Тәуелсіз елдің тұғыры – Ата заң
Тәуелсіз елдің тұғыры – Ата заң
31.08.2023
1418
0

Биыл ел тарихында елеулі орын алған, жарқын болашаққа бастау болған Ата Заңымыз – Қазақстан Республикасының Конституциясына 28 жыл. Бабаларымыз ғасырлар бойы армандаған азаттықтың ақ таңы атып, егемен ел болдық. Тәуелсіз мемлекетке айналдық. Конституция еліміздің экономикалық, әлеуметтік және мәдени, рухани ахуалы мен халық игілігі үшін қарқынды дамуына қажетті жағдайларды айқындап берді. Негізгі Заңда қоғамның ең жоғарғы құндылығы – адам, оның өмір құқықтары мен бостандықтары деп көрсетілген.

 Ата Заңның мақсаты – адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары болып табылатын Қазақстан Республикасының ең жоғары құндылықтарын қамтамасыз ету және қорғау. Конституция – Қазақстан халқын біріктіруші үлкен күш. Өйткені, дәл осы Ата заңның алғашқы сөйлемінде: «Бiз, ортақ тарихи тағдыр бiрiктiрген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерiнде мемлекеттiлiк құра отырып, өзiмiздi еркiндiк, теңдiк және татулық мұраттарына берiлген бейбiтшiл азаматтық қоғам деп ұғына отырып, дүниежүзiлiк қоғамдастықта лайықты орын алуды тілей отырып», - деген сөздер мемлекеттік биліктің бірден-бір қайнар көзі – халық екенін көрсетеді.

Құқықтар мен бостандықтарды абсолютті деп тану олардың республика азаматтығына қатыстылығына қарамастан, Қазақстан Республикасының аумағындағы әрбір адамға таралуын білдіреді. Конституция «Қазақстан Республикасының азаматы», «әрқайсысы», «барлығы», «шетелдіктер» және «азаматтығы жоқ адамдар» терминдерін қолдана отырып, жеке тұлғаның құқықтық мәртебесін саралайды. Бұл ретте Конституцияның мәтінінде «әрқайсысы» және «барлығы» туралы айтылса, онда республика азаматтары да, республика азаматтығына ие емес адамдар да айтылатынын түсіну керек.

Қазақстан Республикасының бірінші Конституциясы 1993 жылы 28 қаңтарда еліміздің бас өкілетті органы - Жоғарғы Кеңеспен қабылданды. 4 бөлім, 21 тарау, 131 баптан құралған. Негізгі заң Тәуелсіздік құндылықтарын қалыптастыруға мүмкіндік беріп, еліміздің демократиялық, парламенттік республика екенін айшықтады. Қазіргі Конституция 1995 жылдың 30 тамызында қабылданды. Бұл күн тәуелсіз Қазақстанның тарихына еніп, мемлекеттік мерекеге айналды. 1995 жылдан бастап Қазақстан азаматтары жыл сайын 30 тамызда Қазақстан Конституциясы күнін атап өтеді.

1995 жылғы 30 тамызда республикалық референдум барысында азаматтардың 89,14% Конституцияны қабылдауға дауыс беріп, Ата заңымыз шын мәнінде «Халықтық Конституция» деген атқа ие болды. Қазақстан республикасының 1995 жылғы Конституциясы 9 бөлімнен, 98 баптан тұрады.

Айта кету керек, Конституция – қоғам мен мемлекеттің ұзақ мер­зімге арналған бағыт-мақ­сат­тарын және оларға жету жолдарын айқындайтын құжат. Оның әлеуеті жылдар, онжылдықтар ғана емес, тіпті ғасырлар талаптарына жауап беруге қауқарлы. Қажетті эко­номикалық, саяси, мәдени және басқа да жағдайлардың пі­сіп-жетілуіне байланысты конс­ти­туциялық нормалардың мазмұны заң шығармашылық және құқық қол­дану сипатындағы қосымша шаралармен күшейтіліп отыруға тиіс.

Конституцияда бекітілген құқықтық нормалар 1998 жылы саяси жүйенің жаңғыртылуы жолындағы маңызды бір қадам болып есептелетін жаңа түзетулердің енгізілуіне мүмкіндік берді. 1998 жылы 7 қазанда бірінші шақырылымдағы Қазақстан Республикасы Парламенті Палаталарының біріккен отырысында Қазақстан Президенті «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасын оқыды. Конституцияға өзгерістер енгізу 2007 жылы да жалғасты. Президенттің бұл шешімі 2007 жылы 16 мамырда Қазақстан Республикасы Парламенті Палаталарының біріккен отырысында оқылып, «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қабылданды.

Конституциялық құрылымды құлатуға үндейтін кереғар діни бағыттағы 24-ке жуық экстремистік не террористік діни бағыттағы ұйымдардың еліміздің жоғары соты шешімімен тыйым салынған. «Заң – адам өмірін реттейтін институт», – дейтін болсақ онда, осындай кереғар діни экстремистік не террористік бағыттағы кез-келген ұйымдарға ата-заңымызда көзделген баптар негізінде дер кезінде шектеу қою Президентіміз Қ.К.Тоқаев үндеген: «Жаңа Қазақстан», «Әділетті Қазақстандағы» заңның үстемдігі, еліміздің әрбір азаматының өмірі мен діни сенім бостандығын сақтап қалуды реттейтін құрал екендігі баршаға мәлім.

Өзіңізді не жақыныңызды күмәнді діни топтардың арбауынан сақтаудың бірден бір жолы  заң аясында жұмыс жүргізетін ҚР аумағында тіркелген діни бірлестіктердің сенімді дереккөздерінен ғана алуды сұраймыз.

А.Құрманбек 

Теолог маман                                                                    

0 пікір