Қазақ халқының даналығы ғасырлар бойы жинақталған өмірлік тәжірибеге негізделген. Сол бай қазынаның ішінде «Тәуекел түбі – жел қайық, өтесің де кетесің» деген мақал адам баласына сенім мен әрекеттің маңызын түсіндіреді. Бұл сөз тіркесі бір қарағанда қарапайым көрінгенімен, оның астарында терең өмірлік ұстаным жатыр. Адам өмірінде әрдайым белгісіздіктер мен қиындықтар кездеседі. Ондай сәттерде шешім қабылдау оңайға соқпайды. Осындайда тәуекел – адамның ішкі сенімі мен батылдығының көрінісі ретінде көмекке келеді.
Тәуекел – тек сәттілікке үміт арту емес, ол – ақылмен сараланған, әрекетпен бекітілген шешім. Бұл ұғым ислам дінімен де тығыз байланысты. Исламда «тәуекел» сөзі адамның өз ісін адал ниетпен бастап, барынша тырысып, нәтижесін Аллаға тапсыруын білдіреді. Қасиетті Құранда Алла Тағала былай дейді: «Егер мүмін болсаңдар, Аллаға тәуекел етіңдер» («Әли Имран» сүресі, 122-аят). Демек, шынайы сенім тек жүректе емес, әрекетте де көрініс табуы тиіс. Мұхаммед пайғамбардың (с.а.с.) өмірінен де мұндай тәуекел мысалдарын жиі кездестіреміз. Ол әрдайым ақылмен шешім қабылдап, нәтижесін Раббысына тапсыратын.
Қазақ дүниетанымында тәуекел ұғымы – ер адамның өр мінезімен, батырлық қасиеттерімен де байланысты. Ата-бабаларымыз қиын-қыстау замандарда, жорыққа аттанарда, жаңа іс бастағанда «тәуекел» деп жолға шыққан. Өйткені олар әрекетсіз үміттің баянсыз екенін жақсы түсінген. Жел қайық бейнесі осыны меңзейді: егер жел болмаса, қайық қозғалмайды. Ал жел бар кезде де, егер қайықты бағыттамасаң, ол қажетті межеге жете алмайды. Сол секілді адам да өмір желінде бағытсыз қалса, түбі беймәлім күй кешеді.
Тәуекел ету – қорқақтық емес. Керісінше, ол – ақылды шешімнің нәтижесі. Қазіргі заманда адамдар жоспар құрғанымен, кейде шешім қабылдаудан қашады. Өйткені қателік жасаудан қорқады. Дегенмен, ешкім де болашақты болжай алмайды. Мұндайда тәуекел адамның алға жылжуына жол ашады. Бұл ретте тағы бір қазақ мақалы еске түседі: «Тәуекел ет те тас жұт». Яғни, тәуекелсіз жетістік жоқ. Ол адамның бойындағы сенімді, күш-жігерді арттырады.
Сондай-ақ, тәуекел адамды сабыр мен төзімге тәрбиелейді. Себебі әрекет жасаған соң, нәтижені күтуде шыдам қажет болады. Көп жағдайда бұл үміттің, сенімнің сыналар тұсы. Ал мұсылман адам үшін бұл – Аллаға деген сенімнің көрінісі. Ол қандай жағдай болса да, сабырлы қалып сақтайды. Өйткені бар күшін салғанын, енді қалғанының Жаратушының қалауында екенін біледі.
Қазақ халқымыз да дәл осындай түсінікте өмір сүрген. Ұлы даланың әр бұрышында егін егіп, мал баққан халық ауа райына, табысқа, амандыққа байланысты үмітін Аллаға артқан. Бірақ ең алдымен әрекет етуді, еңбек етуді бірінші орынға қойған. Тек содан кейін ғана «тәуекел» деп, жүрегін тыныштандырған. Бұл – нағыз парасат пен сенімнің көрінісі.
Тәуекелге бел буу – жай ғана батылдық емес, ол – терең сенім мен саналы әрекеттің үйлесімі. Адам өз өмірінің тізгінін дұрыс бағытта ұстау үшін тәуекелге бел бууы керек. Әрине, әрбір іс ақылмен таразыланып, ниет адал болса ғана, тәуекел өз жемісін береді.
М.Серікұлы
Теолог маман