасы.

 

Қ.Мырзабай

 

Түркістан облысының дін істері басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы»

КММ-нің  теолог маманы                                                         

0 пікір