Адамның ішкі дүниесі мен рухани деңгейі ең алдымен оның сөзінен аңғарылады. «Тіл тәрбиесі – иман айнасы» деген ұлағатты ойдың астарында терең мән жатыр. Себебі тіл – жүректің тәржімашысы. Жүрек таза болса, сөз де таза; ниет дұрыс болса, тіл де көркем сөйлейді. Қазақ халқы сөз қадірін ежелден жоғары бағалаған. «Өнер алды – қызыл тіл» деп, тілді тек қарым-қатынас құралы емес, тәрбие мен парасаттың өлшемі санаған. Ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлы: «Сөз түзелді, тыңдаушы сен де түзел» деп, сөз мәдениетінің қоғам түзелуіне әсер ететінін айтқан. Ал Ахмет Байтұрсынұлы тілді ұлттың жаны деп бағалап, оның тазалығы мен дамуына бар ғұмырын арнады. Бұл – тілдің тек қатынас құралы емес, рухани құндылық дәлелі.
Иман – адамның Аллаға деген сенімі ғана емес, мінез-құлқы, әдебі, кісілік қасиеті. Дінде де тілге ерекше мән берілген. Мұхаммед пайғамбар (с.а.с.): «Кім де-кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірсе, жақсы сөз айтсын немесе үндемесін» деген. Бұл хадис әрбір мұсылманның сөзіне жауапты екенін білдіреді. Өтірік айту, ғайбат сөйлеу, балағаттау – иман әлсіздігінің белгісі. Ал шындықты айту, жақсы сөзбен жұбату, жылы сөйлеу – имандылықтың көрінісі. Қазіргі қоғамда тіл мәдениетінің төмендеуі – алаңдатарлық мәселе. Әлеуметтік желілерде орынсыз пікір жазу, бір-бірін тілдеу, дөрекі сөйлеу көбейіп барады. Мұндай әрекеттер адамның ішкі мәдениеті мен рухани деңгейін көрсетеді. Сондықтан, әрбір адам алдымен өз сөзін тәрбиелеуі керек. Тілді тәрбиелеу – өзіңді тәрбиелеу.
Тіл тәрбиесі отбасынан басталады. Ата-ана баласына кішкентайынан сыпайы сөйлеуді, үлкенді құрметтеп, кішіні ізеттеуді үйретуі тиіс. Мектепте ұстаздар оқушыларға тек білім беріп қана қоймай, сөз мәдениетін қалыптастыруға көңіл бөлуі қажет. Себебі көркем әрі мәдениетті сөйлеу – тұлғаның айнасы. Иман – жүректегі сенім, ал тіл – сол сенімнің сыртқа шығатын үні. Жүректе иман нық болса, тілден шыққан сөз де ізгі болады. Қазақ даналығы: «Жақсы сөз – жарым ырыс» деп, сөздің адам өміріндегі орнын айқындап берген. Жылы сөз – жанды жадыратады, үміт сыйлайды, көңілді көтереді. Ал жаман сөз – керісінше жүректі жаралап, араға сызат түсіреді.
Ұлы ақын Абай Құнанбайұлы қара сөздерінде адам баласын ар-ұятты сақтауға, бос сөзден қашуға шақырады. Ол: «Пайда ойлама, ар ойла» деп, әр істің, әр сөздің түбінде жауапкершілік бар екенін ескертеді. Тілге ие болу – нәпсіге ие болу деген сөз. Себебі ашумен айтылған бір ауыз сөз талай достықты бұзып, талай жүректі ауыртуы мүмкін. Ислам тағылымында да тіл мәселесіне ерекше назар аударылады. Мұхаммед пайғамбар (с.а.с.) адамның ең көп қателік жасайтын мүшесі – тілі екенін ескерткен. Өтірік, өсек, ғайбат, балағат сөздер иманды әлсіретеді. Ал шыншылдық, сабырлы сөйлеу, кешірім сұрау мен алғыс айту – иманның кемелдігін көрсетеді. Тіл тәрбиесі отбасында қаланады. Әкенің өнегелі сөзі, ананың мейірімді үні баланың санасына із қалдырады. Мектеп пен қоғам да бұл іске жауапты. Әдепті сөйлеу, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету – тіл мәдениетінің негізі. Қазіргі заманда сөздің құны кейде арзандап кеткендей көрінеді. Әлеуметтік желідегі дөрекі пікірлер, бір-бірін құрметтемеу – тіл тәрбиесінің әлсіреуінен. Мұндай жағдайда әр адам өзінен бастауы тиіс. Әр жазған пікіріміз бен айтқан сөзімізді ой сүзгісінен өткізу – имандылықтың белгісі.
Қорыта айтқанда, тіл – жүректің айнасы, ал жүрек – иманның ордасы. Тілімізді таза ұстап, сөзімізді саралап сөйлесек, қоғам да ізгілене түседі. Әр адам өз сөзінің иесі екенін ұмытпай, тілін тәрбиелей білсе, оның иманы да, адамгершілігі де биік болмақ. Адамның ішкі дүниесінің көрінісі. Әр сөзімізді ойланып айтып, жүрек сүзгісінен өткізу – нағыз парасаттылық. Тілімізді тәрбиелеу арқылы біз рухымызды да тәрбиелейміз. Сөзі түзелгеннің – өзі түзеледі. Сондықтан әрқайсымыз сөзімізге сақ болып, тілімізді иманымыздың айнасы ете білейік.
Ғ.Өгембай
Түркістан облысы дін істері басқармасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ
теолог маманы
Тіл тәрбиесі – иман айнасы

+7 (72533) 3 51 24
csi_uko_kz@mail.ru